LED экранның істен шыққанына да жылдан асты. Қараусыз қалғандықтан экран орнатылған кешеннің қабырғалары құлап, арты апандай үңірейіп тұр. Айналасына жарық береді деген шамдардың толықтай жарығы сөнген. Орнына қарасаң, бейне біреу қымбат жарық шамдарын қолша шығарып алғандай. Тұрғындар бір мезгіл тынығып отырады деген орындықтарға орнатылған телефон қуаттағыш қондырғылар да қирап біткен. Ол аздай ішін қоқысқа толтырып, айналасына темекі қалдықтарын шашып кеткен.
«Жастар» аллеясындағы жағдайды жастар көзімен көру үшін оларды тілге тарттық.
– Оқушы кезімде ауылдан қалаға жол түскенде осы жерге міндетті түрде соғатынмын. Бір жолы қазақ эстрада жұлдыздарының концертін аллеядағы сахнадан көргенім әлі есімде. Болашақта бүгінгі өзім оқып жатқан білім ордасына оқуға түссем, саябақта достарыммен серуендеп жүрсем деп армандайтынмын. Тараз өңірлік университетіне оқуға түскеніммен бір кездері сүйсінген саябақтың бүгінге сұрқы қашып барады. Амфитеатрдың шатыры ұшып, үңірейіп тұр. Ал LED экран соңғы рет қашан жұмыс жасады есімде жоқ. Бүлінген, сынған брусчаткалар күннен-күнге көбейіп барады. Мұнда келетіндердің көбі өзім сияқты жастар. Замандастарымды тәртіп пен тазалықты сақтауға барынша шақырып жатырмын. Алайда жауапты мамандар бүлінген жерді бүтіндемесе, «Жастар» аллеясына көпшілік қараусыз қалған орындай қарауда, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік унвериситетінің 2-курс студенті Сұңқар Тілепперген.Қала тұрғыны Тұрдыбек Бекеннің де пікірі осыған саяды.
– Үйім жақын маңда орналасқандықтан саябаққа жиі келемін. Бұрын бәрі таза, жақсы еді. Қазір көп дүние қирап жатқаны жасырын емес. Әсіресе, аллея аумағына жастар көлікпен келіп, шеңбер жасап айдайтынын көріп шошимын. Бұған «қой» деп жатқан бір адам жоқ. Ертең сол көлікті тізгіндеген жастар біреуді басып кетсе қайтеміз? Саябақтағы қираған дүниелерді қайта қалпына келтіруге көп қаражат қажет емес. Ал жүгенсіз кеткен көлік жүргізушілерін полиция қызметкерлері тәртіпке шақырса, алғысымыз шексіз болар еді. Аллея аумағында учаскелік полицейдің пункті де бар. Алайда онда сала қызметкерлері отырмайды. Содан барып бұзақылар білгенін істеуде. Осыған жергілікті билік жақын арада көңіл аударады деген үміттемін, – дейді Тұрдыбек.Көптің көкейіндегі мәселені көтеріп, саябақтағы келеңсіздіктер қашан қалпына келтірілетінін білмек мақсатта Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қайырылдық. Алайда ақпаратты әзірлеп береміз деген мекеме жауаптан жалтарып, саябақтағы жәдігерлер секілді өздері де жоғалып кетті.
Әрине, байыбына бармай жатып, байбалам салудан аулақпыз. Алайда бұл Тараз қаласындағы жалғыз жағдай емес. «Таразға тарту» жобасы аясында бой көтерген «Денсаулық» саябағындағы дәрігер ескерткішін де тентектер екі мәрте қиратып кеткен болатын. Сондай-ақ малшылардың «маршалы» атанған Жазылбек Қуанышбаевтың құрметіне ашылған сквердегі төрт түлік мүсіндерін де бұзақылар бүлдірген.
Негізі, Жамбылда нысанды салу бар да, алайда оны теңгеріміне алуда жауаптылар ат тонын ала қашады. «Сен салар да, мен саларға» салғаннан кейін соңы жоғарыда айтқандай, келеңсіздіктермен аяқталып жатады. Сондықтан бұл мәселеге шенділер жіті көңіл бөліп, жауапкершіліктен қашпаса игі. Әйтпесе, бірер жылда саябақтардың сұрқы қашып, сау дүниенің бәрі қирап бітетін түрі бар.
Жамбыл облысы