Абай облысының онкохирургтары панкреатодуоденалды аймақтағы ісіктері бар, яғни ұйқы безінің обырына шалдыққан пациенттерді емдеу дағдыларын арттыруға мүмкіндік алды.
26 қазаннан бастап үш апта бойы Абай облысының Ядролық медицина және онкология орталығында Бохумдағы (Германия) Рур университетінің профессоры, медицина ғылымдарының докторы Ханс-Вернер Кравцак панкреатодуоденалды аймақтағы ісіктері бар науқастарды емдеу сапасын жақсарту бойынша шеберлік сабақтарын өткізеді. Облыс онкологтары германиялық профессормен бірлесіп, оқыту семинарларынан басқа онкологиялық аурулардың клиникалық және күрделі жағдайларын талдайды.
Профессор Ханс-Вернер Кравцак – хирургияның барлық негізгі салаларында, әсіресе висцеральды, кеуде, тамыр және травматологиялық хирургия мен ортопедияда көпжылдық тәжірибесі бар әлемнің жетекші сарапшыларының бірі. Оның кәсіби дағдылары қатарына ірі хирургиялық операциялар мен күрделі қатерлі ісік ауруларын қарқынды бақылау және емдеу, минималды инвазивті бейне-эндоскопиялық операциялар, ашық хирургия және өкпеге, көкірек пен кеудеге минималды инвазивті операциялар жатады.
Айта кетейік, аталмыш оқыту семинарлары Германия үкіметі қорының жобасы шеңберінде өткізіледі, олар панкреатодуоденалды аймақтағы ісіктері бар науқастарды емдеу саласындағы отандық онкологтардың білімі мен дағдыларын тереңдетуге мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар онкологиялық ауруларды емдеуде заманауи стандарттар мен тәсілдерді енгізуге, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуға ықпал етеді.