Ерікті болу үшін де ерік-жігер керек
Ерікті болу үшін де ерік-жігер керек
905
оқылды
Жақсылық жасау – адам табиғатына тән нәрсе. Әйткенмен, кез келген адам жүректің қалауын нарықтың талабынан жоғары қоя алмайды. Өзгелерге көмек қолын созып, ерікті болу үшін де ерік-жігер мен жомарт жүрек керек. Осы екеуі үйлесім тапқанда ғана еш­қандай материалдық қажеттілік бермейтін еріктілердің қатарын толықтыруға болады. Бас пайдасын емес, басқаларға көмек қолын созып, қоғамға пайдасын тигізуді ой­лайтындардың қатары жыл санап артып келе жатқаны қуантады. Осыдан екі жыл бұрын «Ерік­тілер жылы» деп жарияланды. Оның негізгі мақсаты – еріктілер қозғалы­сы­на шақыру және олардың қоғам­ның барлық саласына қатысуын қам­тамасыз етуге бағытталды. Өйт­кені бүгінде әлемде волонтерлердің күшімен көптеген істер жүзеге асып жатыр. Тіпті, осы күні әлем тұрғын­дарының сегізден бірі ерікті ретінде қоғамдық жұмыспен айналысатын көрінеді. Соңғы жылдары бізде де ерік­тілердің қатарын толықтырып, ел игілігі жолында жұмылып жұмыс істеуге құлшыныс танытып жатқан­дар көп. Мемлекет басшысының өзі волон­терлік қызметке баса мән беру керекті­гін міндеттеп, қолдау білдіріп келеді. Мәселен, 2016 жылы «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылданды, ар­тынша «Еріктілер жылы» жарияланды. Президенттің қатысуымен Birgemiz атты республикалық Волонтерлер фронт-офисінің ашылу рәсімі өтіп, осы саладағы жобаларды үйлестіріп, қо­ғамдық мониторинг жасап, оқыту, насихаттау жұмысын жүргізетін орта­лықтың жұмысы үлкен қолдау тапқаны белгілі. Мәселен, «Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқар­масы» ММ-не қарасты «Астана жас­тары» Жастар ресурстық орталығында да Волонтерлік қозғалысты дамыту бөлімі жұмыс істейді. Осы ұйымның базасында екі жыл бұрын волонтерлік штаб құ­рылды. Қазір штабта бірнеше во­лон­терлік және қайырымдылық ұйымдары біріктіріліп, әртүрлі салада қызмет көрсетіп жатқанын атап өткен жөн. Сонымен бірге 2014 жылдан бастап «Волонтерлер мектебі» жобасы тұрақты негізде екі сатылы нысанда жұмыс істейді. Бұл еріктілерді түрлі деңгейдегі іс-шараларды өткізуге дайындауға мүм­кіндік береді. Бағдарламаға ел тарихын білу, алғашқы медициналық көмек көр­сету, түрлі елдердің менталитетін зерт­теу, конфликтология бойынша мо­дульдер енгізілген. Соның арқасында 2000-нан астам адамға сертификат бе­ріліп, 7 мыңнан астам жастар жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қам­тылыпты. Айталық, 2 981 адам тұ­рақты жұмысқа орналастырылса, 857-і – жастар практикасына, 876-ы – қо­ғамдық жұмыстарға, 47-і – әлеуметтік жұмыс орындарына, 140-ы – бірінші жұмыс орнына, екі адам ұрпақтар келі­сімшартына қабылданыпты. Бұдан бө­лек, 92 жас 400 АЕК (1 225,2 мың теңге) сомасында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар алған. Ал биылдан бас­тап жастарды жұмыспен қамту шең­берінде білім беру ұйымдарының 998 түлегі жұмыспен қамтылып, «Жастар практикасы» жобасына қатысушы­лардың жалақы мөлшері 25-тен 30 АЕК-ке дейін және қатысу