Жеңіс аллеясы Ақтөбе облысы әкімдігі мен ERG арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандум аясында қайта құрылды. Компания бұл мақсатқа 2022 жылы 92,3 млн теңгеден астам қаражат бағыттаған.
Бүгін аллеяны қайта құрудың алғашқы нәтижелері таныстырылды, оған Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен ERG директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич, ардагерлер мен жақын маңдағы үйлердің тұрғындары қатысты.
– ERG ірі компаниясы әлеуметтік бағдарлы компанияның үлгісі болып саналады, – деді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов. – Жеңіс Аллеясын қайта құруға 90 млн теңгеден артық қаражат бөлді. Бұл жоба ERG-мен бірлесе жүзеге асырып жатқан көптеген жобамыздың бірі болып есептеледі. Алдағы уақытта қаламыздың тұрғындары үшін бұдан да ауқымды жобаларды бірге жүзеге асыратын боламыз.
Аллеяны көркейту жұмыстары шілде айында басталып, басым бөлігі қарашаға дейін аяқталды. Жаңа кіреберіс салынып, жаңа ұңғыма бұрғыланды. Болашақта көгалды күтіп-баптау үшін автоматты суару жүйесі қондырылған. Аллеяның жарықтандыру жүйесі жаңартылып, жаңа орындықтар, шахмат үстелдері, қоқыс жәшіктері қойылды. Сондай-ақ шағын балалар алаңы мен зейнеткерлерге арналған кардиотренажер аймағы қондырылды. 2023 жылы төмендегі жұмыстар аяқталады: жасыл желектер, көгал шөптері, бөріқарақат, шетен, шырша ағаштары егіледі; азаматтардың қауіпсіз демалуы үшін бейнебақылау жүйесі орнатылады; ойын алаңдарына арнайы жабын төселеді.
– Қала мен оның барлық тұрғыны үшін маңызды нысанды қайта құруды біздің компания қаржыландырғанын мақтан етемін. Сонау сұрапыл жылдар мен Отан қорғаушылар жайлы естелік мәңгіге сақталуы керек. Аллеяның тек Тұрғындар қалашығы емес, барлық ақтөбеліктер мен қала қонақтары үшін де сүйікті демалыс орны болып қала беретініне сенемін. Мұнда әрдайым таза әрі әдемі болатынына сенімдімін, себебі бұл жер Ақтөбе ферроқорытпа зауытының ұжымының қамқорлығында, – деді жаңартылған аллеяның ашылу салтанатында ERG Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.
Тарихқа көз жүгіртсек, аллея орналасқан Тұрғындар қалашығында зауытты алғаш салып, оның негізін қалыптастырған қызметкерлер тұрды. Қазір олардың балалары мен немерелері тұрып жатыр. Сондықтан «Қазхром» (ERG құрамында) компаниясы үшін бұл аудан ерекше ыстық. Жеңіс аллеясын қайта құру 2021 жылы басталған Тұрғындар қалашығын көркейту жобасының жалғасы болып саналады. Бұл ауданның тұрғын үйлерін жаңғыртуға екі жыл ішінде 800 млн теңгеден астам қаражат бағытталды.
– Бүкіл жастық шағым Тұрғындар қалашығында, осы аллеяда өтті. 70-жылдары әскерген келгеннен кейін зауытқа жұмысқа орналасып, өзім жақсы көретін осы ауданда тұра бастадым, – дейді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының ардагері Қуандық Қалышев. – Жұбайыммен осы саябақта танысып едім, осы маңда жиі кездестік. Кейін балаларымызбен де осында серуендедік. Бүгінде сол аллеямыз жаңартылған, жаңадан балалар алаңы, сәкілер қойылыпты. Тіпті, біздер үшін, ардагерлерге арнап арнайы кардиотренажерлер орнатылған. ERG, Қазхром басшылығына және облыс әкімдігіне атқарған жұмыстары үшін рақмет, қызметкерлеріне деген қамқорлық-жанашырларлықтары үшін зауытқа рақмет!
Анықтама үшін: Eurasian Resources Group (ERG) және Ақтөбе облысының әкімдігі арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі 2022 жылға арналған Меморандум бойынша қоғамдық аумақтарды абаттандыру, желілерді жөндеу, балалар және спорт алаңдарын қондыру, медициналық жабдықтар мен қоғамдық көлік сатып алу қарастырылған. Барлығы осы мақсаттарға 2022 жылдың өзінде 3 млрд 286 млн теңге бағытталды. Меморандумдар аясында ERG компаниясы үш жыл ішінде Ақтөбе өңірінің әлеуметтік жобаларына 9 млрд теңгеден артық қаражат бағыттады.