Ақтауға келген қоқиқаз
Ақтауға келген қоқиқаз
673
оқылды
Ақтауға жыл сайын екі жүзге жуық қоқиқаз ұшып келетін. Биыл бас-аяғы мыңға тарта қоқиқаз Каспийге қонды. Ақтау қаласы маңын­дағы Қа­ра­көл – олардың жыл сайын тұрақтай­тын мекені. Бұл аймақ об­лыстағы табиғат қорғау инс­пекторларының жіті бақы­лауын­да. Қоқиқаздар Қара­көлде бір тынығып алады да, әрі қарай Маңғыс­тау­дан да ыстық Иран, Түркіменстан, Пә­­­кістан жаққа қарай ұшып кетеді. Қоқиқазды қазақ жырға қос­паса да, өзге ұлттар оны сұ­лу­­­лықтың символына теңей­ді. Ертегі құсы, лирика құсы де­­ген атаулары да бар. Ұшып бара жатқан кезде қоқиқаздың қа­­наты лапылдап жанған отқа ұқсас болғандықтан, оларды кей­бір халықтар «от немесе жа­­лын құс» деп атайды екен. Дене бітімі ерекше, тұм­сы­­ғы имек болып келеді. Тұм­сы­­ғы орта тұсынан бірден тө­­мен қарап иіліп, қоқиып тұ­­­ра­­тындықтан «қоқиқаз» деп ата­ған. Аймақ экологы Әділбек Қозы­­­бақовтың айтуынша, соң­ғы үш жылда 1 000-4 000-ға жуық қоқиқаз тұрақты түр­де Қара­­көл қорығына қонақ­тай­ды. – Еліміздегі «Қорғалжын» қо­рығындағы «Қорғалжын» көл­дер жүйесіндегі сулы бат­­пақтар алқаптарында 20 мың­дай қоқиқаз ұялайды. Олар жаз­да сол жерде болып, ба­ла­­пан басып шығарады да, күз­­­де олардың бір бөлігі оң­түс­­тікке қарай ұшқанда, Қара­көл­ге және Каспий теңізінің Түп­қараған елді мекені аума­ғын­дағы «Тюленьи» аралына келеді. Тюленьи аралында мұз қатса, Қаракөлге келеді. Се­бе­бі Қаракөлде су жылы, сон­дық­тан қатты суықта Қара­көл­де болады. Осылайша, екі ортада жүреді. Наурыз, сәуір айла­рында ұшып кетеді. Ал Түр­кіменстан, Иран жаққа қарай ұшып бара жатқан қоқи­қаз­дар көп аялдамастан екі-үш күн­нен екі-үш аптаға дейін де­ма­ла­ды, – дейді «Табиғи орта» Ба­тыс Қазақстан үкі­мет­тік емес ұйымдар өңірлік ассо­циа­­циясының кеңес төрағасы Әділ­бек Қозыбақов. Жергілікті халық қоқиқаз кө­руге Қаракөлге келіп тұра­ды. Әсіресе, олардың топ боп жүр­гендегі әдемі қызғылт пішін беретін түсі мен ұшқан кез­де қа­нат асты қою қызылға боя­ла­тыны табиғаттың сұлу жара­ты­лысына куә болады.   Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы