Хаменованың соты: Рысқалиевке қысым жасады деген Антикор қызметкерлері жауап берді
Хаменованың соты: Рысқалиевке қысым жасады деген Антикор қызметкерлері жауап берді
© atpress.kz
1,093
оқылды
Прокурор Лаура Асанова сот тергеуін қайта бастауды ұсынды, – деп хабарлайды AtyrauPress. Оған себеп соңғы отырыста Атырау облысы мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиевтың  Бақытгүл Хаменоваға қатысты келтірген айғағынан бас тартуы еді.
– Рысқалиев соңғы айғағында  оған  антикор қызметкерлерінен қысым болғанын айтты. Оны анықтау үшін сол кездегі жауап алған антикор қызметкерлері Изат Мұратов, Мақсат Мұратов пен  Мұрат Нұрмұхановтан онлайн форматта жауап алған жөн деп есептеймін, – деді ол.
Алайда бұған айыпталушы тараптар келіспеді.
- Қорғауымдағы Ақылбек Рысқалиев өз айғағында  антикор қызметкерлерінен қысым болғанын айтқаны рас. Бірақ, нақты кім екенін атаған жоқ. Оған сол жердегі адамдардың  көптігі және сол сәттегі көңіл күйінің қалыпты болмауы  себеп болған, – деді Рысқалиевтың қорғаушысы Нұрлан Жолболов. – Бірақ, антикор қызметкерлері мұны мойындамайтыны белгілі. Сондықтан, олардан жауап алып уақыт өткізбеген дұрыс деп ойлаймын, – деді адвокат.
Дегенмен, сот прокурордың өтінішін қабыл алды.  Сот төрағасы мен адвокаттарға онлайн байланыс арқылы жауап берген куәгерлер Рысқалиевке ешқандай қысым болмағанын, оны арнайы бейнежазбалардан көруге болатынын атап өтті. Енді сот отырысы бір аптадан кейін, яғни, 27 қазан күні жалғасады. Айта кетейік, соңғы отырыста Рысқалиев бірінші айғағынан бас тартқан болатын. Айыпталушының айтуынша, оған антикор қызметкерлері қысым көрсеткен.