Қазанның соңғы жексенбісінде елдегі «Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні» аталып өтіледі. Қоғамның қамқорлығына мұқтаж жандарды оңалтуда сүбелі еңбек ететін сала мамандары кез келген құрметке лайық. Апта соңында елордадағы Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай салтанатты іс-шара өтіп, аяулы маман иелері алғысқа бөленді.
Мерекелік шара басынан аяғына дейін әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамытуға ерекше үлес қосқан қызметкерлерге арналды. Әлеуметтік саланың барлық қызметкерлерін Астана әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев құттықтап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен Астана әкімі Алтай Көлгіновтің атынан жылы лебізін білдірді.
«Құрметті әріптестер, қала әкімінің атынан және өз атымнан Сіздерді мерекемен, әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күнімен құттықтаймын! Әлеуметтік қызметкерлердің күнделікті еңбегі-мемлекеттің өз азаматтарына қамқорлығының көрсеткіші. Мұндай мерекенің болуы Сіздің қиын жанқиярлық жұмысыңызға шынайы құрметтің барын көрсетеді. Бұл жақсы дәстүр бәрімізге жанашырлық пен өзара көмек қажет екенін еске салуы керек. Сіздерді осы тамаша күнмен құттықтаймын!» – деді әкім орынбасары Ерлан Бекмурзаев. Сондай-ақ ол елордада сегіз арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейтінін, онда экономикалық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер көрсетілетініне тоқталды. Онда мүгедектігі бар адамдарға өмірдің дәмін татуға, балаларға аяғынан тұруға және алғашқы қадамдарын жасауға көмектеседі. Жалпы, мемлекет тарапынан көмекке мұқтаж адамдардың өмірін жеңілдетеді.
Өз кезегінде құттықтау сөз алған Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб: «Біз бұл шараны әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлерін марапаттау үшін ұйымдастырдық. Әрине, олар үшін ең жақсы марапат – көмек көрсетілгендердің алғысы, бірақ біз олардың маңызы зор жұмысы үшін мемлекет атынан да ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Қызметкерлеріміздің барлық туыстары мен жақындарына денсаулық тілеймін. Біздің жұмысымыз үлкен шыдамдылық пен төзімділікті қажет ететіндіктен Сіздерге шыдамдылық тілеймін. Қызмет алушылар тарапынан әрқашан түсіністік болсын. Олардың әрқайсысының өз проблемалары бар және олар біздің жылы көзқарасымыз бен қамқорлығымызды қажет етеді. Сіздерге сергектік тілеймін және біздің қызметкерлеріміздің көздері тек бүгін ғана емес, әрдайым бақыттан жарқырай берсін!», – деген ақ тілегін арнады.
Іс-шара барысында әлеуметтік қорғау саласының үздік мамандары Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі», «Еңбек ардагері» ведомстволық наградаларымен, Астана әкімінің грамоталарымен, елорда басшысының және әкім орынбасарының алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, іс-шараға ардагерлер, әлеуметтік қорғау бөлімдерінің басшылары, әлеуметтік қызметкерлер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Барша әріптестерін кәсіби мерекелерімен, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаған «Үміт дағдарыс орталығы» КММ қызметкері Алтын Ерубаева мереке мейірімділікті, адалдықты, шыншылдықты және ең бастысы, ересек ұрпаққа, мүгедектігі бар адамдарға, салада жұмыс істейтін барлық санаттарға құрметпен қарауды білдіретінін жеткізді. Әлеуметтік қорғау саласында 15 жылдан астам жұмыс істейтінін айтқан ол: «Мемлекет біздің еңбегімізді атап өтетіні мен үшін үлкен қуаныш. Біз өз жұмысымыз үшін марапаттар мен мақтауларды талап етпейміз, бірақ оларды алған кезде – шабыттанып, одан да көп жұмыс істей бастаймыз», – деп ағынан жарылды.
Бүгінде елорданың әлеуметтік қорғау жүйесінде 1 300-ден астам әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Әлеуметтік қызметкерлер күн сайын мыңдаған зейнеткерлер мен мүгедектігі бар 3 000 балаға қамқорлық көрсетіп, мейірімге мұқтаж жандардың жүрегіне жол тауып келеді.