Ұлы тұлға ұлықталды
Ұлы тұлға ұлықталды
665
оқылды
Шымкент қаласында мемле­кет және қоғам қайраткері Асан­бай Асқаровтың 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірі­нен біртуар азаматтың көзін көр­ген, қызмет бабында бірге жүрген әріптестері, ізбасарлары, туыс­тары, зиялы қауым өкілдері жи­налды. Олардың қатарында біртуар тұлғаның қызы Жаннет Асқарова, қоғам қайраткері, ардагер Әсем Бейсебаева, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сәбден Оразалы, Асқаровтанушы Мұхтар Қазыбек, Д. Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті Ельдар Қонаев бар. Мерейтойға жиналғандар алдымен «Әл-Фараби» алаңындағы Асанбай Асқаровтың ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Атаулы жиында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан Асанбай Асқаровтың мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, қабыр­ғалы қаламгер екенін атап өтті. «Биыл Асан­бай Асқаровтың 100 жылдығы республика көлемінде Үкіметтің қаулысы аясында аталып өтіп жатыр. Жамбыл, Алматы облыстарында өтті. Бүгін Шым­кентте тойланса, келер аптада Түркістан облысында жалғасын таппақ. Асанбай Асқаровтың қандай соқпақтардан өтке­нін, ел үшін қилы кезеңдерді бастан кеш­кені баршамызға белгілі. Ол болаттай берік­тігімен ешбір сынақта сынбай, өзінің қайраткерлігімен ел есінде қалды. Өткен ға­сырдың отызыншы жылдарында төрт бірдей бауырынан айырылса, үш бауыры соғысқа аттанып, біреуі ғана елге аман оралған екен. Осындай тағдырлы азаматтан мемлекет қайраткері шығып, бар ғұмырын, күш-жігерін елдің өркендеуіне арнауы – біз үшін үлгі», – деді ол өз сөзінде. Ал ұлы тұл­ғаның қызы Жаннет Асанбайқызы кездесу барысында әкесінің жылы есте­ліктерін бөлісті. – Біз Алматыдан айрықша алғысы­мызды, анамның сәлемін алып келдік. Асанбай Асқаровқа деген шым­кент­тіктердің ыстық ықыласы, құрметі ерекше сезіліп тұрады. Әкеміз зейнетке шық­қаннан бері де 30 жылдан астам уақыт өтсе де, оның есімінің ел есінде сақталып, құрметтелуі бізді қуантады. Шымкентте А.Асқаровтың есімімен аталатын мектеп, көше, дендро­логиялық бақ бар және ескерткіш орна­тылды. Бұл – халықтың құрметі. Әкем – өз заманының батыры. Олай болуы да заңды­лық. Себебі, ол отбасынан жырақта жүріп, ұлтымыз бен мемлекет үшін еңбек етті. Өмірінің соңында тағдыры тәлкекке түссе де сын­бады, – деді ол. мерейтой Мерейтойға жиналған қауым Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына арналған республикалық ғылыми конференцияға қатысты. Конференцияға қатысушыларға алдымен А.Асқаровқа арналған деректі фильм көрсетілімі ұсынылды. Деректі фильмде біртуар азаматтың өмір жолы, ел үшін атқарған шаруалары, жетістіктері мен соқтықпалы соқпалы өмірі де көрсетілді. Одан соң алғашқы сөзді алған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қоғам қайраткерінің елі үшін атқарған ерен еңбегін, қажыр-қайратын сөз етті. «Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров саналы ғұмырында шарықтауды да, құлдырауды да басынан кешті. Халқы­ның сүйспеншілігіне, құрметіне бөленді. Елге қызмет етудің үлгісін көрсеткен Асан­бай Асқаровтай тұлғаның аңызға бергісіз еңбегін осы залда отырған ағалар көзбен көрген. Оның жарқын бейнесін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу біз үшін азаматтық парыз, мәртебелі міндет. Оның бұл қасиеттері Алматы, Жамбыл және Шымкент облыс­тарында партия комитетінің бірінші хат­шысы қызметін атқарған жылдары ерекше көрініс берді. Үш облыстың тізгінін ұстаған 26 жылда Асқаровтай ерен тұлға елдің қасиетін, жердің қадірін кемел жүрек­пен сезініп, өзі өскен өлкесінің өркендеуі жолында аянбай еңбек етті. Шымкент шаһарының гүлденуіне де өлшеусіз үлес қосты. Асқаровтың кезінде салынған көптеген көпқабатты үйлер мен дендро­саябақ, хайуанаттар бағы және спорт кешен­дері бұл күндері қаламыздың ең көрікті жерлерінің бірі», –деді қала бас­шысы. Сонымен қатар, Асанбай Асқаров есі­мін ұрпақ жадында жаңғырту үшін бүгінде біршама істер атқарылып жатқаны, қазіргі таңда Шымкентте Асанбай Асқаровтың ескерткіші, ол кісінің атындағы көше мен орта мектеп және мұражай бар екені ай­тыл­ды. Осыдан екі жыл бұрын шаһары­мыздағы дендросаябаққа Асанбай Асқа­ров­тың есімі берілген. Бұдан кейін ғылыми конференцияда асқаровтанушы Мұхтар Қазыбек Асқаров­ты ХХ ғасырда халқымызға ерекше еңбегі сіңген 3 адамның бірі деп атап өтті. Ал, профессор Сәбден Оразалы болса, оның тұлғалық келбетінің әлі ашылып болма­ғанын, мемлекеттік басқаруда рейтинг қойылса Асқаров сөзсіз бірінші орынды еншілейтінін жеткізді. «Асқаровтың бойын­да ерекше 10 қыры бар. Ол басқарудың шыңына шыққан адам», – деді ол. Жиында бұдан кейін сөз алғандар да тау тұлғаның қасиеттері мен ерекшелігіне тоқталды. Өз кезегінде ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бүгінгідей конферен­цияның тарихтан тағылым алып, бола­шаққа нық қадам жасауға арналған бағдар­шам боларын айтып өтті. «Асанбай Асқа­ров есімі – шымкенттіктер үшін ғана емес, күллі қазақ халқы үшін алтын әріппен жазылған есім. Тау тұлғаның өмір жолы мен жасаған еңбегі ұлт жадында мәңгі сақ­талмақ», – деді олар. Мерейтой Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақта ағаш отырғызу рәсіміне, Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрында М.Байғұттың «Асқаров­тың ақ қайыңдары» қойылымына ұласты.

Шымкент қаласы