Шымкентте жол құрылысы жұмыстары қарқын алған. Жаңа асфальт төселіп, кеңейіп жатқан көше көп. Бүгінге дейін бірқатар айналма жол, көпірлер ел игілігіне беріліп те қойды. Құрылыс жұмыстарының сапасы, дер кезінде бітуі – жергілікті биліктің басты назарында.
Жақында қала әкімі Мұрат Әйтенов Өтегенов көшесінде жалғасып жатқан жол құрылысы жұмыстарын тексерді. Сапаға басты назар аударған шаһар басшысы нысанның мерзімінен кешіктірілмей тапсырылуын тиісті басқарма мен мердігер мекеме басшыларына ескертті.
Бұл құрылыс екі кезең бойынша жүргізіліп жатыр. Оның біріншісі, Өтегенов көшесі жалғасының құрылысы «Шымкент Сити» шағынауданынан Сырым батыр көшесі аралығын қамтиды. Жалпы ұзындығы 1 205 шақырым, ені 28 метр болатын жолдың жүріс бөлігі 4 жолақты. Қазір автомобиль жолына жер негізін жасау және тығыздау жұмыстары атқарылуда. Бұған қоса, шағал тас төселіп, аяқжол салынып, ирригациялық арықтар орнатылып жатыр екен.
Ал Өтегенов көшесі жалғасының 2-кезеңі Сырым батыр көшесі мен Төлеметов көшелерінің аралығы. Жалпы ұзындығы – 970 метр, ені 23,5 метрді құрайды. Автомобиль жолы 4 жолақты. Мұнда қазір көшеде асфальт жабындысын төсеу және жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр басталған құрылыс жұмыстары 2023 жылы толығымен аяқталады.
Жолайрық жұмыстарын аралап шыққан шаһар басшысы Бәйдібек би мен Арғынбеков жолайрық құрылысы кезінде көлік қозғалысын реттеудегі маңыздылығын атап, құрылыс жұмыстары сапасын тексерді.
Мұндағы үш деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Жолайрық құрылысы аяқталғанда көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ. Жобаның техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылы бойынан 700 метр, Арғынбеков көшесі бойынан 921 метр жол аралығы құрылыс аумағына енгізілген. Жолайрықта ені 80 метрлік төрт-алты жолақты автомагистрал салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселеді деп жоспарланған.
Қазір жолайрықтың Арғынбеков көшесі бойында тіреу қабырғаларын орнату және Бәйдібек би даңғылы бойында көпір өткелі конструкциясының негіздері темір-бетонды тірек конструкцияларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Естеріңізде болса, осы жылдың 6 шілдесінде Бәйдібек би даңғылы бойында көлік қозғалысы тоқтатылған болатын. Ал тамыз айының 31-і күні көлік жүктемесін азайту мақсатында Бәйдібек би даңғылының бойымен бір бағыттағы жол солтүстікке қарай уақытша ашылған-ды. Ендігі кезекте жұмыстарды ыңғайластыра отырып, қараша айында №1 және №4 оң жақ өткел жолында көлік қозғалысын ашу жоспарланған.
Сондай-ақ үшінші мегаполисте «Шығыс» айналма жолының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қала әкімі М.Әйтенов құрылыс барысы мен жұмыс сапасын арнайы барып тексерді. Айтып өтейік, «Шығыс» айналма жолының құрылысы былтыр басталған. 1-кезеңі №1 автожолынан Әл-Фараби көшесіне дейінгі аралықты, яғни ұзындығы 3,9 шақырым, ені 60 метр 4 жолақты жолды қамтиды. Қазір жол негізін әзірлеу жұмыстары толығымен аяқталып, асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, құрылыс 2023 жылдың 1 тоқсанында толығымен аяқталмақ. Бүгінге дейін жұмыстарының 75 пайызы орындалыпты.
Агломерациясы күн санап өсіп келе жатқан мегаполис көшелерінде көлік кептелісін азайту бағытында айналма жолдарды дамыту жұмыстарының маңыздылығы да арта түсуде. Бұл бағыттағы жобалардан Ленгір тасжолынан бастау алып, А-2 Шымкент–Ташкент автожолына дейінгі аралықты қамтиды. 2021 жылы басталған нысанның жалпы ұзындығы 16 шақырымды құрайды. Қазір Шымкент–Ташкент жолында қиылысатын бөлікте көпір құрылысы және жол жабыны жұмыстары жүргізілуде. Жолдың 5 бөлігінде жолдың негізін дайындау, 4,2 шақырымына асфальт жабындысының 1-қабатын төсеу жұмыстары аяқталды.
Сонымен қатар жолайрық аумағында көшелерді кеңейту барысында қаладағы әбден ескіріп, тозығы жеткен байланыс, электр қуаты, табиғи газ, сыртқы сумен қамту жүйелері орындарын қайта ауыстыру шаралары қатар жүргізілуде. Осынау кеңауқымды жобалар келер жылы толығымен аяқталғанда қаланың келбеті одан сайын ашыла түсетін болады.