Ақтөбеде Ұлттық мереке ұлықталды
Ақтөбеде Ұлттық мереке ұлықталды
498
оқылды
Ақтөбеде Республика күніне арналған салтанатты шара өтті. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңір тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, өңірдің дамуына үлес қосып, қоғамдық қызметте бел­сенділік танытқан ақтөбеліктерге мемлекеттік наградалар табыс­тады.
«1990 жылғы 25 қазан – Қазақ­станның егемендігі туралы Декларация­сы қабыл­данды. Осы күннен бастап шек­ара­мызды шегендеп, көнеден жет­кен дәстүрімізді, қастерлі мәдениетімізді, қасиетті тілімізді жаңғыртуға жол аш­тық. Респуб­ликамыз­дың 30 жылдық кезе­ңін табысты аяқтап, төртінші он­жыл­дыққа аяқ бастық. Бұл жылдар маңыз­ды оқиғаларға толы болды. Мем­ле­кетіміз дамудың жаңа сатысына көте­ріліп, әлемдік қауымдастықта лайық­ты орын иеленді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі саяси жүйені жаңғырту бағытындағы реформалары мемлекет пен қоғамның байланысын жаңа деңгейге көтерді. Ең алғашқы қадам – Конституциялық референдум өткізіліп, Ата Заңға толықтырулар енгізілді. Елдің бірлігі мен бітімгерлігі талқыға түсетін тарихи бастама Ұлттық құрылтайда мем­лекетіміздің дамуының жаңа бағыттары айқындалды. Қазақстан­ның әкімшілік-аумақтық бөлінісінде жаңа 3 облыс құ­рыл­ды. Ұлттық құрыл­тайда қабылданған ең маңызды шешім 25 қазан – Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайта­рылды. Мемлекет басшысы егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуді ұсынды. Республика күнін мерекелеу жалпыұлттық тұтастығымызды, қалып­тас­қан мемлекеттілігімізді айшық­тай түсетін бүкілхалықтық тарихи күн. Бұл ата-баба­лары­мыздың орындалған арма­ны, ұлттық идея мен мемлекеттік біре­гей­лікке ұласқан күн, бұл тәуелсіз­дігі­мізді ұлықтайтын мереке!» – деді Ералы Тоғжанов.
Аймақ басшысы облыстың дамуы жо­лында жасалып жатқан жұ­мыс­тарға қыс­қаша тоқталып, алдағы уа­қытта жүзеге асырылуы тиіс жоспарын бөлісті. Дәлірек айтсақ, тәуелсіздік жылдары облыста 12,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынса, биылдың өзінде 1 млн 250 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде тұрғын үйге мұқтаж жандар­дың мәселе­сін шешуге септігін тигізеді. Бұдан өзге, 176 медициналық нысан, 55 мың орынға шақталған 169 мектеп, 42,9 мың орынға арналған 553 мектепке дейін­гі ұйым пайдалануға берілді. Өңірде елді­мекен­дерді газ желісіне қосу қарқынды жүргі­зілу­де. Егер 1991 жылы газбен қам­тыл­ған тұрғындар саны 48,9 пайыз болса, қазіргі көрсеткіш – 93,1 пайыз. Облыс­тың ауыл шаруашылығы саласында да оңды өзгерістер бар. Соңғы жылдары мал басы айтарлықтай көбейді. Өңірде ірі қара мал басы 371 мыңнан 630 мыңға, жылқы 77,6 мың­нан 255,6 мыңға жетті. Аймақтағы күрделі мәселелердің бірі – жол жағдайы. Ақтөбе облысында соңғы үш жылда ғана 855 шақырым автокөлік жолы жөндеуден өтті, бұл бағыттағы жос­парлы жұмыстар алдағы уақытта да қар­қынды жалғасады.
«Қадірлі жерлестер, алда үлкен саяси нау­қан – Президент сайлауы. Бұл әрбір қазақ­стандықтың болашағын айқындай­тын, елдің тұрақтылығы мен тыныш­тығын қамтамасыз ететін, мемле­кет­тің дамуы жолындағы стратегиялық бағыт­тарды қабылдайтын жауапты кезең! Осы саяси науқанда ақтөбеліктер өз ауыз­біршілігін көрсетіп, белсенділік танытады деп сене­мін. Егемендікті көздің қара­шығындай сақтап, елдігімізді тұғырлы ету – әр азаматтың абыройлы борышы. Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жарасып елдің дамуы үшін еңбек етейік», – деді облыс әкімі.
