Тереземді ұрмаңдаршы, тексерушілер...
Тереземді ұрмаңдаршы, тексерушілер...
623
оқылды
Шағын және орта бизнесті тексеруге қойыл­ған мораторий 2024 жылға дейін ұзартылмақ. Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының тиісті Жарлығының жобасын әзір етті. Бұл жаңалық кәсіп­­керлерді қуантты. Мораторий отандық биз­несмен­дердің үлкен бөлігіне жайрап қалмай, екі жылға ұзаған жаһандық пандемияны және созыл­малы си­патқа ие болған экономикалық дағдарысты лайықты еңсеруіне үлес қосты. Дегенмен бұл қа­дамға қар­сы­лар да бар. Олар қандай дәйектеме кел­тіреді? Оның үстіне, тексерулердің жекелеген түр­лерін жүргізуге жол ашылады. Адал кәсіпкерге мораторий құнды Жаңа Жарлық жобасы «ҚР тексерулерге және профилак­ти­калық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 Жарлығына өзгерістер мен толық­тыру енгізу туралы» деп аталады. Оған сәйкес, біріншіден, тыйым­ның атауы өзгереді: жаңасы енді «тексерулерге және профилак­ти­калық бақылауды барып жүргізуге мораторий» деген атау алады. Тиісінше, құзырлы органдардың бизнес нысанына бармай, оны қашықтан, мысалы, құжат жүзінде тексеруіне мүмкіндігі болады. Екіншіден, қолданыстағы мо­раторий 3 жылға созылып, 2020-2022 жылдарды қамтыса, жаңасы алдағы бір жылдан аспайды.
«Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъек­тілерін тексерулерді және профи­лактикалық бақылауды барып жүр­гізуді тоқтатсын. Оған Кәсіп­керлік кодексіне сәйкес жүргі­зілетін жоспардан тыс тексерулер қосылмайды» делінген құжатта.
Жарлық Жаңа жыл мереке­сінде, яғни 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі деп күтілуде. Ендеше кәсіпкерлердің осы санаттары үшін жаңажылдық тарту болғалы тұр. Қазақстан кәсіпкерлерінің құ­қықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтің пікірінше, жалпы алғанда, мораторий отан­дық бизнестің дамуына оң ықпал етті. Мәселен, осы шара қабылдан­ғанға дейін елде шағын кәсіпкерлік нысанындағы 258 365 заңды тұлға, 855 920 жеке кәсіпкер, сондай-ақ 213 457 шаруа, фермер қожалық­тары болыпты. Пандемия, каран­тин, экономикалық күйзеліс, ха­лықтың төлем қабілетінің төмен­деуі салдарынан олардың көбі дәр­менсіз жағдайға жетіп, жабы­лып тынуы мүмкін деген қауіп болды. Дегенмен шағын заңды тұл­ғалар саны 2020 жылы 280 200-ге, ал 2021 жыл қорытындысында 299 737-ге дейін артқан. Жеке кә­сіпкерлер қатары 2020 жылы – 857 910, ал былтыр – 907 722-ге жетті. Ауыл кәсіпкерлігі де қар­ қынды дамыған. Фермерлер саны пандемия басталған 2020 жылғы 216 715-тен 2021 жылы 221 434-ке дейін ұлғайды. Шағын және ұсақ бизнесте нәпақа тауып жүрген қазақ­стан­дықтар саны да айтарлықтай арт­ты. Мысалы, мораторий қарса­ңын­да шағын кәсіпкерліктің осы үш түрінде 3 млн 83,9 мың адам жұ­мыс істесе, ал 2021 жыл қоры­тындысында оларда жұмыс пен табыс тапқан халық саны 3 млн 160,5 мың адамға дейін өсті. Мо­раторий күшінде болған жылдары шағын және ұсақ кәсіпкерлік өндірген өнімнің көлемі 26 трлн 457,7 млрд теңгеден 34 трлн 271,2 миллиард теңгеге дейін өскен. Дұрыс қолданбаса, пайдасы уға айналар Әйткенмен, мораторийді ниеті қарау кәсіпкерлер де өз пайдасына жаратты. Қаптаған мейрамхана, дәмхана, фаст-фуд, көшедегі та­мақ дүңгіршектері қымбатшылық аясында көбірек үнемдеп, азырақ шығын шығару үшін ас сапасын құлдыратты. Халықты улау, мерзімі өтіп кеткен азық-түлікті қолдану оқиғалары жиіледі. Биыл халықты жаппай улауға қатысты 11 дерек бойынша қылмыстық іс тергелген. Оның екеуінде ғана тамақтандыру орны жабылыпты. Басқалары 6 миллион теңгеге дейін айыппұл­мен құтылған. Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің Санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау коми­тетінің хабарлауынша, биылғы жыл басынан бері 461 қазақстан­дық уланды. Оның 101-і – бала. Мысалы, биылғы маусымда Ас­танада «Окадзаки» суши-бары­нан тамаққа тапсырыс берген клиенттердің 100-ге жуығы улан­ды. Оның ішінде 25 бала бар. Суши-бар қожайынының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Алайда бү­гінде оның барлық желісі жұмы­сын жалғастырды. Қынжылтатыны сол, барлық өңірде тұрғындар қандай да бір тамақтандыру орнының көктеген, бұзылған, жарамсыз, жүрек айны­тар ас пен өнімді сатып жатқаны туралы құзырлы органдарға жиі шағымданады. Жылына 65 мың­нан астам шағым түскен. Бірақ СЭС мамандары, әкімдік қыз­мет­керлері шағын және ұсақ бизнесті тексеруге тыйым салынғанына сіл­теп, ден қоймайды. Жазасыз­дық пен жа­уапсыздық ақыры жұртты жаппай улау оқиғаларына соқтырады. Денсаулық сақтау министрлігі комитетінің хабарлауынша, клиент­терінің алдына тамақпен, тәрелкімен бірге жіті ішек инфек­цияларын, патогенді және шартты патогенді бактериялар мен вирус­тарды қатар тартатын қоғамдық тамақтандыру орындарында қыз­меткерлер жеке гигиена ережелерін ұстанбайды, асты әзірлеу техно­логиясыз бұзады, өнімді сақтаудың температуралық режимін сақ­та­майды. Азық-түлікті тасымалдау, сақтау талаптары аяқасты етіледі. Осы себепті сарапшылар тамақ­тандыру орындарын мораторий аясынан шығарып тастауды сұра­ған. Билік бұған бармай тұр. тексеру Мораторий қымбатшылықты құрықтауға қолбайлау болғандай. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов 2022 жылғы 27 қазанда базалық ставканы 16%-ға көтеруге мәжбүр болғандарын мәлімдеді. Салдарынан, ипотека, кредит атау­лы күрт қымбаттады. Ғ.Пір­матов бұл қадамға елдегі инфля­цияның басқа шауып, төске өрлеп бара жатқанымен түсіндірді.
«Бұл шешім инфляцияның тым жеделдеуіне және бағаның өсуі біздің болжамды бағалауы­мыздан едәуір асып кетуіне бай­ланысты қабылданды. Биылғы жыл соңына қарай инфляция 16-18% аралығында ғана болады деп болжаған едік. Бірақ қазірдің өзінде инфляция жылдық мәнде 17,7%-ға жетті. Соның ішінде азық-түлік өнімдері бағасы 22,2%-ға дейін көтерілген», – деді Ұлттық банк басшысы. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев баға­ларды тежеу мақсатында министр­лік мүдделі мемлекеттік орган­дар­мен бірге шара қабылдап жатқанын жеткізді. «Дегенмен талдау көр­сеткендей, шағын және микрокә­сіпкерлік санатына жататын, яғни тексерулерге, профилактикалық бақылауға мораторийдің аясына жататын «үй жанындағы дүкен­дерде», шағын базарларда сауда үс­темесі шамадан тыс артып кете­тін жағдайлар жиі байқалады», – деді вице-министр.
Оның түсіндіруінше, енді жеке азаматтар немесе заңды тұлғалар әлеуметтік маңызды азық-түлік та­уарлары (ӘМАТ) бағасының не­гізсіз жоғарылатылғанына шағым­данса, онда жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Бұл үшін жергілікті ат­қарушы органға, тұтынушы құ­қы­ғын қорғау департаментіне, бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментіне кассалық чекті қосып, шағым беру қажет. Кесірлі қырларынан арылу маңызды Кәсіпкерлердің бір бөлігі тек­серулерге тыйым салынуын пайда­ланып, өз қызметкерлеріне жала­қы төлемеуге немесе уәде еткеннен әлдеқайда аз беруге жаман үйреніп алды. Айталық, барлық қаладағы сауда ойын-сауық орталықтарында негізінен жастар, соның ішінде студенттер жұмыс жасайды. Еңбек министрлігіне солардан жұмыс берушісінің жалақы төлемейтініне, еңбек шарттарын сақтамайтынына, құлша жұмсап, түнге дейін тыным таптырмай жұмысқа жегетініне шағымдар жауып жатыр. Еңбек­минінің оларға жауабы бір: мора­торий біткенше шағын және микро кәсіпкерлік нысандарын тексере алмайтынын айтып, жалтарады.
