Қайрат Сатыбалдының шетелде сақтаған дүние-мүлкі елге қайтарылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
Шетелден құны 230 миллион АҚШ долларынан асатын эксклюзивті асыл тастар мен зергерлік бұйымдар елге қайтарылды.
«Қайрат Сатыбалдыұлы мен басқа да адамдарға қатысты қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде алыс шет елдерде фигуранттарға тиесілі, құны 230 миллион АҚШ долларынан асатын, мемлекет кірісіне айналдырылған эксклюзивті асыл тастар мен зергерлік бұйымдар елге қайтарылды» делінген хабарламада.
Сонымен қатар Қайрат Сатыбалдыұлының шетелдік бағалы қағаздарға 300 миллион АҚШ долларын салу фактісі анықталды. Көрсетілген сома жақын арада Қазақстан бюджетіне түседі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заңсыз әкетілген капиталды іздеу және елге қайтару жүргізіліп жатыр.