Мемлекеттік аграрлық саясатты түбегейлі өзгерту қажет – Жигули Дайрабаев
Мемлекеттік аграрлық саясатты түбегейлі өзгерту қажет – Жигули Дайрабаев
352
оқылды
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Аршалы ауданы Анар ауылындағы сайлаушыларымен кездесті. Аталған елдімекендегі «Аян» ЖШС тыныс-тіршілігімен танысты. Кездесуде кандидат жұртшылықты өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Анар станциясында орналасқан кәсіпорын – «Аян» ЖШС ұн тартумен, ұн, макарон өнімдерін өндірумен айналысады. Астана маңында пайда болған алғашқы отандық кәсіпорындардың бірі. Елорданың азық-түлік белдеуіне енген. Кәсіпорын тұрақты жұмыс істейді, алайда соңғы кездегі астық бағасының күрт өсуіне байланысты белгілі бір қиындықтар туындаған. Компанияның өз алқабынан алған біршама шикізаты бар. Бірақ ол мәселені шешпейді. Жигули Дайрабаев
«Бұл тұрғыдан келгенде мұндай кәсіпорындар нарықта арзан шикізат іздеп аласұрмай, шикізат жеткізушілерін нақты анықтап, айналасында орналасқан тауар өндірушілермен екі жаққа да қолайлы бағамен ұзақ мерзімді перспективада жұмыс істеуі керек», – деді Кандидат Жигули Дайрабаев.
Жигули Дайрабаев Одан кейін кандидат Анар ауылының тұрғындарымен кездесті. Жиынға ауылдың 70-тей тұрғыны, аталған елдімекеннің азаматтық қоғамының өкілдері қатысты. Олар кандидат бағдарламасына қызығушылық танытып, қызу қолдау білдірді. Сайлаушыларға кооперативтер, тұтыну кооперативтерін құру мәселесі өте ұнады. Себебі ауыл елордаға жақын орналасқандықтан ет, сүт және басқа да ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысатын әрбір үй шаруашылығы өз өнімін астана нарығына шығарып сатуға мүдделі.  Осыған орай, жиынға қатысушылардың басым бөлігі кооперацияның маңыздылығына тоқталып, кандидаттан осы бағытта нақты шаралар қабылдауды күтетінін айтты. Тұрғындар кандидатқа саяси тартыста табыс тіледі.