Оқу-ағарту министрлігі балабақшаларды жекешелендіруге тыйым салуды ұсынды. Білім реформасы аясында осыған тосқауыл қойылмақ. Әйтпесе, әкімдер ел қаржысына салынып, толық жабдықталған балабақшаларды жаппай жекенің қолына беруде. Егер бұл үрдіс жалғасса, президенттік тапсырма орындалмауы мүмкін. Себебі жекенің аты жеке, ол кез келген уақытта бизнесін сатуы не бағытын өзгерте салуы мүмкін. Мысалы, Кеңес Одағынан қалған 8,7 мың балабақшаның 5 мыңдайы жекешеленіп, орнына үй, жатақхана, жекеменшік мектеп пен колледждер ашылған. Қалғанының көбі қирады, тоналды. Мемлекет басшысы әр азаматтың білім алуына, денсаулығы мен әл-ауқатына мемлекет тікелей жауапкершілік арқалайтынын айтты. Бюджеттегі әлеуметтік салаға бағдарланған шығындар барған сайын өсуде: балабақша, мектеп, аурухана, мәдениет, спорт нысандарын салуға және жөндеуге триллиондаған теңге жұмсалады. Президент мемлекет алдына жаңа, биік мақсаттар қойып отыр: Қ.Тоқаев алдағы 7 жылда 2-ден 6 жасқа дейінгі барлық бала мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен және оқумен қамтамасыз етілетінін жариялады. Бұған қоса, әлеуметтік осал топ санатындағы отбасының балалары балабақшада тегін тамақтанады. Білім беру мекемелерінде қауіпсіздік шаралары күшейтіледі, барлық балабақша тиісті түрде жабдықталады. Әрине, балаларды 100% балабақшамен қамтуға бағытталған шара бұған дейін де қабылданған. Бұрынғы Үкімет 2010 жылғы 28 мамырда Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2020 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасын бекітті. Оның басты мақсаты ретінде «2020 жылға дейін мектепалды жастағы балалардың 100%-ын мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту» белгіленді. Оқу-ағарту министрлігі таяуда ол жоспардың орындалмағанын, қамтылу көрсеткіші балабақшаға мұқтаж балалардың 88%-ын ғана құрайтынын растады. Сарапшылардың түсіндіруінше, елдегі балалардың бәрі бірдей балабақшаға зәру емес: өйткені үйбике аталатын, ауылдар мен қалаларда үй шаруашылығымен ғана айналысатын аналар мектепке дейін балаларын өздері бағып-қағады, тәрбие береді, Үкіметтен балабақшадағы орынды талап етпейді. Сол арқылы олар мемлекеттің мойнындағы ауыртпалықты азайтып, оны өзінің нәзік иығына артады. Мұндай отбасылардағы балалардың үлесі шамамен 42 пайыз көрінеді. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Президент тапсырмасымен елімізде 2-6 жас аралығындағы балаларды 100% мектепке дейінгі сапалы білім және тәрбиемен қамту шаралары қабылданатынын жеткізді.
– Мемлекет басшысы министрліктің алдына балаларды 2 жастан балабақшамен қамту міндетін қойды. Бүгінде кезекте тұрған балалар санынан есептегенде 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту – 88%-ды, ал балалардың жалпы санынан есептегенде, 58%-ды құрайды. Қалай болса да бұл балаларды сапалы біліммен қамтуымыз керек. Тиісті жұмыс жүргізілуде, келесі жылғы бюджетке мемлекеттік тапсырыс беру үшін қосымша қаражат қарастырылды. Биыл 300-ден астам жаңа балабақша салынып, 40 мыңға жуық орын ашылады, – деді министр.Оның алдында Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Қаринова 2022 жылдың соңына дейін балдырғандарды балабақшамен қамту үлесі 99,3%-ға жеткізілетінін мәлімдеді. Осы мақсатта тек биылдың өзінде 322 балабақша ашылуы қажет. Биылғы жартыжылдықта әзірге оның 130-дан астамы ғана іске қосылды.
