Қарағандыда сот процесінің алдында заңгер жәбірленушіні сатып алмақ болған
Қарағандыда сот процесінің алдында заңгер жәбірленушіні сатып алмақ болған
379
оқылды
Қарағандыда жәбірленушіні сот процесінің алдында «сатып алмақ» болған қорғаушы ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz. Қарағанды облыстық Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына белгісіз бір қорғаушының заңсыз әрекеті туралы ақпарат түсті. Белгілі болғандай, заңгер аса ауыр қылмыс бойынша жәбірленуші тараптың қорғаушысы болған. Ал қылмыс жасаған айыпталушы тарап қорғаушыға қомақты қаражатқа жәбірленушінің жауабын өзгертіп, сотта жалған жауап беруін өтінген. Сондықтан да қорғаушы айыпталушы тараптың бұл ұсынысына көніп, арада делдалдық қызмет атқарған.
«22 қазан күні Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар барысында 6,5 миллион теңге және 2 900 АҚШ доллары ақшасын алғаннан кейін 36 жастағы қорғаушы ұсталды. Полиция қызметкерлері оның көлігін тінту барысында тағы да  3 100 АҚШ долларын тәркілеп  алды, – деп хабарлады Қарағанды облыстық ПД бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің  422-бабы 4 тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.