Егемендік – ел маңдайына біткен бақыт. Ал тәуелсіздік – теңдігіміздің тұғыры. Осы ретте Республика күні қарсаңында Жамбыл облысында 19 нысан ел игілігіне берілді.
Атап айтсақ, Меркі, Сарысу, Талас және Т.Рысқұлов аудандарында дәрігерлік амбулаториясы мен медициналық пункті есігін айқара ашты.
Т.Рысқұлов ауданы Жаңатұрмыс ауылында жаңа дәрігерлік амбулаториясының ашылуын жергілікті тұрғындар көптен күткен еді. Салтанатты шараға аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысып, қауымды қуанышымен құттықтады.
– Ауданымызда денсаулық сақтау жүйесі нығайып келеді. Салаға биыл 3,2 млрд теңге бөлінген. 35 емдеу мекемесі халыққа қызмет көрсетуде. Өткен жылы аудандық орталық ауруханаға барлығы 305,1 млн теңгеге медициналық құрал-жабдықтар алынып, қамтылу көрсеткіші 91,2 пайызға жетті, – деді Ернар Серікәліұлы.
Бұдан бөлек, Меркі ауданының Гранитогорск ауылында 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт, Тәтті ауылында 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, Сарысу ауданының Әбілда ауылында бес келушіге арналған медициналық пункт, Тоғызкент ауылында 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді.
Қалған 13 нысан кезең-кезеңімен жұмысын бастайды. Оның ішінде Байзақ ауданында – екі, Жуалыда – бір, Сарысуда – екі, Т.Рысқұловта – екі және Шу ауданында алты әлеуметтік нысан бар. Осылайша, жамбылдақтар Республика күнін ерекше ықыласпен, айрықша қуанышпен қарсы алып жатыр.