Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен аппарат отырысы өтіп, онда Ақтөбе қаласының шет аймақтарын дамыту, ауылды жерлерді интернетпен қамту, өңірдегі елді мекендердің санитарлық жағдайы, спорт инфрақұрылымдарын дамыту мәселелері қаралды.
«Тазалық, тәртіп мәселесі бұл бағытта нақты әрі жүйелі жұмыс жолға қойылғанға дейін менің тұрақты бақылауымда болады. Алға, Қандыағаш, Шалқар, Хромтау қалаларын абаттандыру бойынша ескертулер айтылып, оларды жою жөнінде бірқатар тапсырма берілді. Қойылған міндеттер орындалды, бірақ аудан әкімдері өзіне сеніп тапсырылған аумақтарды үнемі таза ұстауы тиіс», – деді Ералы Тоғжанов.
Аумақтарды санитарлық тазартуға қатысты өткен демалыс күндерінің мониторинг нәтижесі бойынша Ақтөбе қаласының, сондай-ақ Байғанин, Ырғыз, Ойыл, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар және Хромтау аудандарының әкімдеріне тапсырма берілді.
«Ақтөбеде қоқыс алаңдарының сырт келбеті бойынша мәселелер бар. Қаладағы 537 қоқыс жәшігінің 180-і жөндеуді қажет етеді. Қала көшелерін су басу, оның санитарлық жағдайы, абаттандырылуы да сын көтермейді. Бұл мәселелер жүйелі түрде шешілмейінше күн тәртібінде бола береді», – деген өңір басшысы облыс орталығындағы «Сапар» автовокзалы мен теміржол вокзалы аумағындағы жағдайға көңілі толмайтынын жеткізді және тәртіпке келтіру бойынша нақты шаралар қабылдауды міндеттеді.
Жолдарды қар мен балшықтан тазарту жұмысы да сынға ілікті. Өңір басшысының тапсырмасымен облыс орталығының автожолдарын қыста күтіп ұстаумен айналысатын барлық мердігерлік ұйым қызметі, материалдық-техникалық базасы тексерілетін болады. Отырыс барысында қаланың шет аймақтарын дамыту бойынша Жол картасын құру туралы шешім қабылданды.
«Қазір Ақтөбенің шетінде орналасқан тұрғын үй алаптары ауылға ұқсайды, ал олар негізі, инфрақұрылымы дамыған толыққанды қалалық аумақ болуға тиіс», – деп атап өтті облыс басшысы.
Бұған қоса, Ақтөбе облысы ауылдарын мобильді кеңжолақты интернет желісімен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Қазір облыстағы 250-ден астам тұрғыны бар. 216 ауылдың 174-не 3G стандарты ұялы байланыс қызметі қолжетімді. Биыл жыл соңына дейін тағы 16 ауыл сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз етілмек. Облыс әкімі өңірдің барлық елді мекенін сапалы интернетпен және ұялы байланыспен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
«Қазір Ақтөбеде де мобильді интернет пен ұялы байланыс сапасына қатысты мәселелер бар. Екі күн ішінде осы мәселені шешу бойынша ұсыныстар дайындаңыз. Мұны байланыс операторларының қатысуымен өтетін жеке отырыста қарайтын боламыз», – деп Ералы Тоғжанов тиісті мемлекеттік орган басшысына тапсырма берді.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2021 жылғы жағдай бойынша Ақтөбе облысында 1 891 спорт нысаны жұмыс істеген. Биылдың басынан бері 5 ірі спорт кешені пайдалануға берілсе, тағы 8 кешен жыл соңына дейін іске қосылады. Бұл ретте халықты бұқаралық спорт түрлерімен қамту 34%, яғни төмен деңгейде қалып отыр.
«Дене шынықтыру және спорт басқармасының жұмысында жоспарлау жоқ, саланы одан әрі дамыту пайымы жоқ», – деді әкімі.
Ол бұқаралық спортқа, оның ішінде еңбек ұжымында денешынықтыру мен спортты дамытуға ерекше назар аудара отырып, барлық бағытта жұмысты күшейтуді міндеттеді.
«Барлық ірі компаниялар қызметкерлердің спортпен шұғылдануына жағдай жасап, тиісті спорт нысандарын салуға тиіс», – деді Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ аппарат отырысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Ақтөбе облыстық филиалының қызметі бойынша бірқатар мәселе күн тәртібінде қаралды.