«Қылмыскер емеспіз» – Біртанов сотта соңғы сөзін айтты
«Қылмыскер емеспіз» – Біртанов сотта соңғы сөзін айтты
Фото: yandex.kz
614
оқылды
Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтің ісіне қатысты тергеу аяқталды. Екеуі сотта қорытынды сөзін айтты. Inform.kz-тің жазуынша, сот процесі Zoom платформасында онлайн режимде өтті. Бұрынғы вице-министр Олжас Әбішев өзіне тағылған айыптардың дәйексіз екенін алға тартып, толық ақтауды сұрады.
«Құрметті сот және аталған процеске қатысушылар! Мен бұрын айтқанымдай, өзімді кінәлімін деп есептемеймін. Мені ата-анам әрқашан заңға бағынуға үйретті. Бұл менің отбасымның негізгі тәрбие өзегі болды. Тергеу барысында барлық сұрақтарға нақты әрі анық жауап бердім. Маған тағылған айыптар ойдан шығарылған, дәлелсіз және олар Қаржылық мониторинг агенттігінің қиялынан туған. Біздің прокурорлар да шындыққа келгенде соқыр, саңырау. Айыптаушы жақтың ІТ технологиялардан хабары жоқ. Прокуратура іс қозғалып отырған электронды платформаның қалай жұмыс істейтінін де білмейді. Мен өзімнің кінәлі емес екенімді дәлелдеу үшін соңына дейін барамын және мені толық ақтауды сұраймын», – деді Олжас Әбішев.
Ал экс-министр Елжан Біртанов бұған дейінгі сот отырысында өзінің кінәсіздігін айғақтайтын нақты дәлелдер ұсынғанын айтты. «Сот тергеуі күрделі әрі күйзеліс жағдайында өткенімен, біз бұл істің ақтық кезеңіне жетіп отырмыз. Осы кезге дейін барлық дәлелдерді ұсындық, куәгерлерді тыңдадық, айыптау актісін де естідік. Нәтижесінде, мемлекеттік айыптаушы орган маған және Олжас Әбішевке тағылған кінәні дәлелдей алмағанын көрдік. Біздің жалғыз қылмысымыз – жақсы мемлекеттік қызметкер болуға талпынған ниетіміз деп білемін. Электронды платформаның бар екені, ақшаның қайда жұмсалғаны анық. Жағдайдың қалай өрбігені де баршаға айқын. Санитарлық авиация бойынша да солай. Жеткілікті дәлелдер келтірдім. Бұл істе мен ешқандай жеке бастың пайдасын көздемедім. Құрметті сот, кеңесу бөлмесінде сіз біздің тарап ұсынған барлық дәлелдерді саралап, мемлекеттік айыптаушы тарап таққан заңсыз дәйектерді объективті түрде бағалап, мені және Олжас Әбішевті кінәсіз деп танисыз деп үміттенемін. Біз қылмыскер емеспіз, заңды бұзған жоқпыз», – деп сөзін түйіндеді Елжан Біртанов. Судьяның айтуынша, сот үкімі шығатын уақыт алдын ала белгіленіп, оған айыпталушылар мен айыптаушы орган тарапынан 8 адам шақырылады. Ол процесс офлайн режимде өтетін болады. Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасында бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен күдікке ілінген.