Маңғыстау облысында өзекті мәселеге айналған «Қошқар ата» қалдық қоймасын қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Экологиялық апатты жағдайдағы қалдық қоймасын тазарту облыс халқы үшін өте маңызды. Өйткені мұнда шамамен 105 млн тоннадан астам уытты, оның ішінде 52 млн тоннадай әлсіз радиоактивті қалдық бар. «Қошқар ата» көлі Ақтау қаласына жақын орналасқан. Көлдің жалпы ауданы 77 шаршы шақырым болса, қалдықтардың ауданы 66 шаршы шақырым шамасында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне радиоактивті қалдықтар қоймасын үш жыл ішінде толықтай рекультивациялау жұмыстарын аяқтауды тапсырған болатын. Қазір «Қошқар ата» қалдық қоймасында 200 гектар жерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ топырақ төгу және қара сексеуіл егу жұмыстары жүріп жатыр.
Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары Есенқос Әділбаевтың айтуынша, «Қошқар ата» қалдық қоймасында қалпына келтіру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. «2021 жылы 266,2 гектар жерге рекультивациялау жұмысы жүргізілген болатын. Биыл жыл соңына дейін 335,9 гектар жерге қайта қалпына келтіру жұмыстарын іске асыру жоспарланған. Ал 2023-2024 жылдары 1 008,1 гектар жерге рекультивациялау жұмыстары жүргізілетін болады», – деді Е.Әділбаев.Бүгінге дейін 88,2 гектар жерге қара сексеуіл отырғызылған. Қалдықтар қоймасына отырғызуға сексеуілді таңдап алудың да өзіндік сыры бар. Өйткені қара сексеуіл Маңғыстаудың қатал климатына төтеп бере алатын, тез тамыр жайып, құмды ұстап тұратын қасиеті бар жергілікті флорада кездесетін ағаш. Ол әдетте құмды дауылдардан қорғау үшін отырғызылады. Маңғыстауда сексеуіл 2016 жылдан бастап отырғызыла бастады. Қазір Маңғыстау ауданының үш ауылы – Үштаған, Тұщықұдық, Шебір маңында 451,8 гектар алқапта сексеуілден жасыл оазис қалыптасқан. Ал 2022 жылдың соңына дейін мұндай ағаштарды Сенек ауылының айналасына отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар «Қошқар ата» қалдық қоймасының айналасында да сексеуілден жасыл қорғаныс аймағын құру жоспарланып отыр. Бұл жұмыс 2025 жылдың соңына дейін жалғасады.
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы