Жыл өткен сайын Қазақстанда шөлді жерлердің аумағы артып барады. Осыдан 3 жыл бұрын ел территориясының 70 пайызы шөлейттеніп, топырағы тозып кеткені жайында хабар тараған болатын. Оған дейін де жарияланған осыған ұқсас болжамдарды бейжай қабылдағанымыз рас еді. Әйткенмен, соңғы жылдарда үдеген қуаңшылық мәселенің жоқ емесін аңғартты. Енді алдағы уақытта шөлді жерлердің үлесі тіптен артатыны мәлім болуда.Ұйым жариялаған үрейлі сценарий
Таяуда Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми сайтында елімізге қатысты бір мәтін жария болды. Оған зер салсақ, 2030 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы күшейіп, жер толықтай шөлге айналуы мүмкін екені жазылған. Ойлап қарасаңыз, мүмкін емес дүние секілді көрінеді, алайда бұл процестің қазір белсенді жүріп жатқанын салаға жауаптылар да, мамандар да мойындап отыр.
«Қазақстан – су жөнінен көршілеріне тәуелді, суы тапшы ел. Оның бүкіл территориясының небәрі 2,8 пайызын ғана өзен-көлдер алған. Қазірдің өзінде Қазақстан жерінің үштен екісі шөл және шөлейтті аймаққа айналды. Қазақстандағы судың жартысына жуығы көрші елдерден келеді. Тиісінше, трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану бұл республика үшін өмірлік маңызды. БҰҰ Даму бағдарламасының дерегінше, соңғы жылдары өңірде климаттың өзгеруі қатты сезілуде. Температураның құбылуы артты, суық пен аптап ыстық толқын-толқынмен өрбиді, қуаңшылық барған сайын жиілеуде, су тапшылығы ушығып, осы ресурс үшін қақтығыстар туындауы ықтимал», – деп мәлімдеген екен БҰҰ.
Ұйым Қырғыз Республикасы мен Тәжікстанды Орталық Азияның «су қорын айдаушы» ретінде атаған. Бірақ олардың да жағдайы аса мәз емес. Еліміздегі аймақтарға тиесілі тұщы судың шамамен 60 пайызы Тәжікстандағы тау мұздықтарынан келетін. Соңғы онжылдықтарда ол мұздықтардың көлемі 30 пайызға кеміді. БҰҰ мәліметінше, мыңнан астам мұздық толығымен жойылған. Орталық Азияда енді құрғақшылық, шөл және құмды дауылдар жиілеуі мүмкін. Олардың тіркелген саны соңғы онжылдықтың өзінде 2 есе артыпты. Соның кесірінен малдың жаппай қырылуы, егістіктердің шетінен қурап, күйіп кету қаупі артқан. Жалпы, жаһандық ұйым дерегін жоққа шығара алмаймыз. Былтыр Маңғыстау мен Аралда қуаңшылықтан мал қырылып, жұрт жаппай ілкі дәстүрмен «тасаттық» беріп жатқанын аңғардық. Ал «Қазақстанның өзендері» сияқты қазақстандық энциклопедияларға, сонымен қатар 1990-2000 жылдардағы Экологиялық статистика жинағына сенсек, уайымдайтын проблема жоқ. Себебі оларда Қазақстанда 85 022 өзеннің бары, соның ішінде 84 694-інің ұзындығы 100 шақырымға дейін екені, 305-і 500 шақырымға дейін созылып жатқаны жазылған. 500-1000 шақырымнан асатын 23 өзен бар делінген. Бұдан бөлек, Қазақстанда 48 262 көл бар көрінеді. Оның ішінде 45 248-і ұсақ, ауданы 1 шаршы шақырымнан да аспайды. Айдыны 100 шаршы шақырымнан асатын ірі көлдер саны 21 ғана. Қазір қоғам белсенділері Уикипедияда жүрген осы ақпарлардың маңызы жоқ екенін айтуда. Себебі олардың біразы құрғап, жойылып кеткені анық. Белсенділердің ойынша, ауқымды зерттеулер жүргізуге жауаптылар ақша шығарғысы келмейді немесе құлықсыз.
Өзендер 5 есе, көлдер 12 есе азайған
Жоғарыда айтылғандай, Қазақстанда бар делінген 85 мың өзен мен 48,2 мың көлдің қазір қаншасы қалғаны көпті толғандырады. Сауалға көп күттірмей Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жауап берген екен. Ведомство ақпараты да жағдайдың жақсы емесін анық көрсетіп берген.
«Министрліктің тапсырысымен, 2020 жылы Қазақстанның өзендері мен көлдерінің тізбесі құрылды. Бұл тізім Су ресурстары комитеті төрағасының 2020 жылғы 12 желтоқсандағы №200-Н бұйрығымен бекітілді. Аталған тізбеге сәйкес, Қазақстанда қазір 17 870 өзен және 4 024 көл қалды», – деп мәлімдеген министрлік.
«Еліміз Еуразия континентінің аридті, яғни суы тапшы ауданына жатады. Құрлықтың дәл ортасында тұрмыз. Қазақстанға ылғал Атлант мұхиты жағынан батыс және солтүстік батыс желдері арқылы келеді. Ал Тянь-Шань мен Алтайдың биік таулары Үнді және Тынық мұхитынан келетін ылғалға кедергі келтіреді, есесіне Қазақстан Солтүстік мұзды мұхитынан келетін солтүстік және солтүстік-шығыс суық желдерінің өтінде тұр. Осындай ерекшеліктерге сәйкес, еліміздің біраз бөлігін шөлейтті жерлер – Мойынқұм, Бетпақдала, Қызылқұм, Каспий маңы ойпаты, Үстірт, Сарыесік-Атырау аридті аудандары алды. Бұл жерлерге түсетін жылдық жауын-шашын мөлшері – 100-150 мм, ал топырақтың буландыру мүмкіндігі жылына 1000-1500 мм-ге жетеді. Оның үстіне, табиғатымыз күрт континенталды болғандықтан, су ресурстары біркелкі бөлінбеген әрі өте шектеулі көлемде», – дейді маман.
Гидрологтің сөзінше, ғалымдар су ресурсы тапшылығы ғаламдық жылынудың салдарынан бұдан әрі ушығады деп болжам жасап отырғаны бекер емес. Климатологтердің болжамынша, Қазақстанның аридтік аумағы үшін қолайсыз гидрологиялық жағдай қалыптасады, ағындардың қалыптасу жағдайы өзгереді, ағыны төмендейді және жыл ішіндегі ағынды үлестірімі өзгере бермек. Су басу және қуаңшылықтың қайталану жиілігі артады деген болжамдар жасап отыр. «Әрине, бұның бәрін жоққа шығаруға болмайды, бірақ болашаққа үмітпен қарау керек», дейді Молдахметов.
Қорыта айтқанда, жағдайдың көңіл көншітер деңгейде емесін барлық тарап та мойындап отыр. Жауаптылар проблеманың маңызын ескеріп, ертерек қамданбаса, ғылыми зерттеулерді үдетпесе болмайтындай. Осы тұста еріксіз бір сөз ойға оралады: Орталық Азияның соры – су тапшылығы. Оны ешкім де жоққа шығармасы анық.