Әлеуметтік саланың әлеуеті зор
Әлеуметтік саланың әлеуеті зор
854
оқылды
Соңғы жылдары халықты жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар сала­сы жұмысының қызмет көр­сету аясы кеңейе түскен. Қазір мұндағылар халыққа бірнеше бағыт бойынша қыз­мет көр­сетіп келеді. Ола­рдың қата­рында ха­лық­ты жұмыспен қамту, арда­герлерге, аз қам­тылған аза­маттарға және мү­гедектігі бар жандарға әлеу­меттік қол­дау көрсету, аза­маттық-құқықтық актілерді тіркеу мен көші-қон мәселесі және қандастармен жұмыс жасау бар. Қазан айының соң­ғы жексенбісінде аталып өті­ле­тін Әлеуметтік қамсыз­дан­дыру қызметкерлері күніне орай біз Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеу­меттік қорғау басқар­масының басшысы Балмар­жан Нар­бе­кованы әңгімеге тартқанбыз. Кәсіпкерлікті қолдау қарқынды жүргізілуде Шымкент қаласындағы мил­лионнан астам тұрғынға жоғарыда аталған әлеуметтік саладағы ба­ғыттарды іске асыру үшін басқар­мада 49 штаттық бірлік бекітілген. Одан бөлек, басқармаға қарасты 14 коммуналдық мемлекеттік мекеме қызмет атқарады. Еліміздегі рес­публикалық маңызы бар үшінші қалада жұмыссыздық мәселесін ше­шуде мемлекеттік бағдарлама­лар­ды тиімді жүзеге асырудың нә­тижесінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіліп келеді. Бұл бағытта жыл сайын мемлекеттік бағдар­ла­малар жанданып, салалық маман­дарға нақты тапсырмалар жүктелуде. Қазір Шымкент қаласы бо­йынша 22 546 адам жұмыссыз ретін­де тіркелген.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жо­басы шеңберінде биыл оған 29 277 адам қамтылды. Кәсіби білім беру бойынша жоспарланған 2 392 адам­ды оқыту шарасы артығымен орын­далып, яғни 3 354 адам оқуға жол­дама алды», – дейді Балмаржан Полатқызы бізбен әңгімесінде.
Басқармада кәсіпкерлікті қол­дау бағыты қарқынды жүргізіліп жа­тыр. Биыл бұл жоспар 4 есе ар­тығымен орындалған. Мәселен, кәсіпкерлікті дамыту бойынша 3 050 адамға көмек көрсетілуі керек бол­са, мұндай қолдау 12 102 жанға көр­сетілген. Ал «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1 900 адам кәсіп­керлік не­гіздеріне оқытылуы тиіс болға­нымен, бүгінде оған 11 492 адам тіркеліп отыр. Биыл бизнес-идеяларды іске асыру үшін берілетін мемлекеттік грант көлемі екі есеге ұлғайып, 400 АЕК, яғни 1 225 200 теңге болғаны белгілі. Бүгінде осынау мемлекеттің қолдауына өтініш берушілер қатары көбейген. Шымкент қаласында мұндай қайтарымсыз қаржыны 1 150 жан алуы тиіс болса, қазірге дейін бизнес жоспарын қорғап, 610 адам грантқа қол жеткізіп, табысын еселеп отыр. Оның 175-ы – жастар, 435-і – осал топтар қатарындағылар. Диплом алып, жұмыс таппай жүрген жастарға алған мамандығы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында «Жастар практикасы» тәжірибесінен өту керек. Соның арқасында тәжірибеден өтуші түлек мамандығы бойынша бейімделіп, сол жұмыс орнында қалуына мүм­кіндігі болады. Жастар практика­сына төленетін еңбекақы мөлшері биылдан бастап 25 АЕК-тен 30 АЕК-ке, яғни 91 мыңнан астам тең­ге­ге көтерілсе, өту мерзімі де 6 айдан бір жылға ұзарған. Қалада жастар практикасымен 2236 жас жұмысқа тартылып отыр. Бұл шаралар бас­қарманың субсидияланатын жұмыс орындарына жатады. Яғни, бұл айлық жалақысы мемлекет тара­пынан төленетін жұмыс орындары. Жастар практикасынан бөлек, оған «Қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім­шарты», «Күміс жас», «Әлеуметтік жұмыс орындары» секілді жобалар кіреді. Айта кету керек, «Халықты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке тарту» ұлттық жобасының талабына сәйкес, жұмыс берушілер қол ас­тында уақытша еңбек етіп жүрген азаматтардың кемінде 55 пайызын тұрақты жұмысқа алуға міндетті. Сонымен бірге «Алғашқы жұмыс орны» жобасының айлық жалақысы да 20-дан 30 АЕК-ке өскен. Осы жо­бамен жұмысқа жолдама алған жастар 18 ай тұрақты еңбек етіп, тә­жірибесін шыңдайтын болады. Қалада 291 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы нәпақасын айырып отыр. Ал «Әлеуметтік жұ­мыс орындары» жобасының шар­тына сәйкес, айлық жалақының 35 пайыз мөлшерін – жұмыс беруші, қалғанын мемлекет өзі төлейді. Қазір қалада 125 азамат «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасымен еңбек етіп отыр. Мүгедектігі бар азаматтар электронды қызмет алады Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша биыл 24 196 жұмыс орны құрылуы қажеттігі жоспарланған. Оның 10 552-і ұлттық жобалар аясында болса, 13 644 орын жеке бастамамен құрылатын жұмыс орындарының есебінен толықпақ. Үшінші мегаполисте бүгінге дейін аталған жоспардың 84 пайызы орындалып қойыпты. Басқарманың ауқымды бағыт­тарының бірі – әлсіз топтарға, жұмысқа жарамсыз жандарға қолдау көрсету. Шымкентте қазіргі таңда 86 мыңға жуық зейнеткер болса, оның 4-еуі – ҰОС ардагері. 54 569 көп­балалы ананың 11 389-ы – Алтын және Күміс алқа иегерлеі. Арда­гер­лерді санатына, кезегіне қарай са­наторлық емдеуге жіберіп, мерзім­ді басылымдарға тегін жаздырып береді.
