Жыл басындағы қаңтар оқиғаларының ауыртпалығын әлі де арқалап жүрген жандар бар. Біреу жаңсақ басты, енді бірі шалынды, келесісі арандатуға ілікті. Бұрынғылардың «адасқанның айыбы жоқ, үйірін қайта тапқан соң» дейтін сөзі осындайда ойға оралады. Сондықтан қоғам өкілдері Қаңтар оқиғаларына қатысқан жандарды ақтауға сұраған. Тілек ескерілмей қалмады, айыпталған азаматтар «Рақымшылық жасау туралы» Заңның рақымын көріп, жазадан босатылмақ.
– Президент 1 қыркүйектегі Жолдауында: «Мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бірреттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым» деген еді. Көп ұзамай «Рақымшылық жасау туралы» заңға қол қойды. Жалпы, бұл құжат қалай реттелді?
– Қаңтар оқиғасы бүкіл халқымыз, еліміз, әрқайсымыз үшін үлкен сынақ болды. Ол кезде көп дүниенің беті ашылды, қиындықтар, сатқындықтар кезікті. Оны әрқайсымыз жүрегімізден өткіздік. Сондықтан сол кездегі жағдайларды еңсеру мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр» деп атап өтті. Осы тапсырмадан кейін біз бір топ Парламент депутаттары болып, «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасына бастамашылық жасадық.
Жаңа заң Қаңтар оқиғасы кезінде жасалған қылмыстар бойынша жауапқа тартылатын адамдарға мемлекет пен қоғам тарапынан жасалған гуманизм мен мейірімділік актісі деуге болады. Жұмыс барысында жасалған қылмыстардың нақты уақыт аралығы және рақымшылыққа іліккен азаматтар тобы белгіленді. Яғни, Қылмыстық кодекстің нақты баптарын көрсете отырып, әрбір адам, әрбір оқиға бойынша істерге талдау жасалды. Заң теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандарды жазадан толық босатуды көздейді. Ал жазасын өтеп шыққандардың соттылығы алынып тасталады.
Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімдерін қысқарту көзделген. Ауыр қылмыстар үшін – сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар үшін – мерзімінің жартысы қысқарады. Егер сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толықтай жазаны өтеуден босатылады.
Алайда бұл шараны қылмыс жасағандарды ақтау немесе кінәсіз деп тану ретінде түсінуге болмайды. Бұл шара – Қаңтар оқиғасына қатысушыларды жазадан босату туралы Президенттің шешімі.
– «Рақымшылық туралы» заңның ерекшелігі неде?
– Заң жобасының екі маңызды ерекшелігін атап өткім келеді. Біріншісі, бұрын болған рақымшылық кезінде айыпталушы міндетті түрде келтірілген шығынды өтеуі тиіс еді. Бұл жолы келтірілген залал өтелген соң ғана рақымшылық жасалады деген талап қойылмайды. Алайда мүлік иесі материалдық шығынды сот арқылы азаматтық-құқықтық тәртіпте өндіріп алуға құқылы.
Екінші ерекшелік, бұған дейінгі қалыптасқан тәжірибе бойынша бас бостандығынан айыру мекемесінде жазасын өтеп жатқан адамға рақымшылық жасау үшін міндетті түрде оның жүріс-тұрысы, тәртібі ескерілетін.
Осы заңда ондай талаптар жоқ. Бұл екі негіздің екеуі де рақымшылық барысында маңызды болмақ. Алдағы уақытта да Қаңтар оқиғасындағы қылмыстар ашылған жағдайда және осы заң жобасында көзделген баптарға сәйкес азаматтың соттылығы болған жағдайда ол адамға рақымшылық жасала беретін болады.
– Жалпы, тізім бойынша кімдерге рақымшылық жасалады? Кімдер ілінбейді? Осыны ашып айтып берсеңіз.
– Тергеу органдары Қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстық құқықбұзушылық жасаған, жалпы саны 1600-дей адамды анықтап, оларды жауапқа тартуда. Қазір 1 112 адамға сот үкімі шығарылды. Басқа істер тергеу сатысында. Заң қабылданғаннан кейін рақымшылық актісі сот барысында да, тергеуде де қолданылатын болады.
Жалпы, рақымшылық жоғарыда айтылған 1600 адамның 1500-не жуығын қамтиды. Негізінен, олар – заңсыз үгіт-насихатқа еріп, ұрлық, бүлік, өртеу жасаған азаматтарымыз. Бұл тұлғалар сотпен жазаның неғұрлым жеңіл түріне тартылуда. Яғни, гуманизм қағидасы осыған дейін де біршама қолданылды деп айтуға болады.
Енді рақымшылық қамтымайтын адамдарға тоқталсақ, жалпы рақымшылыққа ілінбейтін 136 адам бар. Бұл санатқа мемлекетке опасыздық жасағандар, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар, террористер, экстремистер, рецидивистер, азаптау жасағандар жатады. Сонымен қатар Қаңтар оқиғасында құқық қорғау органдарының 49 қызметкері жауапқа тартылды. Оларға қызметтік өкілетін асыра пайдаланды, азаптау әдісін жасады деген айып тағылғаны белгілі. Бұл категориядағы адамдар рақымшылыққа жатпайды.
Қаңтар оқиғаларының барлық қатысушылары үшін бұл үлкен өмірлік сабақ болады деп ойлаймын. Олардың көпшілігі қазірдің өзінде өкініп отыр. Мемлекет басшысы айтқандай, қоғам оларға мейірімділікпен қарауы керек. Сонымен қатар қатысушылардың көпшілігін арандатушылар мен ұйымдастырушылар қылмысқа тартқан, тәртіпсіздікке ұшыраған, негізінен көбінесе еріп кеткен – бұл біздің «өз» балаларымыз. Сондықтан Президенттің рақымшылық жасау керек деген сөзі орынды. Ендеше, бұл тарихи ізгі қадам деп санаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!