Бұл жолғы ұлттық рақымшылық тәуелсіздік жылдарындағы оныншы рет жарияланып отырған ізгілік шарасы екеніне қарамастан, оның тек қана бірреттік және ең ізгі көпшіліктік-құқықтық қадам ретінде қарастырылып отырғанын атап өту қажет. Бұл ерекшелікке Мемлекет басшысының өзі де баса назар аударып отыр. «Рахымшылық туралы» заңның қабылдануына ең басты жалғыз себеп болған оқиғаның ендігі жерде қайталануы, алдағы уақытта мұндай рахымшылық актісінің жарияланатынына түрткі бола алмайтынына ешқандай да күмән болмауы тиіс. Бұл туралы ешқашан да ұмытпауымыз керек. Адам құқы мен бостандықтарын сақтау әрі құрметтеу актісі ретінде қарастырылып отырған рақымшылық шарасы ішінара ғана қолданысқа ие. Оған тек қана 4-7 қаңтар күндері еліміздің аумағында болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан және соған қатысы бар әрекеттерді жасаған адамдар ғана ілігеді. Сонымен қоса, оның күші (тұлғаға қарсы заңсыз әрекет, көрнеу жалған тұтқындау, куәлік беруге мәжбүрлеу, қылмыстық құқықбұзушылықты жасыру, бөлімшені немесе қызмет орнын тастап кету, қызметіне салғырт қарау сынды) қылмыстық құқықбұзушылықтарға барған полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілерге де жүреді. Қылмыстық кодекстің 52-бабында қамтылатын, яки рақымшылыққа жататын қылмыстарды және оларды жасаған адамдарды анықтау кезінде Бас прокуратураның қарастырылып отырған кезеңдегі мемлекеттің қылмыстық қудалау органдарында тіркелген тұлғалар мен іс-әрекеттердің негізінде терең сарапталып, дәл тұжырымдалған мәліметтері басшылыққа алынғанының да маңызы зор. «Рақымшылық туралы» заңның, мұндағы қарым-қатынасты реттейтін, Қылмыстық кодекстің 78-бабының нормаларынан асып кетпейтіні – бұлжымас заңдылық. Мәселен, кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар жауапкершіліктен босатылса, сотталғандар жазасын өтеуден босатылады немесе жазасы жеңілдетіледі. Ал ауыр және аса ауыр қылмысы үшін сотталғандар үшін жаза мерзімі қысқартылады, жазасын өтеп шыққандардан немесе жазасын одан әрі өтеуден босатылғандардан соттылығы алынып тасталады. Бұл ретте жыныстық, террористік, азаптау қылмыстарына және рецидивке рақымшылық жүрмейді. Түйіндей айтқанда, «Рақымшылық туралы» заң жаза басқан азаматтарға қоғам мен мемлекеттің танытқан ізгі ниеті деуге болады. Енді Үкімет пен жергілікті органдардың алдында оларды қарқынды түрде қайта әлеуметтік ортаға бейімдеу міндеті тұр.