Ақтөбе облысында үлестік құрылыс проблемасын шешу бойынша бірқатар шара қабылданып жатыр. Өңірде 540 үлескер қаражат салған 11 тұрғын үй кешені бар, көбінің құрылысы бірнеше жылдар бойы тоқтап тұрған. Оған қаржы тапшылығы, сот процесі және басқа да жағымсыз факторлар себеп.
Проблемалық нысандарды тез арада пайдалануға беру және қиын жағдайға тап болған үлескерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге көмектесу үшін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен кешенді шаралар қабылданып, «Құрылыс кооперативтердің проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі жол картасы» бекітілді.
Аймақ басшысы Ақтөбедегі құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендерін аралап, бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысын жеке өзі тексерді. Барлық 11 нысанды аяқтау үшін әлеуетті инвесторлар тартылды. Кейбір мердігер компаниялар бойынша құқық қорғау органдарына материал жіберілді. Қазіргі таңда барлық нысанда құрылыс жұмыс басталды. Атап айтқанда, құрылыс материалының қымбаттауынан 2020 жылы Safina.kz тұрғын үй кешенінің жұмысы тоқтаған. Мұндағы пәтерлердің 75 пайызы сатылып үлгерген, бірақ, тұрғындар әлі күнге дейін баспанасына кіре алмай отыр. 4 қазанда облыс әкімдігінде өткен жиыннан кейін мердігер компания құрылыс-монтаж жұмысын жандандырған және биылдың соңына дейін аяқтауға уәде беріп отыр. Бұл нысан толығымен келер жылдың көктемінде пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ өңір басшысы Кaspigroup, «Алаш Орда», «Жилище», «Жанғали», Exclusive тұрғын үй кешендерінің құрылыс барысымен танысып, үлескерлермен кездесті. Жобадан ауытқып, құрылыс материалдарын ауыстырған «Жилище» тұрғын үй кешені сүрілетін болды.
«Проблемалық нысандардың қатарында 2016 жылдан бергі жобалар бар. Құрылысшылар тұрғындардан 9 қабатты үйдің құрылысына ақша алып, үйдің төрт қабатын ғана салған. Қалған қаражатқа жер учаскелерін сатып алып, мүлдем жоқ пәтерлерді сатып үлгерген. Шара қабылдауға тура келді. Ал басқа компанияларға қатысты нақты міндеттер қойылды: олар құрылысты толыққанды аяқтайды немесе өз міндетін уақытылы әрі сапалы орындайтын инвесторларға тапсырады. Біз қойған талаптарды орындап, істі соңына дейін жеткізуге дайын әлеуетті инвесторларды анықтадық. Ендігі іс құрылысшыларға байланысты. Біз қажетті көмек көрсетуге дайынбыз. 2023 жылдың соңына дейін үлескерлерге қатысты мәселелерді толықтай шешетін боламыз», – деген облыс әкімі Ералы Тоғжанов құрылысшыларға өз міндетін сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды.