Алматыда жолаушылар автобустары соқтығысқан сәтінің видеосы желіде жарияланды.
Zakon Telegram арнасының мәліметінше, бір автобус екінші автобустың бүйір тұсынан соққан. Салдарынан автобустардың бірі жолдың шетінде тұрған адамдарды қағып кеткен.
"201 автобус Төле би даңғылымен жүріп келе жатқан. Екінші автобус Абылай хан даңғылымен жоғары көтерілген. №201 автобус екіншісін өткізбей, бүйір тұсынан соқты. Бұл кезде тротуарда екі адам тұрған. Олар тіпті не болғанын да түсінбеді. Екі адам автобустың астында қалды, ал көлік ағашқа барып соғылды. Бағдаршам жұмыс істемеді, жол қозғалысын бақылайтын полиция қызметкері де болмады", – дейді куәгерлердің бірі.
Ал қалалық денсаулық сақтау басқармасы қала ауруханаларына 17 адамның түрлі жарақаттармен жеткізілгенін мәлімдеді.
“Жалпы, жол-көлік оқиғасынан 19 адам зардап шекті. Біреуі медициналық көмектен бас тартты, бір адам жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болды”, – деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.