«Жастар театрында негізгі билет бағасы – екі мың теңге. Ал студент үшін – жеті жүз, зейнеткер мен балаға бес жүз теңге. Есептеп қарасаңыз, театр көрерменінің 70 пайызы – жастар. Сондықтан актерлердің бір жарым-екі сағат бойы бес жүз теңге үшін ақ тер, көк тер болатынын ойлаңыз. Оған қоса, біздің театр актерлері жанды дауыста ән айтады, би билейді әрі қойылым қояды. Осының бәрі бес жүз теңге деп айту ұят. Аталған мәселені 2016 жылдан бері көтеріп жүрміз. Сондағы нәтижеміз – негізгі билет бағасы мың екі жүз теңгеден екі мыңға көтерілді. Оның өзін айғай-шумен көтердік. Ал студент пен зейнеткер үшін алты жылдан бері баға өзгерген жоқ. Дүкенге бара қалсаңыз, бес жүз теңгеге не алатыныңызды білмей ойланасыз. Ал театр – рухани дем алатын жер. Актерге жалақы бюджеттен бөлінеді. Бірақ жарнамаға, кеңсе және тұрмысқа арналған тауарға ақша бөлінбейді. Оған билеттен түскен қаражатты жұмсаймыз», – дейді «Жастар театры» көрермендермен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Лазима Мырзахметқызы.Аталған қызметкердің сөзінше, билетті басып шығару, ұсақ-түйек жұмысқа да театр қаражаты кетеді. Мысалы, мемлекеттен үш қойылымға ақша бөлінсе, бір спектакльге билеттен түскен қаражатты жұмсайды. Оның айтуынша, стандартқа сай, жұп-жұмыр қойылым сахналауға 15 млн қаржы кетеді. Ал театр жоғарыдан осы қаржыны үш қойылымға жұмсауға бөледі. Содан кем-кетікті өз қаражатына жамауға мәжбүр. Оған қоса кейіпкеріміз республикалық бюджеттен қаржыландырылатын театрда билет бағасы жоғары екенін атап өтті. Соған сәйкес, актер жалақысы да жоғары. Ал «Жастар» театрында жетекші актерлердің өзі қолына 150 мың теңге алады. Лазима Мырзахметова облыстағы театр жағдайы бұдан да төмен екенін қосты. Жалақы бюджеттен бекітілгенімен, билет бағасын көтеруге болатынын айтып шырылдап жүр. Театр ұжымы 2016 жылдан бері Мәдениет басқармасының табанын тоздырып жүр. Осы орайда көрермен тарапынан жекеменшік театр билетінің қымбат екенін жиі естиміз. Жоғарыдағы сайттан мысал ретінде «Жас сахна» жекеменшік театрының бағасын қарап көрдік. Негізгі билет бағасы – 5500 теңге болса, студенттер қойылымды 4400 теңгеге тамашалай алады. Ал биыл ашылған ArtKoshe театрында билет 3000-8000 мың теңге аралығында бекітілген. Театр жетекшісімен сөйлескенімізде тәуелсіз театр үшін мұндай баға қою қисынды екенін атап өтті.