«Қоғамның дамуы сол қоғам­ның қарт адамдарға қарым-қат­ы­насымен өлшенеді. Шымкенттегі 4 ауданның үшеуінде қарттарға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған «Белсенді ұзақ өмір» ор­талықтары ашылған. Егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ қарт­тарға және зей­нет жасына жет­кен азаматтарға, сонымен қатар зей­нет жасына же­тіп, денсаулық жағ­дайына бай­ла­нысты емге мұқтаж қарттарға жар­тылай стационарлық жағдайда қыз­мет көрсету мақса­тын­да құрыл­ған орталықта қариялары­мыз бос уақытын өткізіп, әңгіме­лесіп, ара­ла­суына жағдай жасалған. Мұнда балалар үйінен бүлдіршіндер келіп, ата-әженің мейірімі мен қам­қорын да сезіне алады. Онда дәрі­герлік тексеру (жоғары дәрежелі те­рапевт, невропатолог, инемен емдеу дәрі­ге­рі), бильярд, теннис, садақ ату, ART терапия, трена­жер­лық қызмет түр­лері, бассейн, мас­саж, әсемдік жа­сару терапиясы, караоке залы, хо­реография, йога, еңбек тера­пия­сы, денешынықтыру бөлмелері бар», – дейді басқарма басшысы Б.Нар­бекова. Мұндай ор­талық ке­лер жылы төртінші аудан­да ашылмақ.
Қуанарлығы, атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары тоқсан сайын азайып келеді. Бұған себеп – басқарма тарапынан оқытуға, жастар практикасына, қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орын­дарына жіберіліп, шағын не­сие және грант беріп, қолдау көр­сетіліп жатуы екен. Мұнда табысы аз отбасылардың балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік топ­тама беру жұмыстары да жүйелі түрде жолға қойылған. Қазір Шымкент қаласында 38 800 мүгедектігі бар азамат тұрады. Биыл олар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электронды қол­таңбасын (ЭЦҚ) пайдалана оты­рып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс бере алады. Сонымен қатар психоневроло­гиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған балаларға, 18 жастан асқан пси­хо­неврологиялық ауруы бар аза­мат­тар­ға, өзіне-өзі қызмет көрсете ал­майтын жалғызілікті І-ІІ топтағы мүгедектер мен қарттарға арналған басқармаға қарасты 9 арнаулы әлеу­меттік қызмет көрсету орталығы жұ­мыс істеп тұр. Мүгедектігі бар жан­­­­дарға 1 019 адам қызмет көрсетеді.
«Осы тұста №1, 2 арнаулы әлеу­меттік қызметтер көрсету орта­лы­ғына бүгінгі таңға 52 адам кезекте тұрғанын айта кеткен жөн. Мұндай орталыққа мұқтаждық көп бол­ғандықтан, психоневрологиялық патологиялары бар мүгедек адам­дарға қосымша №1 арнаулы әлеу­меттік қызметтер көрсету орталығы жанынан 50 орындық ғимарат са­луға ұсыныс беріліп, қазір құрылыс басқармасы тарапынан жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде. Бұдан бөлек, 150 орындық жаңа оңалту ортылығын салу мақсатында типтік жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамаға ұсынылды», – деп атап өтті басқарма басшысы бізбен әңгімесінде.
Көшіп келгендердің көбі – өзбекстандықтар Басқарма қызметкерлері аза­маттық хал актілерін тіркеумен де айналысады. Шымкентте жыл ба­сынан бері 24 310 бала өмірге келіп, 6 068 неке қиылған. 4 079 жан өмір­ден өтіпті. Көші-қон мәселесі де осы са­ланың жұмысы. Жыл басынан бері 982 адам «қандас» мәртебесін алса, 122 жан осындай мәртебесін 6 айға создырған. Ал ТМД және шетелден көшіп келген этникалық қазақ­тардың басым бөлігі – Өзбекстан Республикасынан келгендер. Мәселен, көшіп келген 982 адамның 951-і – өзбекстандықтар. Олардың көбі құрылыс, сауда-саттықпен және басқада жалдамалы жұмыс­тармен айналысады. Оларға 2008 жылдан бері «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» қызмет көрсетіп келеді. Ал биыл Шым­кент қаласына шетелдік жұ­мыс күшін жұмысқа тартуға 294 квота бөлініпті. Бүгінде бөлінген квота негізінде 21 кәсіпорын мен ұйымдарда 136 шетелдік жұмыс іс­теуде. Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені және ұзартқаны үшін жыл басынан бері жергілікті бюд­жетке 57,4 млн теңге алым түскен. Бүгінде қалада жұмыссыздық пен осы салаға қатысты шаруаларды жүйелі атқару үшін мегаполистің 4 ауданында да жұмыспен қамту орталығының бөлімшелері жұмыс істейді. Ал қаладағы жалпы әлеумет­тік қорғау саласында 1500-ге жуық адам еңбек етеді. Мемлекет қам­қор­лығын қажет ететін әрбір азаматпен тіл табысып, олардың көңілін тауып жұмыс істеу жолында осынау сала қызметкерлерінің еңбегі ерен деуге болады.

Шымкент қаласы