Мерейтойлық жиынды құттықтау сөзбен ашқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы-ректоры Жансейіт Түймебаев, қаламгердің шығармашылығы мен еңбегін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары бағалап, «Сөз зергері Шерхан Мұртаза журналистикада тұтас бір буынды тәрбиелеп, таланттарға жол ашқан, өзіндік мектебін қалыптастырған қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегі болды. Абыройлы азамат ретінде биік мінберлерде елдік мәселелерді көтеріп, ұлт мүддесі жолында аянбай күресті. Жазушының қаламынан туған құнды туындылар уақытпен бірге жасап, өскелең ұрпақтың жадында жаңғыра береді», – деп атап өткенін тілге тиек етті.Одан кейін, профессор Қансейіт Әбдезұлы «Қазақ әдебиетіндегі Шерхан Мұртазаның прозасы мен драматургиясының тарихи маңызы» атты баяндама жасады. «Шерхан Мұртаза – өз бойында жазушының таланты мен мемлекет қайраткерінің қасиеттерін біріктіре білген тұлға. Ол Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, Жұбан Молдағалиев сынды тұлғалар шоғыры қатарында ерекше орын алады, – деді Қансейіт Әбдезұлы. Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрамындағы Ш.Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтының директоры Абдылжан Акматалиев ұзақ жылдар бойы жеке таныс және тығыз қарым-қатынаста болған Шерхан Мұртазаны ерекше толқыныспен еске алды. Ол «Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын қазақ тіліне керемет шеберлікпен аударып, қырғыз-қазақ қарым-қатынасын нығайту үшін мол еңбек еткен ұлы адам» деп атап өтті. Конференция аясында Шерхан Мұртазаның шығармашылығы туралы фильм көрсетіліп, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың және онлайн форматта шетелдік ғалымдардың да арнайы құттықтауы оқылды. Шара барысында ұлттық идеология, ақпараттық қауіпсіздік, қазір белсенді қолданысқа енген жаңа медиа трендеріне қатысты түйткілді мәселелер жан-жақты талқыланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта конференция материалдары ғылыми жинақта жарияланатын болады.
Алматы