Шымкентте бас қосқан энергетиктер желілердің тозығы жеткенін айтып, дабыл қақты
Шымкентте бас қосқан энергетиктер желілердің тозығы жеткенін айтып, дабыл қақты
592
оқылды
Шымкент қаласында Қазақстанның электр машина жасаушылар қауымдастығы мен Қазақстан ардагер энергетиктер Кеңесінің ұйымдастыруымен Халықаралық ардагер энергетиктердің 11 форумы өтті. Оған Қазақстан және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сынды ТМД елдерінің ардагер энергетиктері қатысты. Сондай-ақ, форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен аймақтық электр желілері компанияларының басшылары келді.  width= Форумда электр энергетика инфраструктурасының тозуы, электр энергиясы тапшылығының басты себептері, жаңа қуаттардың жеткіліксіздігі сияқты бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Форумға қатысушылар қазір ел аумағы бойынша электр желілердің 80 пайызы ескіріп кеткенін еске салып, бұл үлкен дабыл қағатын мәселе екенін жеткізді. Айта кетейік, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында желілер мен қуаттардың тозуын кем дегенде 15%-ға дейін азайту керек деді. Сондай-ақ, Президент 24 қазан күні Астанада өткен жиын барасында газ және энергетика саласында электр желілерінің үздіксіз жұмыс істеуі мен жаңа қуат өндіру жолдарын жасауды тапсырған болатын. Жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының тапсырмасына сай саладағы ахуалды жан-жақты талқыласа, Қазақстан электр машина жасаушылар қауымдастығы ескі қуат трансформаторларын жаңасына ауыстыруды ұсынып отыр. Ол үшін импорттың қажеті жоқ, отанымызда жабдық әзірлейтін өндіріс орындары мен тиісті технологиялар жетерлік, – дейді олар. Бұл күрделі тақырыптардан бөлек отандық және шетелдік ардагер энергетиктер сала тарихы мен кәсіподақтың маңызды мәселелері бойынша айтса, ҚЭА ардагер энергетиктер кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов ассоциацияның атқарған жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті.  width= Ал, Қазақстан электр машина жасаушылар қауымдастығының төрағасы Еркебұлан Ильясов Шымкенттегі отандық тауар өндіруші «Asia Trafo» ЖШС-і зауытында өткізіліп жатқан шараның ауқымды екенін атап өтті. «Форумда бүгінгі энергетика саласындағы проблемалар талқыланып, оны шешу жолдары, мәселені неден қалай бастауға болатыны жөнінде сұрақтарға жауап алып жатырмыз. Мемлекет басшысы энергетика саласы бойынша өткізілген жиында бірқатар маңызды жәйттерді атап өтті. Шындығында бұл салада артта қалып барамыз. Үкімет және министрлік тарапынан кемшін тұстардың көп болғанын, энергетика саласына аса мән бермегенін жасыра алмаймыз. Оның бірден бірі дәлелі, қазіргі таңда электр энергиясының тапшылығы мәселе болып тұр. Бұл Үкімет тарапынан осыдан 20 жыл бұрын көтеріліп, жаңа станциялар салу керек еді. Енді міне, қазір әбден тозығы жетіп, жарамсыз күйге түсті. Одан бөлек, атом электр станциясын салу да экономикалық, экологиялық тұрғыдан тиімді болатынын айта кеткіміз келеді»,-деді қауымдастық төрағасы.  width= Шетелдік меймандар форум аясында «Alageum Electric» компаниясының экспорттық бағытқа негізделген «Asia Trafo» зауытына барып, өнімдермен танысып қайтты. Кәсіпорын 2018 жылы іске қосылған «Alageum Electric» электр жабдықтарын шығаратын отандық өндірушінің құрамына кіретін, Орталық Азиядағы трансформаторлық жабдық шығаратын Қазақстандағы ең ірі зауыт. Зауыттың негізгі өндіретін өніміне қуаттылығы 500 МВА-ға дейінгі кернеулі 35, 110, 220, 500 кВ класты майлы трансформаторлар мен автотрансформаторлар және реакторлар кіреді. Зауыттың жобалық қуаты жылына 12 000 МВА асады. Жылына 20 млрд теңгеге дейін өнім өндіретін зауыт өнімін бірнеше шетелге импорттайды.