Маңғыстаудың туристік әлеуеті артып келеді
Маңғыстаудың туристік әлеуеті артып келеді
1,234
оқылды
Бүгінде маңғаз Маңғыстау еліміз үшін ғана емес, шетелдік туристер арнайы іздеп келетін аймаққа айнал­ды. Өңірде туризмді дамыту – эко­номиканың басым бағыттары­ның бірі. 2020 жылы Ақтау қаласы мен Каспий жағалауындағы Құрық пор­тына дейінгі аумақта теңіз курорты мен жағажай туризмін өр­кен­дету өңірді дамытудың басым бағыты ретінде айқындалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Туризм индустриясының салмақты мультипликативтік динамикасын ескере отырып, біз кәсіпкерлерді Қазақстанның барлық рекреациялық аумағында қонақ­үйлер мен тамақтану пункттерін салуға барынша тартуымыз қажет», – деп атап өткен болатын. Осы орайда Маңғыстауда Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бірқатар ірі жоба іске асырылды. Былтыр «Жылы жағажай» ауданының инженерлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстардың бірінші кезеңі аяқталды. Құрылыстың жалпы сомасы 17 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 31 шақырым жол, 10,5 шақырым электр, 58 шақырым газ және 56 шақырым су құбы­ры желілері салынды. 2020 жылдың шілде­сінде Rixos Water World Aktau көпфунк­ционал­ды туристік-қонақүй кешені жобасының бірінші кезеңі іске қосылып, «Лагуна» аквапаркі пайдалануға берілді. Үкімет қолдауымен курорттық аймақты дамытудың инженерлік-көліктік инфра­құрылымының екінші кезеңін дамыту бойынша тиісті жұмыстар жүр­гізіліп жатыр. Осының нәтижесінде кәсіп­кер­лерге туристік бастамаларын жү­зеге асыруға жол ашылды. Облыста тұрғындар мен туристерге қызмет көрсету сапасын жақсарту мақ­сатында туристік нысандарға апаратын бағытта 12 санитарлық-гигиеналық торап орнатылды. Сонымен қатар бірегей бренд-бук, логотип әзірленді. visitmangystau.kz сайты іске қосылып, қалаішілік автобустар мен аялдамалар бірдей стильде безендірілді. Сондай-ақ туристерге арналған арнайы жолсілтеме, карта дайындалды. 2021 жылы «жылы жағажай» аумағында еліміздегі алғашқы біріккен тақырыптық саябақ пен Tetysblu аквапаркі қолдануға берілді. Ақтаудан жиырма шақырым жерде орналасқан саябақтың Орталық Азияда баламасы жоқ. Мұнда blupower, Watermania, Snorri аттракциондары мен 30-дан астам ерекше аттракцион және аквапарк бар. Каспий теңізінің жағалауында қазір төрт балалар­ды сауықтыру лагері, 14 демалыс базасы мен жеті жеке жағажай аймағы жұмыс істейді. Ашық аспан астындағы мұражай Бірнеше жыл бұрын облыс еліміздің әлеуеті зор он туристік аймағының қатарына кірді. 362 әулие мекен еткен киелі Маңғыстау аймағында экологиялық туризмді, киелі орындарды, мәдени туризмді дамыту басты назарда. Өйткені Маңғыстау халқымыз үшін ашық аспан астындағы мұражай іспетті. Оның ішінде Бекет ата, Шопан ата, Сұлтан епе, Шақпақ ата, Масат ата сияқты бірегей жерасты мешіттеріне келетін халық саны еш толастаған емес. Әлем саяхатшылары аймақтағы шатқалдар мен олардың таңғажайып ғарыштық пейзаждарын көру үшін сан мың шақырымды артта қал­дырады. Түбекте барлығы 11 мың тарихи-мәдени ескерткіш бар. Осы орайда жергі­лікті операторлар өңірде 161 туристік маршрут пен жолды бекітті. Облыс аумағында 120-дан астам турфирма жұмыс істейді, олардың жиырмасы туроператор­лар, қалғандары әуе және теміржол билеттерін сатумен айналысады. Ресми деректер бойынша, облыста бір шетелдік туристің шығыны орта есеппен 111 мың теңгені