Роза десе, ылғи да ойыма нәзік әрі төзімді гүл оралады. Алғаш рет осы бір ғажайып гүл ежелгі Римде өсіріле бастапты. Көне Рим ақындары V ғасырдан бастап гүлдің сұлулығын жырлаған екен. Осыдан бірер жыл бұрын Алматы көшелерінде келе жатып, дәл осы гүлді күздің алғашқы қары түскенде көзім шалды. Ақ розаның қауызына толған аппақ қар сондай үйлесімді көрінген. «Суыққа да солмайтын неткен гүл!?» деп таңғалып едім сонда. Бүгінгі кейіпкеріміздің аты да, заты да – Роза. Сұлу да нәзік, төзімді де талантты ақын биыл қайтадан он сегізге толды. Иә, дұрыс оқып тұрсыз. Ол он жылдан кейін де он сегізге толады. Себебі оның жан дүниесі мөлдір, тап-таза балаң болмысын сақтап қалған. Уақыт пен жағдаяттан тәуелсіз ақын Роза СЕЙІЛХАНМЕН өлең төңірегінде тілдескен едік.
– Туған жер деген ұғымды біз ауызша айтқанымызбен, мәніне жете бара бермейтіндейміз. Ақын, жалпы адам баласы туған жеріне тартып туа ма? Сіз туған жер жайлы сөз қозғалғанда алдымен нені еске аласыз?
– Туған жердің қадірін адам баласы одан жырақ кеткенде білетін болуы керек. Туған топырақтан нәр алып, суын ішіп жүріп те оның бағасын білмей өтетіндер болады. Оның бір уыс топырағын иіскей алмай, зар болып кеткендер қаншама. Жалпы туған жер дегенде менің есіме балалық балғын шағым, әжем, әкем мен шешем, бауырларым елестейді. Барлығымыз дін аман, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүрген сәттер ойыма оралады. Меніңше, туған жер, туған үй, бұлар бір-бірімен сабақтасып жатқан терең ұғым іспетті. Аты айтып тұрғандай, туған жердің қасиетін сезіне білген адам ғана оны сағына алады. Ал перзенті туған жеріне тартып туады дегенге өз басым келіспеймін. «Бір анадан ала да, құла да туады» демекші, өз ата-анасына жақсылық жасай алмаған адамды туған жерінің қадірін біледі дегенге сене алмаймын.
– Жырларыңыздың табиғаты мұңдылау. Өлеңдеріңізде мұңды көркем кестелейсіз... Мұң деген не жалпы?
– Пенде болғасын, мұңаясың, қуанасың. Ал адам әрі ақын болып өмір сүрудің азабын өзім ғана білемін. Сендегі алапат дүниені басқалар қайдан ұқсын. Кейде неге осылай жаралдым екен деп кейіп қалатын кездерім болады. Мұның барлығын өлеңдерімде айтқанмын. Жалпы менің болмысыммен мына жұтып жіберуге әзір қоғамда өмір сүру оңай емес. Алла маған мүжілмеуді үйретті, сынақтарын жіберді. Сүрінсін, сүрініп алып, қайта тұруға дағдылансын деді. Аллаға сансыз шүкір, тұрдым. Мүлде басқа адам болып кетпесем де, қиындықтарға қарсы тұра алдым, күрестім. Жолымда жақсы адамдар көп кездесті. Жаман адамдар демей-ақ қояйын, адасып жүргендер жолымды бөгеді. Жақын адамдарымнан көз жазып қалдым. Ол да жанымды жаралады. Қателескен кездерім де көп. Сонда да өмірді Алланың шексіз сыйы деп қабылдадым. Ал мұң ақынға ғана тиесілі нәрсе емес, ол кез келген адамға тиесілі. Ақындар оны тек сезіне алады, санамен қабылдап, құлақпен естиді. Артықшылығы сол. Мен көрген, білгенімнің бәрін алдымен жүрегімнен өткіземін. Ол денсаулығыма әсер етті... Көңілді өлең жазбақ болып көрдім, қолымнан келмеді. Ал елжірей еске алатын тәтті сәттер менің өмірімде болды. Ол жағынан бақытты жанмын. Мүмкін, мұң деген сол тәтті сәттерді қимаудан туындайтын дүние шығар.
– Өлең жазу үшін ақынға білім қаншалықты дәрежеде қажет?
– Өлеңге білімнің қажеті жоқ десем, қате пікір болар еді. Бірақ ізденгеннің артықтығы болмайды деп ойлаймын. Өлеңге ойшылдық та, парасаттылық та қажет. Шын талант үшін ешнәрседе шекара болмайды.
– Қазақ ақындарынан үлгі еткен, ұнатқан тұлғаңыз кім?
– Қазақ ақындарынан ең алғаш сүйіп оқыған ақыным – Мұқағали. Ол ер, мен әйел болсам да, табиғатымыздан көп ұқсастық көремін. Бірақ шығармаларымызда өзімізге тән өзгешелік те, ерекшелік те көп. Бұл өзімді ақиық ақынмен теңмін дегенді білдірмейді. Қате түсініп қалмаңыздар.
– Алыс-жақын шетел ақындарынан кімді құрметтеп, оқисыз?
– Орыстың талантты ақындары Сергей Есенинді, Анна Ахматованы, Омар Хаямды, басқа да ақындарды оқып тұрамын.
Сұхбаттасқан Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