Мереке қарсаңында Астана маңында ат спорты бойынша түрлі жарыс өтеді. Көрермендер ат құлағында ойнайтын өрендерге баға беріп қана қоймай, сыйлық ұтып алуға мүмкіндігі бар.
24-25 қазанда Астана маңындағы «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінің аумағында Республика күніне арналған ат спорты бойынша жарыс өтеді. Бұл туралы брифингте Олимпиадалық ат спорты түрлері бойынша мемлекеттік жаттықтырушы Аманжол Хасенов хабарлады.
Жарыс «Арғымақ» ат спорты манежінде сағат 11:00-де басталады. Іріктеу жарыстың бірінші күні өтеді, ал финал 25 қазанда өтеді. Конкурс бойынша жарыстың жүлде қоры – 6 млн 750 мың теңге.
«Сонымен қатар 25 қазан күні сағат 12:00-де «Қазанат» ат спорты кешенінде бәйге түрлерінен жарыс өтеді. Аламан және тоқ-бәйге бойынша 20 және 14 км қашықтықтағы жарысқа еліміздің 11 өңірінен 70 шабандоз қатысады, жүлде қоры – 17 млн теңге. Көрермендер арасында құнды сыйлықтар: тоңазытқыш, теледидар, ұялы телефон, планшет және смарт-сағат ойнатылады», – деп атап өтті Аманжол Хасенов.