құрады. Ұлттық статистика бюро­сының ресми деректері бойынша, 2019 жылдан бастап биылғы маусымға дейін өңірде туристерге көрсетілген қызмет­тердің сомасы 20 млрд теңгеден астам соманы құраған. Биыл Түпқараған ауданында бірқатар туристік нысан пайдалануға берілді. Шіл­де айында teniz Village глампингі ашылды. Нысан он бөлме, кафе мен автокөліктерге арналған тұрақпен жасақталған. Ал тамызда ашылған AURA демалыс базасы күніне 150-200 адамға қызмет көрсету мүмкіндігі бар. 40 бөлме, 200 автокөлікке арналған көлік тұрағы бар нысан бүгінде көптің көзайымына айналып үлгерді. Сонымен қатар «Сартас» визит-орталығы да өз жұмысын бастап кетті. Күніне 100-ге жуық туристі қабылдай алатын нысан «Жығылған», «Саура», «Тамшалы» секілді ең әдемі бағыттардың қиылысын­да орна­ласқан. 15 жобаны іске асыру жоспарланды Алдағы үш жылда облыста 100 млрд теңге көлеміндегі қаржыға 15 жобаны іске асыру жоспарланды. Биыл жыл соңына дейін үш жоба іске қосылады. Олардың қатарында көпфункционалды қонақүй-туристік кешені құрылысының екінші кезеңі «Гольф-клуб», Town Center сауда орталығы және «Фламинго курорты» демалыс базасы бар. Ал келесі жылы алты жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде виллалар мен пәтерлер кешені құрылысының екінші кезеңі, Aqualina Resort курорттық-қонақүй кешенінің құрылысы, «Достар» қонақүй кешенін кеңейту, «Нұр» сауықтыру кешені, Seaside Palace демалыс аймағы және Ақтаудағы қонақүй кешені бар. 2024 жылы бес жобаны іске асыру жоспарланды. Оның ішіне Ақтау қаласының «Жылы жағажай» ауданында сауықтыру кешенін салу және пайдалану; Caspian house қонақ­үй кешенінің құрылысы; Relax заманауи туристік кешенінің құрылысы; Қонақүй кешенінің құрылысы, NOMAD Aktau ЖШС мен Tethys Resort демалыс базасы кіреді. Ал 2025 жылы бір жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл – Ақтау қаласындағы аквапаркі бар қонақүй кешені. Маңғыстау облыстық Туризм басқармасының мәліметіне сүйенсек, туризм саласындағы жобаларды іске асыру өңірге қосымша инвестициялық қаржы тартуға, турист санының артуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканың басқа да секторларын дамытуға серпін береді. Сонымен қатар шетелдік инвесторлар да облысқа инвестиция салуға қызығу­шылық білдіріп отыр. Жақында Маңғыс­тау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев БАӘ-нің ірі бизнесмендерінің бірі, Etihad Towers көпфункционалды кешенінің иесі, First Abu Dhabi Bank акционері, Абу-Даби Әмірлігіндегі билеуші отбасының өкілі Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянмен кез­десті. Ол Маңғыстау облысында инвес­тициялық жобаларды жүзеге асыруға өзі­нің жеке дайындығымен қатар БАӘ-нің басқа да ірі компанияларының қызығушылығын да атап өтті. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Пре­зидент Қ.Тоқаевтың қолайлы инвестиция­лық ахуал құру жөніндегі тапсырмасына сүйене отырып, жергілікті атқарушы органдар тұрақты негізде инвестициялар тарту, инвесторлар үшін қолайлы жағдай­лар жасау жөніндегі жұмыстарды жүргізіп жатқанын айтты. Сондай-ақ облыс аумағында инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыру үшін заң аясында барлық қажетті күш-жігерді жұмсауға дайын екенін атап өтті. Кездесу барысында тараптар БАӘ өкілдері мен облыс ара­сындағы екіжақты ынтымақтастықтың аспек­тілерін талқылады.  

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы