Облыс әкімі резиденциясы балаларды оңалту орталығына айналды
Облыс әкімі резиденциясы балаларды оңалту орталығына айналды
369
оқылды
Алматы облысын жарты жылдан астам басқарғанында есімі  ерекше  қадамдарымен, оқыс сөздерімен жұрт жадында жатталып қалған Қанат Бозымбаев көтерген бастаманың бірі жүзеге асты. Бұрынғы облыс әкімі наурыз айында Жаркент өңірінің жұртшылығымен жүздескенінде, халық  алдында қала маңындағы саялы да сұлу жерде орналасқан облыс әкімі резиденциясының өзіне қажеті жоқтығын айтып, сәулетті ғимаратты балаларды оңалту орталығына айналдыру жөнінде тапсырма берген еді. Өзі әкімдік лауазымнан  кетсе де, оның жұрт алдында жария еткен  уәдесі орындалды. Күні кеше Панфилов ауданында облыс әкімінің бұрынғы резиденциясы ғимаратында орналасқан «Мерей» балаларды оңалту орталығы ашылды. Шекаралық аудандағы жаңалықпен жергілікті жұртты құттықтауға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлиұлының айтуынша, ғимаратты қайта құрылымдап, арнайы жабдықтар мен жиһаздар алуға 80 миллион теңге жұмсалыпты. Орталықта Монтессори, физиотерапия, емдік дене шынықтыру кабинеттері бар.  Сонымен бірге сенсорлық, уқалау, ем-шара, психолог, логопед, дефектолог кабинеттері жабдықталған. Гидроуқалау, тұзды шахта, бассейн және тағы басқа орындарының жұмысы да жолға қойылған. Екі бөліктен тұратын ғимараттың жалпы аумағы 910 шаршы метрден асады. Нысанда бір мезетте 40 бала ем қабылдай алады. Жыл басынан бері Жетісу облысындағы Алакөл, Сарқан және Қаратал аудандарында  ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 140 орындық оңалту орталықтары іске қосылған.

Болат Абаған, Жетісу облысы