мерзімі 6-дан 12 айға дейін ұзартылды. Сондай-ақ 179 жас «бірінші жұмыс орны» жобасына қатысып, жалақы мөлшері 20-дан 30 АЕК-ке дейін және қатысу мерзімі 12-ден 18 айға дейін ұлғайтылды. Жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант мөлшері 200-ден 400 АЕК-ке дейін өсті. Грант 350 адамға, оның ішінде 204 жас пен 146 ХӘОТ-на қарастырылған. Бұдан басқа, жұмыссыздарды, оның ішінде жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары да тұрақты ұйымдастырылып келеді. Бұл орайда Жұмыспен қамту орталығының мо­бильдік тобы жұмыссыздарды, оның ішінде жұмыссыз жастарды анықтау мақсатында қаланың жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарына, қалалық базарларға, сауда үйлеріне және адамдар көп жиналатын орындарға шығып тұрады. Тұрақты дәстүрге ай­нал­ған шара бос орындар жәрмеңкеле­рін ұйымдастыру, кеңес беру және қызметтер көрсету, жұмысқа орна­ластыру бойынша әртүрлі қызметтерді атқарып отыр. Мысалы, жыл басынан бері осындай 54 бос орындар жәрмең­кесі ұйымдастырылып, оның ішінде білім беру ұйымдарының түлектерін жұмысқа орналастыру үшін 14 жәрмеңке өткен екен. Осының арқасында аста­налық жастар тәжірибе жинақтап, өз­дерін танытуға, жұмыс берушіге өз қа­білет­терін көрсетуге мүмкіндік алды. Ең бастысы, елордада екі қолға бір күрек тапқандардың саны артты. ерікті Республика бойынша 275 мың, Астана қалалық бөлімшесінде 7 мыңға жуық тәрбиеленушісі бар «Жас сарбаз» қозғалысы үлкен күшке айналып келеді. Осылай деген жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек 2018 жылдан бері жастарды әскерге тарту, отаншылдыққа тәрбиелеу мақ­сатында атқарылған жұмыстың ауқымы кең екенін жеткізді. «Ата-бабамыз ба­ланы бес жастан атқа қондырып, қо­лына қару ұстатқан. Ал қазір білімді мыңды жығатын заманда әскери рухты оятып қана қоймай, білімді әрі пат­риот­тық тәрбие берудің маңызы зор. Қоз­ғалыстың Астана қалалық бөлімшесі елде болып қайғылы оқиғаларда қалыс қалмай, қолдан келген көмегін аянып жатқан жоқ. Мысалы, Арыс қаласын­дағы жарыс, Мақтааралдағы су басу, әлемдік пандемия, Қостанайдағы тілсіз жаудың кезінде қозғалыстың еріктілері штаб құрып, жан-жақты көмек қолын ұсынды. Оның ішінде, тұрақты түрде Ұлы отан соғысы ардагерлерінің күн­делікті жағдайын біліп, ай сайын азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отырамыз. Біздің еріктілер жер үйде тұратын ардагерлердің ауласын тазалап, үйін жинап беруді тұрақты міндет етіп алған. Пандемия уақытында әскери қыз­меттегі дәрігерлерге, сондай-ақ ал­дыңғы кезекте жұмыс істеп жүрген дә­рігерлердің отбасына азық-түлік се­беттерін таратып, науқастарды қабыл­дауына да барынша атсалысты», – дейді Асхат Бағдатұлы. Оның сөзінше, ерікті болу – еріккенің ермегі емес, еріктілік ерлікпен пара-пар іс. Өйткені қозғалыс жұртқа жақсылық жасау арқылы отан­шыл жастарды бірлікте, ұлттық рухта басын біріктіріп, елдің тірегі әркімнің өзінен басталатынын дәлелдеп келеді. Бірлігі бар елдің ұландары ғана бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып