Жастар саясаты мәселесі қаралды
Жастар саясаты мәселесі қаралды
444
оқылды
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры аясында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мә­селелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялап, ерекше тауарларды бақылау мен мемлекеттік жастар саясаты мәселелері туралы заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жыл­жы­майтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызмет­терді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрінің міндетін ат­қару­шы Әсет Тұрысов баяндама жасады. Ол бұл жобаның Мемлекет бас­шысының халық пен бизнестің жер қоры мен жылжымайтын мүлік ту­ра­лы ақпаратқа ашықтығын және толық қолжетімділігін қамта­ма­сыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленгенін айтты.
«Барлық ақпараттық жүйені интеграциялау есебінен өтінішті қарау барысына цифрлық бақылау қамтамасыз етіледі және мемле­кеттік органдардың жер учаскесін беруде негізсіз бас тартуларының жолын кесетін болады. Жаңа тәртіп кадастрлық деректердің қолжетім­ділігі мен республиканың барлық аумағын ашық цифрлық картамен қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған», – деді Ә.Тұрысов.
Мәжілістің Аграрлық мәселе­лер комитетінің мүшесі Айқын Қоңыров депутаттар тарапынан заң жобасына бірқатар түзетулер енгі­зіл­генін атап өтті.
«Ел аумағы интернетпен толық қамтылмағандықтан, жұмыс тобы елорданың, республикалық, об­лыс­тық және аудандық маңызы бар қалалардың жерлері үшін ғана жер учаскелеріне құқық берудің элек­трон­ды форматын енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл іс «Элек­тронды үкіметтің» веб-порталында жария кадастрлық карта арқылы жүзеге асырылады», – деді А.Қоңы­ров.
Мемлекет басшысының тап­сыр­масы бойынша депутаттар бастамашы болған мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойын­ша түзетулер екінші оқылымда мақұлданды. Мәжілістің Әлеу­мет­тік-мәдени даму комитетінің төрайымы Жәмила Нұрманбетова­ның айтуынша, жоба жастардың құқықтарын қамтамасыз етіп, мүддесін қорғайды. Айта кетейік, депутаттар «жастар» санатының жоғарғы жас шегін 35 жасқа дейін ұлғайтуды, жергілікті жерлерде жастарды қолдауды жергілікті атқарушы органдарға жүктеп, жастарды оқыту, қайта даярлау және жұмысқа орналастыру үшін жағдай жасауды ұсынып отыр.
«Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру тұрғысында депутаттар заң жобасы аясында әлеуметтік блокқа қатысты тиісті түзетулер енгізді. Осы орайда бала күтімі бойынша төлемдерді тағайындау кезеңінің ұзақтығын 1,5 жасқа дейін ұлғайту, ең төмен базалық зейнетақы мөл­шерін ең төмен күнкөріс деңгейінен 70 пайызға дейін, ең жоғары база­лық зейнетақы мөлшерін 120 па­йызға дейін дәйекті түрде жеткізу, әйелдер үшін зейнеткерлікке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекіту, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін табыс шегін 46 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 55 еселенген деңгейге дейін ұлғайту ескерілген», – деді депутат Ж.Нұрманбетова.
Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қай­та Құру және Даму Банкі ара­сындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жоба­сы мақұлданды. Несие 345,7 мил­лион еуроны құрайды және ол толығымен бюджет тапшылығын қаржыландыруға жұмсалады.
«Қаражат республикалық бюд­жетте көзделген әлеуметтік және басқа да басымды мақсаттарға арнал­ған қаржыны қоса алғанда, жалпы бюджет шығыстарын қол­дауға мүмкіндік береді. Дүние­жүзілік Банктің қарызы Қазақстан Республикасына 2,5 жылдық жеңілдік кезеңімен, 11,5 жыл өтеу мер­зіміне беріледі. Сыйақы став­касы Еурибор және өзгермелі сп­ред­тен тұрады», – деді Пре­мьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Е.Жамаубаев.
Сонымен қатар Мәжіліс ерек­ше тауарларды бақылау және оған ілеспе заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады. «Еуразия­лық экономикалық одақ шеңбе­рінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа қабылдады. Жиында мәжілісмендер атқару­шы органдарға депутаттық сауалдар жолдады.