Алматыда салмағы 5 келіден асатын сәби дүниеге келді
Алматыда салмағы 5 келіден асатын сәби дүниеге келді
601
оқылды
Қаладағы №4 перзентхананың акушерлері салмағы 5 келі 100 грамм болатын нәрестенің анасын босандырды. Әдетте мұндай ірі нәрестені дәрігерлер кесарь тілігі арқылы босандырады. Сол себепті акушерлер оны толық дайын оталық топтың қатысуымен босандырды. Бұл жолы кесарь тілігін жасау қажет болмады, үш сағаттан кейін дүниеге сәби қыз келді.
«Әйелде қағанақ суының көптігі болды. Мұндай жағдайда өзі босанғанда ана мен бала үшін белгілі бір қауіп болады. Қағанақ суының көптігі кезінде асқыну болса, кіндіктің түсуі мүмкін еді. Ультра-дыбыстық зерттеу кезінде іштегі нәрестенің салмағы 4 600-4 800 болады деп болжанған. Кесарь тілігі арқылы босану жоспарда болған, бірақ кенеттен толғақ басталып кетті. Натальяны Екатерина Самарцева, Индира Кемалова үшеуміз бірге ота бөлмесінде босандырдық. Бәріміз дайын болдық. Қарашаның бірінде таңғы сағат 5.30-да дүниеге қыз бала келді», – дейді Алматы қаласы №4 перзентханасының акушер-гинекологі Айнұр Иманқұлова.
Қазір Наталья үйге шығуға дайындалып жатыр. Қызын Дарья деп атады. Бұл Натальяның отбасындағы төртінші бала.
«Мен 38 жастамын, үлкен қызым 11-де, ұлым 9 жаста, содан кейін 2 жас 7 айлық тағы бір ұлым бар, міне Дарья деген қызым дүниеге келді. Дарья –  сыйлық деген сөзден шыққан. Алла Тағала бізге төрт бала сыйлады. Менің үлкен қызым да ірі салмақпен дүниеге келген болатын. Оның салмағы 4 100 грамм болған еді. Қызымды дүниеге әкелуге көмектескен дәрігерлерге рақмет. Өз жұмысын жақсы, үйлесімді орындайды. Жұмыстарын 5 деп бағалар едім. Акушерлердің жұмысы өте ауыр, олар нағыз батырлар екен. 2020 жылы осында үшінші баламды босандым, маған перзентхана ұнады, сондықтан осы жолы да №4 перзентханаға келдім», – дейді алматылық Наталья.
Іштегі нәрестенің үлкен болуы қазір сирек жағдай емес екенін айтады дәрігерлер. №4 перзентханада жыл басынан бері салмағы 4 келіден асатын 621 сәби дүниеге келген. Ал салмағы 5 келіден асатын 10 бала өмірге келген.