Мұғалімдер еден жуып, сенбілікке қатысқан: 100-ге жуық әкімшілік іс қозғалды
Мұғалімдер еден жуып, сенбілікке қатысқан: 100-ге жуық әкімшілік іс қозғалды
© yandex.ru
305
оқылды
Әр педагогтің құқығын қорғау мақсатында арыздар мен шағымдарды қабылдайтын қосымша "Педагогті қорғау" Telegram чаты іске қосылған. Бұл чатқа түскен әр ақпарат, өтініш тікелей Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті мен оның аумақтық департаменттерінің бақылауында болады. Өтініштердің бәріне жауап беріледі. Бұл туралы комитет төрағасы Ернұр Дәуенов Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиынында хабарлады, деп жазады informburo.kz.
"Комитет әрдайым педагогтердің  арыздарын қарастыруға дайын. Педагогке оның міндетіне жатпайтын қызмет атқаруға мәжбүрлеу болған  жағдайда e-Otinish порталы немесе біздің Telegram чат арқылы өтініш түсіруге болады. Ол расталған жағдайда аймақтық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес тиісті шаралар қабылдайды", – деді комитет басшысы.
  Министрлік өкілінің айтуынша, бүгінде мұғалімдерден артық есептілікті талап етумен бірге оларды сабақ уақытында сенбілікке қатыстыру, еден жууға мәжбүрлеу деректері тіркелген.
"Бүгінге дейін біздің департаменттер мұндай 189 деректі тіркеді. Оның 93-і бойынша әкімшілік іс қозғалса, 100-і аумақтық департаменттер жанындағы консультативтік кеңесші органдарда қаралып жатыр", – деді Ернұр Дәуенов.
Комитет басшысының айтуынша, ең көп өтініш Түркістан және Шығыс Қазақстан облысынан түскен. Ал Алматы облысы мен Маңғыстау облысынан бейресми өтініштер көп түседі.