Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам
Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам
450
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар бірқатар конституциялық заңдарды қарап, қабылдады. Сенат Төрағасы Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахтасында болған апат салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына көңіл айтты және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Үкімет пен Қарағанды облысының әкіміне апат себептерін анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қайтыс болғандар мен жарақат алғандардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырғанын атап өтті. Сондай-ақ Палата Спикері тергеу қорытындысына сәйкес мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуға қажетті шаралардың бәрін іске асыру аса маңызды екенін айтты. Сенат Төрағасы конституциялық заңдарды қабылдау жөнінде пікір білдіріп, Мемлекет бас­шысының саяси және экономикалық реформа­ларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Парламент жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін айтты. Осы ретте жаңа талаптарға сәйкес ел Пре­зи­дентінің саяси партияға мүше болуы тоқтатыла­тынын атап өткен жөн. Бұл норма барлық судья­ларға, Орталық сайлау комиссиясының мүше­леріне және Жоғары аудиторлық палатаға да қатысты болмақ. Енгізіл­ген өзгерістерге сәйкес жергілікті атқарушы органдардың басшыларына саяси партиялардың филиалдары мен өкілдік­терінде лауазымдар ие­ленуге тыйым салынады. «Қазақстан Республикасының Конституция­лық Соты туралы» конституциялық заңға сәйкес құры­лып жатқан жаңа институт азаматтардың консти­туциялық құқықтарының бұзылуы туралы өтініш­терін қарайды. Конституциялық сотқа жүгіну құ­қы­ғы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де беріліп отыр. Конституциялық Сот жо­ғарғы сот органы ретінде заңның үстемдігін қамтамасыз етеді, елдегі азаматтардың құқықтарын қорғауға кепілдік береді және халықтың мемле­кеттік ин­ституттарға деген сенімін арттыруға сеп­тігін тигізеді.
«Бұл конституциялық заң Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша қабылданып отыр. Ол азаматтардың құқықтарын қорғау институт­тарын және конституциялық бақылауды күшейтуге ар­налған. Алдағы уақытта Конституциялық сот азамат­тардың конституциялық құқықтарының бұзылуына қатысты өтініштерін қарайды. Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де Консти­туция­лық Сотқа жүгіну құқығы берілген. Алдағы уақытта Конституциялық Сот жоғарғы сот органы ретінде заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, ел игілігіне нәтижелі қызмет етеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Бүгінгі отырыста қабылданған «Прокуратура туралы» конституциялық заң аудандардан бастап орталыққа дейінгі прокуратураның бүкіл жүйесі мен құзыретін айқындайды.
«Бұл конституциялық заң биылғы маусым айын­да өткен республикалық референдум нәти­же­сінде Конституцияға енгізілген өзгерістерді іске асыру үшін әзірленді. Құжатқа сәйкес Про­куратураның негізгі мақсаттары адамды, оның өмі­рін, құқықтары мен бостандықтарын мемле­кеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау, ел аумағында заңды­лық­ты қамтамасыз ету болып айқындалды. Осылай­ша прокуратура органдары­ның қызметі алғаш рет конституциялық заңмен реттеліп отыр. Мұндай қадам құқық қорғау жүйе­сін нығайтуға үлкен үлес қосары сөзсіз», – деді Сенат Төрағасы.
«Қазақстан Республикасындағы Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл туралы» конституциялық заңның нормалары бойынша омбудсмен өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан тәуелсіз болады және есеп бермейді. Сондай-ақ уәкіл өзінің лауазымдық міндеттерін орындауға байланысты өзіне белгілі болған жағдайлар туралы куә ретінде жауап алуға жатпайды. Уәкілдің мұндай мәртебесі бұзылған құқықтарды қорғауда қазақстандықтардың құқықтық кепілдіктерін күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заңды қарап, қабылдады. Бұл құжат 8 конституциялық заңға түзетулер енгі­зу­ді көздейді. Олардың қатарында «Қазақстан Рес­публикасының Президенті туралы», «Қазақ­стан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақ­стан Республикасындағы сайлау туралы» және тағы басқа заңдар бар. Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне Мем­ле­кет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жол­дауын іске асыру мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылым­да қабылдады. Сенат Спикері заңдардың қабылдануы жөнінде пікір білдіріп, енгізілген өзгерістер мен толық­тырулар азаматтардың елді жаңғырту ісіне қатысу мүмкіндігін арттыра түсетінін атап өтті. Сондай-ақ жаңа нормалар жергілікті өзін-өзі басқару орган­дарының дербестігін нығайту және көп­партия­лылықты қалыптастыру үшін қолайлы құқықтық жағдайлар жасайды.