«Жекеменшік балабақшаларда болған, қоғамда резонанс тудырған түрлі келеңсіздіктерге жол бермеу үшін қауіпсіздік шараларын күшейтеміз. Біліктілігі жоғары кадрлармен қамту талаптарының орындалуын қадағалап, мемлекеттік тапсырыстың сапасын ваучерлік механизм арқылы жақсартамыз. 15 мыңнан аса тәрбиеші жаңа модель бойынша тиісті курстардан өтіп жатыр, олар тәрбиелеу сапасын жақсартады», – деді бірінші вице-министр.Балабақша «армиясы» миллионға жуықтады Елдегі демографиялық дүмпу шамалы баяулағанымен, жалғасып жатқанын ескерсек, онда бұл орындар да жетпеуі мүмкін. Өйткені балабақшалардың қазіргі саны азаттық алған тұстағы көрсеткіштен енді асты. Ресми статистикаға жүгінсек, кеңес заманында Қазақстанда 7 жасқа дейінгі балалардың шамамен 70%-ы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылыпты. Сонымен, Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылы республикада 8 743 балабақша болды. Ізінше елде алапат «оңтайландыру» науқаны басталып, олардың жартысынан астамы немесе 4 868-і жекешелендірілді. Үлкен бір бөлігі қаңырап бос қалды, мүлкі тоналды, құрылыс материалдарына таратылып, күйреді. Салдарынан, ел 90-шы жылдардағы зұлмат дағдарыстан құтылып, есін жинап, еңсе тіктей бастағанда, 2000 жылға қарай бүкіл елде бар-жоғы 1 144 балабақша қалғаны анықталды. Осыдан кейін республиканың мектепке дейінгі білім жүйесі қайта жандана бастады: балабақшалар саны өсті. Аз-аздап, әр жерде мини-орталықтар, дамыту орталықтары, мектеп-балабақша сияқты мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған ұйымдардың жаңа түрлері ашылып, іске кірісті. Нәтижесінде, «Балапан» бағдарламасы әзірленген 2009 жылы Қазақстанда 4 972 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеді, оның 2003-і – балабақша болды. Мектепалды жастағы балақайлардың небары 38,7%-ы немесе 373 160 бүлдіршін балабақшаға барып жүрді. Балабақша кезегінде тағы 260 мыңнан астам бала тұрған.
«Меншік нысаны бойынша оның 5 898-і немесе 54%-ы – мемлекеттік, 4 973-і не 44%-ы – жекеменшік. 2011 жылдан бері жекеменшік нысандағы мектепке дейінгі ұйымдардың саны 10 есе өсті: бұрынғы саны 444 қана болатын. Ал соңғы 10 жылда мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардың саны 211 бірлікке ғана көбейді», – деп мәлім етті Ұлттық статбюро.Мемлекеттік балабақшалардың көп өспеуіне олардың қарқынды түрде жекешелендірілуі себеп. Мектепке дейінгі ұйымдарға, балабақшаларға қазір миллионға жуық, 922 мың бала барады. Оның басым бөлігі әрқайсысында 2 миллионнан аса тұрғыны болған қос өңірге – Түркістан (158 мың) және Алматы облыстарына (109 мың) тиесілі. Биыл балабақшаларда қаздай тізіліп, қол ұстаса жүретін балақайлар саны миллионнан асып жығылуы тиіс. Яғни, «Балапан» бағдарламасы аясында билік балдырғандарды тегіс балабақшамен қамту міндетін шеше алмағанымен, осы салада қалыптасқан ауыр ахуалды біршама түзей алды: қамту көрсеткіші 38,7%-дан 88%-ға дейін жоғарылады. Жүз пайыз қамту жоспары Тоқаев қойған міндет аясында жүзеге асырылуы мүмкін. Ұрпақтың білімі – ұлттық қауіпсіздік ұстыны Бірақ бұл мақсат-мұрат үдесінен шығу үшін, салаға жауапты меморганның тұжырымдауынша, мемлекеттік балабақшаларды жекешелендіруді тоқтату керек. Осы мақсатта Оқу-ағарту министрлігі «Кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Меморганның дерегінше, қазіргі кезде мемлекеттік әлеуметтік білім беру объектілерін мемлекеттің иелігінен шығаруға заңнамалық деңгейде тыйым салынбаған. Осыны пайдаланып, жергілікті әкімдіктер жекешелендіру жоспарын орындау үшін балабақшаларды жеке секторға беруде белсенділік танытып жатыр. Ал бұл – анау-мынау емес, тікелей ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп саналады. «Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі туралы» заңының 6-бабының 1-бөліміне сәйкес, «елдiң бiлiм және зияткерлік әлеуетiнің деңгейі мен сапасының төмендеуі» ұлттық қауіпсіздікке төнген негізгі қауіп-қатердің бірі болып есептеледі.
