Ақмолада Республика күніне 1 000-нан астам іс-шара өтеді
Ақмолада Республика күніне 1 000-нан астам іс-шара өтеді
312
оқылды
Ақмола облысында Республика күніне орай 1 000-нан астам іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Көлемді шараларға шығармашылық интеллигенция, мәдениет және өнер қызметкерлері, жастар мен мектеп оқушылары, сондай-ақ жалпы қауым тартылған. Негізгі шара қазанның 25-не жоспарланып, онда мерекелік іс-шара бұқаралық шеруге ұласпақ. Ішкі саясат басқармасының хабарлауынша, облыста ұйымдастырылатын негізгі 100 шара түрліше форматта өткізілмек. Мәселен, облыстық жас өлкетанушылар, экологтер мен табиғат зерттеушілерінің форумы, «Мұратымыз – Мәңгілік ел» өнер фестивалі, «Отаным – алтын бесігім» тақырыбындағы  үздік шығармашылық байқаулары солардың бірі. Сондай-ақ сарапшылар мен ғалымдардың қатысуымен Әділетті Қазақстанды құрудағы саяси мәдениет пен мемлекеттік модельді жаңғыру мәселелеріне бағытталған ғылыми-практикалық конференциялар жоспарланған.
«Облыстың барлық мектептерінде парктер мен табиғатты қорғау аймақтарында танымдық саяхаттар, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша сынып сағаттары өтпек. Балалар ұйымдары мен өзін-өзі басқару органдары көшбасшылары арасында «Мен – елімнің ертеңімін!» байқауы ұйымдастырылады. Мектеп оқушылары мен студенттердің қатысуымен «Егемендік –елдің баға жетпес игілігі» дебат турнирі жоспарланған», - дейді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Нариман Әбдірахманов.
Ежелден ән-жыр мекені болған Көкше өңірінде ірі мәдени шаралар да молынан өтпек. Мәселен Көкшетауда «Республика әні» авторлық әндер байқауы, «Ұлы даланың ұлтаралық тілі», «Қазақстаным –мақтанышым» балалар вокалды ұжымдардың облыстық форумы, «Ұлттың ұлы ұстазы» өңірлік ақындары айтысы ұйымдастырылмақ. Ал ең басты шара жыл сайын жас таланттарды анықтайтын шығармашылық «Ақмола жұлдыздары» байқауы болмақ.
«Қазір шараны керемет өткізу үшін елдің еңбек сіңірген мәдениет қызметкерлерімен және балтмейстарлерімен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр», - дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.
Республика күні шеңберінде облыста экологиялық, патриоттық және қайырымдылық акциялары да өткізілмек. Мерекеге орай бірқатар жаңа нысандар да ашылмақ. Мәселен Бестөбе кентінің №2 орта мектебінде өлкетану музейі ашылса, Балкашино селосында 36 пәтерлік екі үйде қоныс тойы тойланса, Целиноград ауданында жаңа медициналық орталық пайдалануға беріледі. Ал 25 қазанда өңірдің барлық алаңдарында мерекелік концерттер мен халықтың бұқаралық шеруіне жалғаспақ.