«Тәуелсіз театр ретінде билет бағасын «шығынымызды өтейді-ау» деген тұжырыммен бекітеміз. Алдыңғы қатар бағасы – сегіз мың теңге, артқы қатарға жайғасамын десеңіз үш мың теңге. Көпшілік билет бағасының неліктен қымбат екенін сұрап жатады. Біріншіден, қойылым қоятын орынды жалға аламыз. Алматыдағы жекеменшік театрлардың дені 50 орыннан бастап, 150-170 орынға дейін көрермен жинайды. Яғни, орын саны шектеулі. Мемлекеттік театрдағыдай үлкен залымыз жоқ. Соның өзінде кейде көрермен толмайды. Ал мұның бәрі жалдау ақысы, декорация дейтін шығынға әсер етеді. Жасыратыны жоқ, кейде шығынды жаппайтын кез болады. Бірақ актер қаламақысын барынша төлеуге, көтермелеуге тырысамын. Олар да театрдан көп пайда көре алмайтынын біледі. Сондықтан өнерді сүйетін, идеяны қолдайтындар жиналған. ArtKoshe театры қазақ тілінде қойылым қояды. Отандық авторларды қолдайды. Бұған неге акцент қойдым? Себебі Алматыдағы жекеменшік театрлардың дені орыс тілінде, шетел авторларының қойылымын сахналайды. Қызығы, біздің қойылымға қазақтардан бөлек, орыстар да келеді, түсінеді. Негізі, театр ашу бизнес емес, өнерді сүю. Әлемде шоу жасайтын театрлар ғана бизнес жасайды. Жалпы, көрермен қымбат бағаға билет сатып алуға дайын емес», – дейді ArtKoshe театрының жетекшісі Әннәс Бағдат.Бұдан бөлек, Алматыдағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрының, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының бағасы басқамен салыстырғанда жоғары екенін білеміз. Мұның себебін көбінесе қойылымға бюджеттен бөлінетін ақша көлемімен, шетел режиссері мен актерын тартумен байланыстырады. Мұнда кей қойылымға билет бес мың мен жиырма бес мың теңге аралығында кезігеді. Драма театры үшін жоғарыдағыдай баға «Бөрте» қойылымы сахналанғанда белгіленді. Түркістан драма театры екі мың мен жиырма бес мың теңге аралығында билет сатып, аншлаг жинады. Өйткені мемлекеттік сатып алу сайтында көрсетілгендей қойылымда басты кейіпкердің өзіне 650 мың теңгеге костюм тігілген екен. Ал мұндай бюджетке арзан қойылым қоймайтыны белгілі. Күнкөрістен артылмайтын жалақы Билет бағасы жайын айтқанда, жалақыдан айналып өту мүмкін емес. Өйткені театр актерлері жағдайдың мәз емес екенін сан мәрте айтты. Президентіміз мәдениет саласында қызмет істейтін азаматтарға тиісті көңіл бөлмей келгенімізді алға тартқан еді. Соның ішінде театр қызметкерлері мен артистер туралы да айтты. Әсіресе, еңбекақыларының кейінгі жылдар ішінде өспегені тағы бар. Маусым айында Мәдениет және спорт министрі «Ұлттық» статусы бар бес жетекші мәдениет ұйымы қызметкерлерінің жалақысы 75 пайызға көтерілетінін айтты. Айталық, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, Михаил Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театры, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы «ұлттық» мәртебеге ие. Демек, осы ұйым қызметкерлерінің лауазымдық еңбекақысына жаңа коэффициент қосылады. Мысалы, 7-10 жылдық еңбек өтілі бар артистер бұрын 217 129 теңге алса, 1 шілдеден бастап еңбекақысы 379 977 теңгеге көтерілді. Алайда театрдың бәрінде «ұлттық» статусы жоғы сияқты, кез келген театр актерінің жағдайы жақсы емес. Өйткені актер еңбек өтіліне, марапаты мен атақ-дәрежесіне сай жалақы алады. Сол үшін өнер ордасына жұмысқа тұрған жас маманды қызық та қиын «тағдыр» күтіп тұр. Жас актердің бірден штатқа ілікпейтіні тағы бар. Бастапқы үш не алты ай ішінде штаттан тыс қызметкер ретінде жұмыс істейді. Кейіннен негізгі қызметкер ретінде жұмысқа тұрғанымен, жалақының жоғары болуы басқа да факторға байланысты болмақ. «Жастар» театры есепшісі Күміс Төлеутайқызынан актердің жалақысы туралы да сұрадық. Мысалы, ең төменгі жалақы – 96 473 теңге. Орташа жалақы – 140 436 теңге болса, жоғары жалақы – 315 113 теңге. Бұдан түрлі салық ақшасын алып тастағанда қалатыны күнкөріс деңгейінде әзер жететіні белгілі. Ал төмен жалақыға жұмыс істейтіндер туралы айтпаса да түсінікті болар.
