Астана тұрғыны 2001 жылдан бері бейтаныс азаматпен заңды некеде тұрғанын eGov.kz порталы арқылы білген. Қалалық соттың мәліметінше, бұдан кейін ол жалған некені жою үшін тіркеуші органға жүгінген. Алайда оған некеде тұрған азамат Е.-мен бірге Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) органына келіп, бірлескен өтініш жазуы қажеттігі туралы айтылған. Ал азамат Е. азаматтық хал актілерін тіркеу органына бірге барудан үзілді-кесілді бас тартқан. Бұдан әрі әйел Астана қаласының Әділет департаментіне шағыммен жүгінген. Алайда «актілік жазбаның қағаз нұсқасында некеге тұрғандардың қолдары жоқ» деп көрсетілген ұқсас жауап алған. Осыдан кейін талап-арызбен сотқа барған. Ол Астана қаласының әкімшілік сотынан азамат Е.-ні некені тіркеу туралы актілік жазбаның күшін жою туралы қолайлы әкімшілік акті қабылдауға мәжбүрлеуді сұраған.
«Судья соттың белсенді рөлі қағидатын қолдана отырып және дауды қараудың құқықтық салдарын түсіндіре отырып, тараптармен әңгіме жүргізді. Нәтижесі бойынша келісім бекітілді. Оның шарттарына сәйкес әкімнің аппараты азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде тіркелген некені тіркеу туралы актілік жазбаның күшін жою туралы әкімшілік қолайлы акті қабылдауға міндетті» делінген сот хабарламасында.Бұған дейін өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүрген зейнеткер туралы жазған болатынбыз.