Қытайдан келетін барлық азаматтар үшін карантин тәртібі енгізілді
Қытайдан келетін барлық азаматтар үшін карантин тәртібі енгізілді
© inform.kz
211
оқылды
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанға келетін азаматтар үшін енгізілетін карантин тәртібін түсіндіріп берді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Әлемдегі 41 мемлекет Уханьнан келгендерге ғана емес, бүкіл Қытайдан келген азаматтар үшін карантин тәртібін енгізіп жатыр. Біз де бүгіннен бастап Қытайдағы инфекцияның таралу қаупінің алдын алу үшін осы шараны қабылдадық», - деді Елжан Біртанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Сонымен қатар министрдің айтуынша тағы бірқатар елде инфекцияның қарқынды түрде таралып жатқан жайы бар. «Сол себепті санитарлық дәрігердің қаулысында эпидемиялық тұрғыда жайсыз елдерді екінші санатқа кіргіздік. Ол елдердің қатарына 10 пациенті бар мемлекеттер ғана емес, ауруды жұқтыру сипаты жағынан ерекшеленген елдер де енгізілді. Осыған байланысты бірқатар елдерге назар аударып отырмыз. Медициналық қызметкерлер 14 күн мониторинг жасайды. Кез келген азамат шекараны кесіп өткен кезде біз оның мәліметтерін тұрғылықты мекенжайы бойынша ауруханаларға тапсырамыз», - деді ол. Егер шетелдік азамат Қазақстан аумағына келсе, ол жатқан қонақ үйге медициналық қызметкер келіп, температурасын өлшеп, жағдайын бақылауға алады. «Бұдан кейін қашықтықтағы мониторинг қоңырау арқылы жүргізіледі. Бұл шаралардың бәрі де ең алдымен азаматтардың өз денсаулығы үшін жасалуда. Ең бірінші кезекте халық денсаулығы үшін қолға алынған жұмыстар легі – осы», - деді Елжан Біртанов.