Жигули Дайрабаев студенттермен кездесті
Жигули Дайрабаев студенттермен кездесті
157
оқылды
Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев өзі білім алған Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенттерімен, оқытушыларымен және қызметкерлерімен, сондай-ақ курстастарымен кездесті. Кездесуге қатысушыларды өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, «Ауыл» партиясы қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті 1930 жылы құрылған және бүгінде ел экономикасының аграрлық секторы үшін жоғары білікті кадрлар даярлау жөніндегі жетекші жоғары оқу орны болып табылады. Қазіргі уақытта онда 2 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді және 8 мыңнан астам студент білім алады. Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 75%-дан асады, бұл қазіргі еңбек нарығындағы өте жоғары көрсеткіш. Университеттің бірегейлігі аграрлық ғылымның, білім мен өндірістің тығыз интеграциясында жатыр. Студенттерді, магистранттарды және докторанттарды оқыту олардың ғылыми зерттеулерге және ғылыми-техникалық жобаларға белсенді қатысуына негізделген. Әлемнің жетекші аграрлық державаларының тәжірибесі Ауыл шаруашылығын табысты дамыту тек ғылым, білім, өндірістің интеграциясы негізінде мүмкін болатындығын көрсетеді. Біздің фермерлер инновациялық технологияларды, жаңа жоғары өнімді сорттарды, жоғары өнімді тұқымдарды жылдам енгізген кезде ғана Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасы мен «Ауыл» партиясының бағдарламасында осы мәселелерге ерекше көңіл бөлінген.
«Қазақстанда аграрлық ғылым, ғалымдар бар. Алайда өкінішке қарай, олардың ғылыми-зерттеу қызметінің сапалы нәтижелері аграрлық өндіріске жетпейді. Іске асыру жүйесі жұмыс істемейді. Коммерцияландыру және трансферт орталықтарын, фермерлерге жаңа технологиялар, жаңа сорттар мен тұқымдар туралы білім беру орталықтарын құруға ерекше назар аудара отырып, ғылымның ұйымдық құрылымын түбегейлі өзгерту қажет. Нақты жұмыс істейтін ғалымдар лайықты жалақы алуы үшін аграрлық ғылымды қаржыландыру схемасын өзгерту қажет. Ғылыми зерттеулерді қаржыландыратын агроқұрылымдарды ынталандыру мәселелері бойынша заңнамадағы өзгерістерді соңына дейін жеткізу қажет. Ғылыми-зерттеу институттарын қаржыландыру кешенді және жүйелі болуы тиіс. Ғылыми мекемелерді тоқтата тұруға рұқсат беретін шенеуніктер жауапкершілікке тартылуы тиіс», - деді Жигули Дайрабаев.