«Жалақы мәселесін қозғап жүргенімізге бірнеше жыл болды. Мені алаңдататыны – жастардың жағдайы. «Халық саны аз, жастар шаңырақ көтеруге асықпайды» деп жатамыз. Мардымсыз жалақыға жұмыс істеп жүрген жас қайтіп бас құрасын? Отыздан асса да үйленбеген театр актерлерін білемін. Тұрмысқа шыққан актрисалар болса, бала санын көбейте алмай жүр. Себебі бала-шағаны қалай асырайтынын ойлап бас қатады. Қаншама отбасы жатақхана жағалап жүр. Қаншама актер реті келсе екі-үш жұмысты қатар алып жүргісі келеді. Түнделетіп такси жүргізетін актерлерді танимын. Мұның бәрі – күнкөрістің қамы. Ал тұрмыс қажытқан жерде өнер өрге жүзе ме? Қ.Қуанышбаев театрында елге белгілі актер дегеннің өзі ары кетсе, екі жүз мың теңге айлық алады. Бұдан ешқандай атақ-дәрежесі, марапаты жоқ жастың қанша алатынын есептеп көріңіз. Облыстық театрлардың жағдайы тіпті мүшкіл. Жүргенов академиясын, «Шабытты» бітіріп жатқан жас актер жетерлік. Соның бәрі Астана мен Алматыда жүр деп ойлайсыз ба? Үлкен қалада тұрақтай алмағандар облыс театрына барады. Оған қоса театр билеті арзан. Салыстырып қарасаңыз монша бағасы одан жоғары. Қазір жан тазартып, рухани байитын ортадан тәнді тазалайтын жердің бәсі биік екені қынжылтады», – дейді белгілі театр және кино актері Нұркен Өтеуіл.Ал аталған театрда он үш жыл қызмет етіп жүрген актер Жасұлан Ерболат әлі баспанаға қол жеткізбегенін айтады. Бастапқыда театрдағы жұмысын 27 мың теңге жалақымен бастаған. Жылдар өте 36 мың, 50 мың, кейіннен 97 мың теңгеге көтерілген. Қазір еңбек өтілін есептей келе 150-160 мың теңге көлемінде жалақы алады. Ол театр актерінің жанкешті еңбегі лайықты бағаланбайтынын алға тартып отыр.
«Біріншіден, театр актерінің жұмыс уақыты нақты емес. Мысалы, таңғы он шамасында жұмыс уақыты басталса, түнгі бірде аяқталуы мүмкін. Әрине, бізді ешкім қинап жатқан жоқ. Бұл – жанкештілік, рөлге құрмет. Кейде бір рөлді жетеріне жеткізу үшін режиссермен бірге түнгі екі-үшке дейін отыратынымыз бар. Тіпті, демалыс күндерін де қойылым дайындығына арнаймыз. Қарасаңыз, осындай кестемен екі-үш жерде жұмыс істеу мүмкін бе? Ал алатын жалақымыз төмен. Төленетін ақша шай-пұлға жетпейді. Жалдамалы пәтер бағасы шарықтап тұр. Азық-түлік болса қымбат. Кейінгі бір жыл ішінде 150 мың теңгеге күн көре алмайсың. Бізден де аз алатын актерлер бар. Солар қалай күнелтіп жүргеніне таңданамын. Өнер қызметкерге үй алуға мемлекет тарапынан ешқандай жеңілдік жоқ. Ал арнайы бағдарламамен үй алайын десе, жағдай жар бермейді. Мұндай жалақымен бастапқы жарнаны жинай алмайтынымыз рас. Он үш жыл ішінде үйге ақша жинай алмадым. Декорация, костюмге жауапты қызметкерлер болса 80-90 мың теңге айлықты місе тұтып отыр. Бізді тек өнер емес, тұрмыстың ауыртпашылығы мазалап жүр. Осы айтқанымызды оқып, жоғарыға сөзімізді жеткізер жан болса қуанар едік», – дейді актер Жасұлан Ерболат.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