Түркістан облысында 40 млн теңге бюджет қаржысына салынған спорт алаңдары жарамсыз күйде тұр. Төлеби ауданындағы төрт шағын футбол алаңы пайдалануға берілгеніне жарты жылға жетпей істен шыққан, - деп хабарлайды "Астана" арнасы. Жастар жылында ашылған алаңдар Балалар жылында да балалардың қажетіне жарамай жатыр, - деп ашуланады ауыл тұрғындары. Жасыл төсеніштер футбол алаңының бір бұрышында үйіліп тұр. Күнге күйіп, шіріп жатқанына жылдан асты. Ойын алаңы ашылғанда қуанған Көксәйек ауылының үлкен-кішісі ол қуаныштың ұзаққа созылмағанын айтады.
«Балалардың бәрі қазір телефонда. Үйден шықпайды. Соларға бір ермек болды ғой деп ашылғанына қуанып, осы жерде апта сайын турнирлер өткізіп өзіміз бастағанбыз . Келе-келе мынау істеген заттары, алған материалдарының бәрі сапасыз болып шықты», - дейді Көксәйек ауылының тұрғыны Үсен Кемелов.Елді мекеннің бұл аумағында шамамен 500-дей үй бар. Мұнда балалар доп тебетін мүлдем жер жоқ. Ауыл тау етегінде орналасқандықтан, тегіс жер табу қиын. Спорт алаңының орнын тұрғындар өз күштерімен әзірлеген көрінеді. Жасыл төсенішті кейін шағал тастың үстіне төсей салды деп іштері удай ашиды. Леңгірдегі шағын футбол алаңының күйі де кісі шошырлық. Жарты жылға жетпей төсеніштерінің дал-дұлы шыққан. Темір қақпаның өзі құлауға шақ тұр. Басқа түспес үшін балалар жіппен байлап қойыпты. Леңгір қаласының әкімдігі 27 млн теңгеге үш спорт алаңын салған мердігерді сотқа бергенін айтады. Нәтижесінде, екеуі қайта қалпына келтірілген. Енді соңғысын жөндеп беруді талап етіп отырған көрінеді. Ал Көксәйек ауылының әкімдігі 13 млн 234 мың теңгеге тапсырыс берген 1 300 шаршы метр аумақтағы спорт алаңының тағдыры қалай шешілері әзірге белгісіз. Мердігерді өзіміз де таппай жатырмыз дейді.
«Мен әкім болғалы бері ол фирмаға бес рет ескерту бердім. Ескертуді олар ескермеді. Одан кейін сотқа бердім. Сотқа үш рет бердім. Сот орындаушылары адресі Шымкентте, одан Кентауда екен деді. Кентауға тағы да жіберіп едік, енді қазір Кентаудағы адресі де дұрыс болмай шығып, адресі Алматыда деп жатыр. Қазір сот орындаушысы сол бойынша жұмыс істеуде», - дейді ауыл әкімі Жексенбек Серсәулетов.Ауыл әкімі әзірге айыппұлды ғана қанағат етіп отыр. Ал ауыл азаматтары мемлекеттің миллиондары жұмсалған дүние аяқсыз қала ма деп алаңдайды. Өйткені кепілдік мерзімі бітуге жақын.