Салтанатты шара аясында Пре­зидент Жарлығымен ақтөбелік­терге өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, қоғамдық қыз­метте белсенділік танытып, халық ара­сын­дағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқа­ны үшін мемлекет­тік наградалар табыс­талды. Археолог, тарих ғылымдарының докторы Серік Әжіғали мен философия ғылымдары­ның докторы, еңбек ардагері Алтай Тай­жановқа «Парасат» ордені та­быс естілді. «Құрмет» орденімен наград­талғандардың қатарында Байғанин аудан­дық аумақтық сайлау комиссия­сының төрағасы Қожағали Аққожа, Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Қасымбек Алдияров, еңбек ардагері Көшкінбай Ахметов, дене мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы­ның жаттықтырушысы Сергей Ведюш­кин, облыстық соттың төрағасы Асламбек Мерғалиев бар. ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегерлері Ақтөбе хром қосындылары зауытының шебері Раиль Ильясов, «Ұлы қабырға «ҚҚБК» ЖШС ше­бері Мереке Қадыралиев, Ақтөбе ферро­қорытпа зауы­ты цехының бастығы Сәбит Қай­рақ­баев, «Табыс» шаруа қожалығының басшысы Нұрғазы Қасы­мов атанды. Бұдан өзге, еңбегімен ерек­ше­ленген бірқатар ақтөбелік «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат», «Жомарт жүрек» және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен, Құрмет гра­мотасы­­мен марапатталды. Айта кетейік, үш ақтө­белік Астанада өткен салтанатты шараға арнайы шақырылды. «Алтын-Әсел» ЖШС директоры Хамит Өтеуұлы «Отан» орденін, «Екі Езу» сатира театры­ның көркемдік жетекшісі Нұрлы­бек Жұ­бат­қан «Ерен еңбегі үшін» медалін және «Мейірім» жас­тарды әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Жанна Дүйсен­бина «Шапағат» медалін иеленді. Ақтөбеде Республика күніне бірқатар іс-шара арналды. Облыс орталығындағы ипподром алаңында өткен ұлттық спорт ойындарынан жарыс өтті. Шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, өңір­дің зиялы қауым өкілдері, спортсүйер қауым қатысты. Аймақ басшысы облыс­тағы ұлт­тық спорт ойындарының дамуын тілге тиек етті.
«Облысымызда көкпар десе, ішкен асын жерге қоятын азаматтар аз емес. Солардың бірі, алғашқы кезеңдер­ден об­лыстағы көкпар ойындарының дамуына үлес қосып, қазір бапкерлік қызметте жүрген тақымы тастай көкпар­шы жігіт­теріміз Әлиев Мейрамбек пен Додай Нұр­ланды әркез мақтаныш етеміз. Ауда­рыспақтан 2018 жылы Са­ғым­баев Арман Азия чемпионы атанса, 2022 жылы Ержа­нов Шыңғысхан әлем чемпионы болды, Серғазин Азамат қола алды. Мемлекет басшысы таяуда ғана ұлттың мақтанышы әрі қазынасы қазақы тазы мен төбет иттің тұқымын сақтау керегін айтты. Қазіргі таңда ақтөбелік әуесқой тазы бегілерінің шоғыры қалыптасып отыр. Тазы асырау және оны баптау жұмысын жүйелеп, жолға қоямыз», – деп атап өтті облыс әкімі.
Ералы Тоғжанов көкпар, аударыс­пақ, тазылар жарысында жүлделі орындарға ие болған спортшыларды марапаттады. Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыстады. Құмай тазылар «Құмай тазылар» жарысы мен «Ауда­рыс­пақ» спорттық сайысының жеңімпаз­дарына берілген жүлде қоры бірдей, әрқайсына 500 мың теңгеден. «Көкпар­дың» жүлде қоры – 3 млн теңге. Бұл жарыста бас бәйге мен бірінші орынды ақтөбелік командалар өзара бөліссе, үшін­ші орын Байғанин ауданының ша­бан­доздарына бұйырды. Сондай-ақ облыс әкімі Қазақ­станда ал­ғаш рет ұйымдас­тырыл­ған респуб­ликалық «Ұлы Дала жорығы» ат спорты марафонына қатыс­қан Ақтөбе облысы­ның спортшыларын құттықтап, марапат­тады. Айта кету керек, бұл жобада спорт­шы­лар марафон­ға қатысып, ұлы дала рухын сезінуге және түркілердің киелі жерлері – Жошы хан, Алаша хан кесене­лері сияқты көне мәдениеттің тарихи ордасына баруға мүмкіндік алды. Соны­мен қатар Ералы Тоғжанов ипподром кіреберісінде ұйым­дас­тырылған жергі­лікті тауар өндіруші­лердің жәрмеңкесін, қолөнершілер көрмесін аралады. Ақтөбе қаласының орталық сая­бағын­да Ұлттық мереке – Рес­пуб­лика күні­не орайластырылған «Бір тудың ас­тында» акциясы өтіп, бір уақыт­та мыңнан астам адам әнұран орындады. Салтанатты шараға өңір басшысы Ералы Тоғжанов, қала әкімі Асхат Шахаров, еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар, мемлекеттік органдар­дың басшылары, барлығы мыңнан астам адам қатысты. Акция барысында мемлекеттіліктің біре­гей символы көк туымызды көтеру рәсімі өтті. Сонымен бірге қазақ халқының еркін рухы мен ұлттық бірегейлігін дәріп­тейтін ән­ұраны­мыз орындалды. Айта кетейік, Республика күніне ар­нал­ған іс-шаралар өңірде 3 қазанда бас­талды. Оның аясында қа­йырым­дылық, эко­логиялық, патриоттық акциялар ұйым­­­дастырылды.