«Жақсылық арифметикасы»
«Жақсылық арифметикасы»
419
оқылды
Астанада жаңа білім беру орталығы ашылды. «Жақсылық арифметикасы» атала­тын оқу ордасында балалар мен жасөспірімдер бәсекеге қабілетті, сапалы білім алып, шығармашылық қабілетін жетілдіреді. Оқу ордасының ашылуына қатысқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мұндай мекемелердің санын көбейту қажеттігін айтты.
«Астанада 200 мың бала оқитын 150-ден астам қосымша білім беру орталығы бар. Алайда елорданың кейбір аудандарында олар әлі де жетпейді. Атап айтқанда, «Жақсы­лық арифметикасы» атты жаңа ор­та­лық орналасқан Сарыарқа ауда­нының тұрғындарынан бала­ларға арналған демалыс мекемелері жетіспейтіні туралы өтініш көп түскен. Мұндай орталықтардың ашылуы қажырлы еңбек пен шы­дам­дылықты қажет етеді. Елордада осындай орталықтардың ашылуы жалпы білім беру жүйесінің сапасы айтарлықтай септігін тигізеді», – деп толықтырды Есет Байкен.
Жаңа орталықтың директоры Ұлжан Мырзағалиева мекеменің ашылуына және оның жұмысын жан­дандыруға үлкен қолдау көр­сеткен Астана әкімдігіне алғысын білдірді.
«Жаңа орталықтың мақсаты – көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды тегін және 50 пайыздық жеңіл­дікпен оқыту. Мұнда 300-ге дейін адам оқи алады. Орталықтың бағ­дар­ламасында 10 пән бар. Қала әкімдігінің қолдауымен жұмысқа қажет қызметкерлерді қабылда­дық. Сонымен қатар, бізге жаңа орта­лық үшін ғимаратты қолайлы бағамен жалға алуға мүмкіндік бе­ріл­ді», – дейді Ұлжан Мырза­ғалиева.
Жаңа оқу орталығының сы­йым­дылығы – 350-400 орын. Білім беру нысаны «Жақсылық ариф­метикасы» қоғамдық қоры мен Астана қаласы әкімдігінің қол­дауы­мен ашылды. Тоғызқұмалақ, робототехника, менталдық ариф­метика, вокал үйірмелері бар. Сондай-ақ, логопед маманының қызметін пайдалана аласыз.