Елордадағы рухани кездесу
Елордадағы рухани кездесу
659
оқылды
Астана қаласындағы №51 мектеп-гимназиясында «Ұлты үшін туған ұлы тұлға – Мұстафа» атты іс-шара өтті. Рухани кездесу Мұстафа Шоқай есімін ұлықтау, зерттеулері мен ел үшін істеген ісін насихаттауға арналды. Ғалымдар тұлға жайындағы еңбектерімен таныстырып, қызықты деректермен бөлісті. Салтанатты іс-шараға «Мұс­тафа Шоқай» зерттеуінің авторы, қазақ руханияты үшін ерен еңбек сіңірген аты әлем қазақтарына әйгілі, Түркия мемлекетінің Ми­мар Синан көркем өнер универ­ситетінің профессоры, тарих ғылымының докторы, шоқай­танушы Әбдіуақап Қара қонақ болды. Одан бөлек, жиынға мұстафа­тануға үлес қосып жүрген Әбжәлел Бәкір, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, Ұлттық музей, Ұлттық кітапхана қыз­мет­к­ерлері, зерттеуші ғалымдар, білім беру саласы қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдері қатысты. Келген қонақтар мұражайда ұлт күрескерінің саяси көзқарас­тары­ның қалыптасуына əсерт еткен тарихи оқиғалар мен Мұс­тафа Шоқайдың шетелдегі эми­грацияда жүрген кезеңдегі атқар­ған қоғамдық қызметі туралы деректермен танысты. Мұстафа Шоқайдың өмірі, саяси жолы, Түркістан, Кавказ, Түркия, Фран­ция елдеріндегі эмигрант­тық тағдыры, айдауға түскен кезде көрген ауырт­па­лық­тары айқын көрініс тапқан тарихи туындысынан үзінділер тама­шала­ды. Ізінше жас музей­тану­шы­лар ғылыми-зерттеу клубы­ның жұмысына баға берді. Профессор Әбдіуақап Қара мен қоғам қайраткері Әбжәлел Бәкір Шоқайдың өмірі мен қызметі туралы пікір алмасып, дөңгелек үстелде кеңінен көсілді. Тұлғаның туған күнінен бастап, ұлт үшін істеген игі ісіне тарихи баға берді. Мұстафа Шоқайды ұлықтау, еңбегін көпке таныстыру ел ішінде бәсең екенін баса айтты. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде шоқайтануға кедергі болған адамдардың есімін атап, алда биліктен күтетін бастама­лар­ға тоқталды. Жиынға қатыс­қан­дар ғалымның айтқанын ұйып тыңдап, үнсіз келісіп отырды.
«Егер зерттеп қарасаңыз, қазақта халықаралық тақырыпта 150 мақала жазған кім бар? 1924-1933 жылдар аралығында Лон­дон­да алты рет баяндама жасауға кімнің қауқары жетті? Эпистол­ярлық мұрасына келсек, 100 шақты адаммен хат алмасып, хабар алысқаны бір төбе. Мемлекет басшысы тарихта болмаған бастама көтеріп жатыр. Алаш қайраткерлеріне барынша көңіл бөлініп, еңбегі ел ішіне таралып жатыр. Кезінде Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын ЮНЕСКО бекітіп, тойлауды сұрағанда билік ақша жоғын айтқанда тосылып қалғанымыз бар. Сол қателіктер қайталанбай, ұлт руханиятын жаңғыртсақ екен. Мұстафа Шоқай туралы ел біл­мей­тін қаншама дерек, зерттелуі тиіс тұсы бар. Сондықтан жастар, ғалымдар Шоқай биігін барын­ша таныса деймін», – деді қоғам қайраткері Әбжәлел Бәкір. Шоқайтанушы Әбдіуақап Қараның айтуынша, Түркия жұрты Мұстафа Шоқай бей­несіне тәнті. Өйткені Францияда ескерткіші барына қызыға да қызғана қарайды екен. «Маған түрік бауырларымыз «біз Фран­циямен әдеби, рухани қанша байланыс орнаттық. Алайда Мұстафа Шоқай бір рет барды, таңдандырды. Кейінірек ескерт­кіші бой көтерді» деп қайран қалады. Ал бұл маған шабыт береді, рухымды көтереді», – деді ғалым.
Ал №51 мектеп-гимназия директоры Данара Мейранбек­қызы оқу орнына көрнекті қо­ғам қайраткерінің есімі берілгелі бері әр іс жөнін тапқанын атап өтті. Қайраткерге арналған музей ашу ісі де бір айдың ішінде жүзеге асқанын, тіпті Германия­дан қоңырау шалып Шоқай мұрасын табыс­та­ғандар бар екен. Мектеп ди­рек­торы музей жұ­мысының жүруіне үлес қо­сып, үнемі бай­ланыста жүретіні үшін Әбдіуақап Қараға естелік сыйлық табыстап, шапан жапты. Айтулы іс-шара «Ұлты үшін туған ұлы тұлға – Мұстафа» атты танымдық-драмалық қо­йы­­лым­мен жалғасты. Мұстафа Шоқай өміріне суреттеген кө­рініс пен жары Мария Горина­ның моно­логі, аса көрнекті қайраткерге ар­налған жыр-шумақтары көрер­мен назарына ұсынылды.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