Батыс Германия полицейлері Ханау қаласында 8 адамды атып кеткен қылмыскерлерді іздестіріп жатыр, – деп жазады Deutsche Wellе-ге сілтеме жасаған «Қазақпарат».
Полицияның хабарлауынша, Германияның Ханау қаласында сәрсенбі күні кешке екі жерде болған атыс салдарынан 8 адам мерт болып, тағы 5 адам жарақат алды. Қайғылы оқиға 19 ақпан күні кешкі сағат 10:00-дер шамасында қаланың әртүрлі бөлігінде орналасқан екі кальян барында болған.
Қылмыскерлер қаланың ортасындағы бірінші барда 3 адамды атып өлтірді. Содан кейін Кессельштадт ауданындағы екінші кальян барына барып, 5 адамның өмірін қиды.
Полиция ауданды толығымен қоршауға алды, полиция оларды іздестіріп жатыр. Оқиғаның себебі түсініксіз, полиция азаматтарды оқиғаға қатысты қандай бір мәлімет болса – құқық қорғау органдарымен байланысуға шақырды.
Айта кетейік, Ханау – 100 000 тұрғыны бар Гессен жеріндегі қала. Ол Франкфурттың шығысына қарай 25 шақырым қашықтықта орналасқан.