тірлік ете алады. Тағы бір айта кетерлігі, егер бұрын шетелдік университеттер ғана волон­терлік қызметті оқуға түсуге арналған қосымша балдардың бірі ретінде қа­растырса, қазір мұндай тәжірибе Қа­зақстанда да енгізілуде. Бірақ универси­теттерге түсу кезіндегі аздаған айырма­шылық бар. Көптеген елдерде талапкер өзінің көзқарасы бойынша барлық перс­пективалы университеттерге мо­тивациялық хатпен құжаттардың бар­лық пакетін бірден тапсырады. Содан кейін комиссия олардың оқу орнында оқуға лайықты кандидаттарды таңдай­ды. Ал біздегі жүйеде әлі бал, яғни ҰБТ нәти­же­сі, олимпиада бойынша жүлделі орын­дар үлкен рөл атқарады. Маңыз­дысы сол, үміткерлерді іріктеуде әлеу­меттік және әлеуметтік жетістіктер қарастырылады. Еріктілердің еңбегі студенттік өмірде көбірек көмектеседі деген сөз. Қазір қалада кем дегенде 30-дан астам еріктілер мен қайырымдылық ұйымдары тұрақты негізде жұмыс іс­тейді. Оларда 8 мыңнан астам тұрақты ерікті тіркелген. Ал қажет кезде тұрақты еріктілер мен БАҚ-ның, көмек туралы посттардың арқасында бірреттік ерікті болуға өтініш тастайтындар көп екен. Айталық, стихиялық уақытта қалада 40 мыңнан астам адам көмек қолын ұсы­нуға даяр. Оның ішінде эко-волонтер­лік, әлеуметтік волонтерлік, ТЖ ерік­тілері және event-волонтерлік (респуб­ликалық және қалалық деңгейдегі кон­церттер, форумдар) барынша сұ­ранысқа ие. Кәмелетке толмаған бала­лар қарт адамдардың үйіндегі тазалау жұмыс­тарына, аумақты қоқыстардан тазартуға, іс-шараларды ұйымдастыру­шыларға көмек көрсетуге, қонақтар мен спорт­шыларды қарсы алуға және сү­йемелдеуге дайын. Яғни, олар физи­ка­лық және интеллектуалды жүктеме бо­йынша үлкен көмекке ие болса, ере­сектер ара­сында бұл әлеуметтік осал санаттарға, зейнеткерлерге, балаларға көмек көр­сетуге атсалысады екен. Олар көбінесе заттармен, киіммен, тұрмыс­тық және мектеп құралдарымен кө­мектескенді жөн көреді. Кейбір кездері кәсіби көмек көрсету, соның ішінде құқықтық, пси­хологиялық немесе ре­сурстық көмек түрінде де қолдау көр­сететіндер бар. Бүгінде еріктілерге қойылатын нақ­ты талап жоқ. Бірақ еріктілерді таңдау кезінде оның психикалық жағдайына аса мән беру маңызды көрінеді. Өйткені волонтерлікке келушілердің арасында әртүрлі мақсаттағы адамдар да болуы мүмкін. Қорыта айтқанда, қоғамның кез келген саласы үшін еріктілердің қызметі маңызды. Әрбірден соң өзгеге көмек қолын созудың да волонтердің өзіне беретін пайдасы да зор. Себебі адам­дармен қарым-қатынас жасауда ұмы­тылмас тәжірибе жинақтап, жауап­кершілікті сезінеді. Көшбасшылық қасиеті ашылып, командада жұмыс істеуге үйренеді. Қала өміріне белсенді қатысу, сондай-ақ белсенді әлеуметтік өмір сүру мүмкіндігіне ие болған жастар мобильділікке, шыдамдылыққа икемді бола бастайды. Ал халықаралық іс-шараларға қатысу көп тілді білуіне мүм­кіндік сыйлайтын сәттер көп кездеседі. Бір сөзбен айтқанда, қоғамның ілге­рілеуін волонтерлік қозғалыстың бел­сен­ділігінен байқауға болады. Бұл орай­да бас қаладағы еріктілердің бел­сенділігі оң бағалауға тұрарлық.