«Мен «Ранчо Мясоедов» дәм­ха­насында аспаз болып жұмыс істедім. Жұмысқа алғанда, күніне 10 мың теңгеден төлейміз деп уәде еткен. Алайда 26 күн өтсе де, бір тиын төлемеді. Күнде ертеңмен той­дырды. Ол дәмханада жала­қы­сын алмаған жалғыз мен ғана емес екенмін. Ондайлар көп», – деді алматылық Шахин есімді азамат.
Шығысқазақстандық Алмагүл Семейдегі металл сынықтарын өң­деумен айналысатын шағын кәсіпорында түсті металды өткізу менеджері болып ұзақ жыл қызмет атқарыпты. Жұмыс берушісі жала­қы төлеген, алайда әлеуметтік және зейнетақы жарналарын ау­дармапты. Соны талап ете бергені үшін жұмыстан қуылыпты.
«Еңбек министрлігінде жұмыс берушілердің заңды бұзуын ынта­ландыратын мамандар жұмыс істейді деген ойға келдім. Олар жұмысшылардың сауатсыздығын пайдаланып, жаңылыстырады, жөн көрсетпейді, сөйтіп іс мер­зімінің өтіп кетуі үшін уақыт со­зады. Мен облыстық мемлекеттік еңбек инспекторы Ә.-нің кеңе­сімен кәсіпорын директорының атына хат бағыттадым. Біраз уа­қыттан соң WhatsApp арқылы об­лыстық бас мемлекеттік еңбек инс­пекторы Қ. хабарласты. Ол ме­нің бұрынғы жұмыс берушімді мақтап, қорғаштай бастады. Бұл шенеунік жалақыны бюджеттен емес, басқа жерден алып отыр­ған­дай сезімде қалдым. Мораторий күшінде болған кезде тексере ал­маймыз дейді. Егер азаматтар­дың конституциялық құқығы аяқ­қа тап­талып жатса, ондай ты­­йым­ның керегі не? Заңды орын­дауды талап еткенім үшін егде жас­та жұмыссыз қалып отырмын», – деп тұнжы­рай­ды Алмагүл апай.
Ол құқығын қорғау үшін ау­дандық сотқа жүгінді. Бірақ судья­лар алдымен кәсіпорында құры­латын Келісім комиссиясының алдынан өтіп, соның актісін әке­луді талап етіпті. Кәсіпорын ондай комиссия құрғысы келмеген. Ең­бек министрлігіне де шағым­да­ныпты. Министрлік шағын және микрокәсіпкерлікті тексеруге мо­раторий күшінде екенін қай­талаған.
«Мораторий жұмыс беру­шілерге шағымданған жұмыс­шылардың өтініштері бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы жүзеге асыратын тексерулерге де тосқауыл қойды. Шағымда сөз болған компания шағын бизнес саналады, оны мемлекеттік еңбек инспекциясы тексере алмайды. Осыған байланысты өтініш иесі өз мәселесін шешу үшін тікелей сотқа талап арызбен жүгінуі қажет бо­лады» делінген министрлік жауабында.
Жалпы, залалы осынша көп болса, мораторийді ұзартудың қа­жеті не?
«Мұның экономикалық және саяси орындылығы бар. Президент жаңа экономикалық саясатты жа­риялады. Соның және саяси ре­фор­малардың басты бір тірегі ша­ғын бизнес болады. Морато­рийді биыл жоя салуға болар еді. Алайда салық, мемлекеттік реттеу және басқа салалардағы рефор­малар жаңа басталды. Оларда жаңа ойын ережелері айқын емес. Биз­неске қойылатын талаптар түсі­нікті емес, күрделенген. Демек, мо­раторийдің аяқталғанын пай­даланып, тексерушілер, ревизор­лар осыны пайдаланып, жаза бас­қан кәсіпкерлерге қырғидай тиюі мүмкін. Ал ел басшылығы бизнес тыныш жұмыс істеуі тиіс деп отыр. Бұл үшін мемлекеттік ба­қылау жүйесі автоматтан­ды­ры­лады. Барып тексеру азайтылады. Тексерушілер тек өрескел бұзушы­лықтарға жол берген бизнес ны­сандарына ғана барады», – деді экономист.
Мораторий шамамен 1,5 мил­лионға жуық кәсіпкерлік нысанын қамтиды. Мысалы, ауыл-аймақ тұр­ғындары фермерлік, шаруа қожалықтарының көбі жұмысқа алған адамдардың бірде бірімен келісімшартқа отырмайтынына назар аудартып жүр. Құқық қорғау мамандары ол салада тіпті құлдық оқиғалары белең алғанын ескертіп, дабыл қақты. Тексермесе, оны да әшкерелеу қиын. Олай болса, са­лада мәселе қордаланып, ұлғайып барады. Мораторий ұзартылса, ол аяқталған соң билікке, барлық жауапты органдарға қаншама түйіні шиеленіскен түйткілді проб­лемаларды шешуге жұмылуы қажет болады.