Еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күні қарсаңында Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов депутаттар мен аппарат қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыс етті.
Жиналғандарды құттықтаған Мәжіліс Төрағасы бұл күннің еліміздің жаңа тарихындағы маңыздылығына тоқталды.
– Биылдан бастап 25 қазан – еліміздің басты мейрамына айналып отыр. Мемлекет басшысының ұсынысымен Республика күні қайта жаңғырып, оған ұлттық мереке мәртебесі берілді. 1990 жылы дәл осы күні «Ел егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап Қазақстан дербес мемлекет ретінде қалыптаса бастады, – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс Төрағасы Республика күнін қайтарудың елдегі ауқымды саяси өзгерістермен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор екенін атап өтті.
– Президентімізбен бірге жаңа, әділетті Қазақстанға қадам басып келеміз. Бұл біздің ұлттық идеологиямызға айналды», – деді Ерлан Қошанов.
Мереке қарсаңында бірқатар депутаттар мен Мәжіліс аппаратының қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Мәжіліс Төрағасы Мемлекет басшысының ауқымды реформаларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету бойынша, оның ішінде конституциялық реформа туралы заң жобаларын қарау кезінде Парламент депутаттарының үлкен жұмыс атқарғанын айтты.
– Әрбір қабылданған заңда осы залда отырған әрқайсыңыздың ерен еңбектеріңіз бар, – деді Спикер.
Мемлекет басшысының Жарлығымен «Парасат» орденімен Мәжіліс депутаттары Б.Т. Кесебаева, Қ.Т. Ержан, С.Б. Мұсабаев, сондай-ақ Мәжілістің Аппарат басшысы Р.Қ. Айтаев марапатталды.
Ал «Құрмет» ордені депутаттар Е.Қ. Өмірғалиға, Л.П. Павловецке, Е.В. Смайловқа және М.М. Төлепбергенге табыс етілді.
«Ерен еңбегі үшін» медалі Мәжіліс депутаттары З.А. Камасова мен В.Г. Нәбиевке, сонымен қатар Мәжілістің Аппарат қызметкерлері Е.М.Қасенов пен Е.Н.Келсейтовке берілді.
Ерлан Қошанов депутаттармен, экс-депутаттарға және Мәжілістің Аппарат қызметкерлеріне ТМД-ға мүше мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясының марапаттары мен Мәжілістің құрмет грамоталарын табыс етті.