«КСРО ыдырап, тәуелсіздік алған соң Қазақстанда жекешелендірудің бірнеше толқыны өтті. Еліміздің барлық ауданы мен қаласында жүрген жекешелендіру мен оңтайландыру науқаны білім беру жүйесінің нысандарына жойқын соққы берді. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында 90-жылдардың басында жұмыс істеген 652 балабақшаның 2000 жылға қарай 10-ы ғана қалды. Нәтижесінде балабақшалар желісінің тек 13% сақталды. ОҚО-да 191 балабақша жеке қолға көшкен соң, тұрғын үйге айналған. Сондай-ақ 56 балабақшада басқа оқу орындары, мектеп, колледждер орналастырылған. 38 бақша ғимаратына әртүрлі мемлекеттік орган кірді. Ал бір ғана Семей қаласында 90-шы жылдары 200-ден астам балабақша ғимараты сатылды немесе сенімгерлік басқаруға берілді», – деп еске салды Оқу-ағарту министрлігі.Қолданыстағы Жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес, әкімдер 2025 жылдың соңына дейін тағы 670 нысанды сатуды немесе сенімгерлік басқаруға беруді жоспарлауда. Сондықтан министрлік жаңа заң жобасында мектепке дейінгі, орта және қосымша білім беру объектілерін «иеліктен шығаруға, яғни жекешелендіруге жатпайтын объектілер тізбесіне енгізуді» қарастырды. Заң қабылданса, балабақшаларды жекешелендіруге тыйым салынады. Педагогика ғылымдарының кандидаты Евгения Скрипникова Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру жүйесі 90-шы жылдармен салыстырғанда көш ілгері екенін айтады.
«Бұл мәселе баласы, немересі бар, сондай-ақ қоғамның дамуы мен ұлт тағдырына бей-жай қарамайтын әрбір қазақстандыққа қатысты. Сондықтан Президенттің мектепалды жастағы балаларды тәрбиемен және біліммен толық қамту бастамасы тек қолдауға лайық. Бірақ салада проблема көп. Халықтың тұрмысы, төлем қабілеттілігі төмендегендіктен, балабақшалар ақыны көп көтере алмайды. Мұндай ұйымдардың рентабелділігі, табыстылығы аз. Сала мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Сонымен бірге халықтың мемлекеттік балабақшаларға деген сұранысы артады», – деді сарапшы.Тиісінше, мемлекеттік балабақшаларды жекешелендіруге тосқауыл қою орынды. Бүгінде 5 мыңға жуық қана жекеменшік мектепке дейінгі ұйым бар. Оқу-ағарту министрлігі ұсынған балабақшаларды аккредиттеу және лицензиялау бастамасы олардың көбінің жабылып қалуына соқтыруы мүмкін еді. Сол себепті Президент бұл бастаманы бұғаттап тастады. Оның орнына педагогтерді, тәрбиешілерді лицензиялау енгізілуі мүмкін.
Педагог «Білім туралы» заңының 8-бабына сәйкес, мемлекет Қазақстан азаматтарының тегін мектепалды білім алуына кепілдік беретініне назар аудартты: «Бірақ балабақшадағы орынға әркім кепілді түрде қол жеткізе бермейді. Қазір ата-аналар туа сала, баласын балабақшаға тіркейді. Алайда жергілікті биліктер аз қамтылған, көп балалы отбасылардың, мемлекеттік қызметкерлердің балаларына бірінші кезекте орын тауып беруді басымдық санайды. Балалардың үлкен бөлігі кезек жетпегендіктен, ата-анасының қалтасы көтермегендіктен, балабақшаға бармаған күйде мектеп табалдырығын аттайды», – деді Е.Скрипникова.Бұл бірнеше кесірлі салдарға соқтырады. Біріншіден, оқу үлгерімі нашар балалар көбейеді: жыл сайын ауыл мектептерін кем дегенде 70 мың бала бітіреді. Соның шамамен 25 мыңы ғана «жақсы» және «үздік» бағамен аяқтайды екен. Яғни, 64 пайыздан астамының білім нашар. Екіншіден, жас отбасылардың бала сүюді кейінге ысыра беруінің немесе бір баламен шектелуінің бір себебі де балабақшаларда орынның жетіспеуінде жатқан көрінеді. Үшіншіден, орын тапшылығы жемқорлыққа өріс ашты. Қазіргі кезде балабақшаға тұру үшін не әкімдікте, билікте туысың, танысың болуы керек немесе бірқатар балабақшаның басшысына «кіру жарнасын» төлеу қажет екені жасырын емес. Қалай болғанда, егер алдағы 7 жылда қазақстандық балдырғанның бәрі балабақшамен қамтылса, жас ұрпақтың білім деңгейі көтеріледі, коррупцияның өрісі тарылады, ал ата-аналар жұмыс істеуге мүмкіндік алып, отбасылардың ауқаты артады деп үміттенуге негіз бар. Әйтпесе, арзан мемлекеттік балабақшада орын болмай, бала бағудан жұмысқа шыға алмай, қамалып отырған көпбалалы және жалғызбасты аналардың әкімдіктерге шағымы еш толастамайды.