Санитарлық жағдай сын көтермейді
Санитарлық жағдай сын көтермейді
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төраға­лы­ғымен аппарат отырысы өтіп, онда Ақтөбе қаласының шет аймақтарын дамыту, ауылды жерлерді интернетпен қамту, өңірдегі елді мекендердің санитарлық жағдайы, спорт инфра­құрылымдарын дамыту мәселелері қаралды.
«Тазалық, тәртіп мәселесі бұл ба­ғытта нақты әрі жүйелі жұмыс жол­ға қойылғанға дейін менің тұ­рақты бақылауымда болады. Алға, Қандыағаш, Шалқар, Хромтау қа­ла­ларын абаттандыру бойынша ес­кертулер айтылып, оларды жою жөнінде бірқатар тапсырма берілді. Қойылған міндеттер орындалды, бірақ аудан әкімдері өзіне сеніп тапсырылған аумақтарды үнемі таза ұстауы тиіс», – деді Ералы Тоғжанов.
Аумақтарды санитарлық та­зар­туға қатысты өткен демалыс күн­дерінің мониторинг нәтижесі бо­йынша Ақтөбе қаласының, сондай-ақ Байғанин, Ырғыз, Ойыл, Қар­ға­лы, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар және Хромтау аудандарының әкімдеріне тапсырма берілді.
«Ақтөбеде қоқыс алаңдарының сырт келбеті бойынша мәселелер бар. Қаладағы 537 қоқыс жәшігінің 180-і жөндеуді қажет етеді. Қала көшелерін су басу, оның санитарлық жағдайы, абаттандырылуы да сын көтермейді. Бұл мәселелер жүйелі түрде шешілмейінше күн тәртібінде бола береді», – деген өңір басшысы облыс орталығындағы «Сапар» автовокзалы мен теміржол вокзалы аумағындағы жағдайға көңілі тол­майтынын жеткізді және тәртіпке келтіру бойынша нақты шаралар қабылдауды міндеттеді.
Жолдарды қар мен балшықтан тазарту жұмысы да сынға ілікті. Өңір басшысының тапсырмасымен облыс орталығының автожолдарын қыста күтіп ұстаумен айналысатын барлық мердігерлік ұйым қызметі, материалдық-техникалық базасы тексерілетін болады. Отырыс ба­рысында қаланың шет аймақтарын дамыту бойынша Жол картасын құ­ру туралы шешім қабылданды.
«Қазір Ақтөбенің шетінде ор­наласқан тұрғын үй алаптары ауылға ұқсайды, ал олар негізі, инфра­құ­рылымы дамыған толыққанды қа­лалық аумақ болуға тиіс», – деп атап өтті облыс басшысы.
Бұған қоса, Ақтөбе облысы ауылдарын мобильді кеңжолақты интернет желісімен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Қазір облыстағы 250-ден астам тұрғыны бар. 216 ауылдың 174-не 3G стандарты ұялы байланыс қызметі қолжетімді. Биыл жыл соңына дейін тағы 16 ауыл сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз етілмек. Облыс әкімі өңірдің барлық елді мекенін сапалы интернетпен және ұялы байла­ныспен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
«Қазір Ақтөбеде де мобильді интернет пен ұялы байланыс сапа­сына қатысты мәселелер бар. Екі күн ішінде осы мәселені шешу бо­йынша ұсыныстар дайындаңыз. Мұны байланыс операторларының қатысуымен өтетін жеке отырыста қарайтын боламыз», – деп Ералы Тоғжанов тиісті мемлекеттік орган басшысына тапсырма берді.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2021 жылғы жағдай бойын­ша Ақтөбе облысында 1 891 спорт нысаны жұмыс істеген. Биылдың ба­сынан бері 5 ірі спорт кешені пай­далануға берілсе, тағы 8 кешен жыл соңына дейін іске қосылады. Бұл ретте халықты бұқаралық спорт түр­лерімен қамту 34%, яғни төмен дең­гейде қалып отыр.
«Дене шынықтыру және спорт басқармасының жұмысында жос­парлау жоқ, саланы одан әрі дамыту пайымы жоқ», – деді әкімі.
Ол бұқаралық спортқа, оның ішінде еңбек ұжымында дене­шы­нықтыру мен спортты дамытуға ерекше назар аудара отырып, бар­лық бағытта жұмысты күшейтуді міндеттеді.
«Барлық ірі компаниялар қыз­меткерлердің спортпен шұғылда­нуына жағдай жасап, тиісті спорт нысандарын салуға тиіс», – деді Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ аппарат отырысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Ақтөбе облыстық филиалының қызметі бойынша бірқатар мәселе күн тәртібінде қаралды.