Астана ажарын айшықтайтын саябақтардың саны өсіп келеді. Сонымен бірге қала тұрғындары мен қонақтарын жайлы да жасыл атмосферасымен баурайтын қоғамдық кеңістіктер көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Мәселен, биыл абаттандыру жүргізілген «Ататүрік» саябағы келушілерді несімен қуантпақ?
Бас қалада бос уақыттарын жайлы және денсаулыққа пайдалы өткізе алатын қоғамдық демалыс орындары жетерлік. Соңғы жылдары қалада 750-ден астам аула мен қоғамдық кеңістіктер, оның ішінде саябақтар, скверлер, бульварлар абаттандырылды. Тек тұрғын алаптардың өзінде ғана 300-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік қолданысқа берілген екен. Мәселен, бір ғана Көкталда 16 гектарға саябақ салынған. Мұндай жайлы қоғамдық кеңістіктер мен аула аумақтарында әркім өз қалауына қарай шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Баскетбол, футбол алаңдары, workout-аймақтар, тыныш демалуға арналған аймақтар, аркалы әткеншектер, шығармашылық өнер көрсетуге арналған сахналар, скейт-аймақтар да көбірек салынуда. Сондай тартымды орынға айналған қаладағы саябақтың бірі 2004 жылы салынған Түркияның тұңғыш президенті Кемал Ататүріктің атына берілген. Байқоңыр ауданындағы Қараөткел көпірінің оң жағында орналасқан саябақ мамыр айында гүлденетін алма ағаштарының иісімен елітсе, күздегі көрінісі де жағалауды жаяу серуендейтін тұрғындарды өзіне тартып тұрады. Өйткені көктемде және күзде гүлдейтін ағаштар саябақты әртүрлі реңктерге бояп, әдемілене түседі. Себебі саябақ аумағында күзде гүлдейтін ағаштар да бар. Қала тұрғындары осы үшін де уақыт өткізіп, тыныш демала алатын жайлы орынды іздейді. Саябақтың жағалауында Мұстафа Кемал Ататүрікке ескерткіш орнатылған. Бұл Қазақстан мен Түркия арасындағы достық қарым-қатынас пен ынтымақтастықты нығайтудың символы іспетті.
«Байқоңыр» ауданының әкімдігі жыл сайын саябақта шағын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Былтыр саябақта ойын алаңдары, воркаут аймағы, скейтборд алаңы, гамактар орнатылды, сондай-ақ тұрғындардың тілектерін ескере отырып, йога сабағына арналған павильон салынды. Бұл саябақ тыныштық пен жасыл аймақтың арқасында үлкен тарту нүктесі айналды деуіміздің сыры осыдан.