Көпен кетіп барады, Көпен кетіп, шын күлдіріп қазақты, шын жылатып!
Көпен кетіп барады, Көпен кетіп, шын күлдіріп қазақты, шын жылатып!
977
оқылды
«Бәріміз де Аллаға тәнбіз және қайтушымыз» дей­тін құрани сөз бар. Алланың үкімі кері қайта­рыл­майды. Көпен Әмірбек те Жаратушы хақ тағаланың құзырына аттанды. Көпен Әмірбек. Қазақ үшін қадірлі есім. Aiqyn үшін де тіпті ардақты есім еді. Өмірінің соңғы сәтіне дейін айқындықтармен қатар жүріп, газет шығарды. «Ара» қосымшасы демесеңіз, Көпен аға ұжымның ағасы, абыз ақсақалына айналды. Жасы да, жасамысы да ағаны жақсы көрді. Әрдайым өзіне ғана тән әзілімен көмкеріп, айналасына шуақ шашып жүретін. Өмір – өткінші. Сол өмірдің күнгей бетінде күле білетін, күлдіре алатын азаматтар жүрсе, тіршілік сәулелі болар ма еді!?. Көпен Әмірбек өмірден өткенде сатира сәулесі тұтылғандай, сирек те ширақ жанрдың керуенбасы ұстаған жүген жерге түсіп кеткендей!   Елге қайғырып, көңіл айтамын Көпен екеуміздің дос, сырлас болғанымызға жарты ғасырдан асыпты. Құрдасым, сырласым, жан жолдасым еді. Көпеннен айы­рылу – қабырғамызды қаусатып кетті. Әсіресе, сатира саласы де­геніміз – сарыала қаздың жұмырт­қасындай бірен-саран сатириктер дүниеге келетін жанр еді. Кешегі Шона Смаханұлы мен Оспанхан Әубәкіровтің, бүгінгі көзі тірі са­тирик Ғаббас Қабышевтің шәкірті еді. Сатираның ауылы иен қалған­дай әсер етіп тұр маған... Біртуар азамат еді... Алланың жазғаны осы­лай болды... Ойла­ма­ған жерден аттай шауып жүрген азаматтан айырылып қалдық. Тура кел­ген ажалға пенденің қолынан не келеді? Арты қайырлы болсын! Бала-шағасы аман болсын! Ел-жұрты аман болсын! Бұл дүниеде мәңгі тұратын еш­кім жоқ. Жү­рек құрғыр қ­и­майды. Әлі де жүре тұрса, тоқсанға келсе дей­сің. Бабаларының ізімен сол жас­қа барып жатса, қандай ғанибет болар еді... Өкі­нішті, әрине... Елге көңіл айтамын. Әде­биет өкіл­де­ріне, қаламдас­тарына көңіл айта­мын. Бақұл бол, бауырым!

Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

  Көпен кетіп барады, Көпен кетіп... Көпен кетіп барады, Көпен кетіп, Торжорғасын топ жарған тепеңдетіп. Жылағанды жан еді жақтырмайтын, Қош!.. де оған, еңсеңді көтер де тік!..   Қалды артында арманы, абзал жұрты, Абзал жұртын арбаған арзан күлкі. Арзан күлкі көншітпес көңіліңді Құлазыған үй құсап тозған мүлкі.   Көпен қайтып барады, Көпен қайтып, Бәрі-бәрі, бәрі де бекер-ді айтып... Күлкісінен айрылып қалған елдің, Жұбатамын жүрегін, көкем, қайтіп?..   Қалды артында қалжыңы, Қалды әзілі, Дәмді әзілі тиетін жанға жылы. Бақи бағын мәңгілік мекендесін Сатираның – сардары, сарбаз ұлы!..   Махаббатпен мың сүйсе бірді ұнатып, Бақыт, Бақыт... Бұл, бірақ, мұңды Бақыт!   Көпен кетіп барады, Көпен кетіп, Шын күлдіріп қазақты, шын жылатып!..

Қалқаман САРИН, ақын

  Иесі кетті, киесі қалды... Көпен аға қайтыс болардан бір күн бұрын Ғалым Жайлыбай, Жанарбек Әшімжан, Бауыр­жан Ха­лиолла, Мұхтар Ниязов бәрі­міз­­дің басы­мыз қосыла қалған кеш еді. Әр нәр­сенің басын ша­лып отырғанымызда әңгіме Кө­пен Әмір­бекке қарай ойысқан: ол кісінің ауырып, төсек тартып қал­ғанын, орнынан тұрып, асха­наға аяғымен барыпты деген ха­барын естіп, бәріміз дертке шипа, денге саулық тілеген едік... Таңертең «Көпен аға кетіп қа­лыпты» деген жайсыз хабар тө­бе­ден ұрғандай есеңгіретіп тастады. Көпен ағамен «Айқын» редак­циясында қоян-қолтық жұмыс істедік. Ол кісі «Ара» сати­ра­лық қосымшасын «Айқынның» ішінен шыға­ратын. Әр нөмірді тап-тұй­нақтай етіп, бәрін өзі әзірлеп әке­летін. Беттеуші жігіттердің қа­сын­да отырып, «Араның» әрін келті­руге күш салатын. Көпағаң келгенде редакция күлкіге кө­мілетін еді... Жаспен де, жасамыспен де қал­жыңдаса беретін... Алғаш Көпен Әмірбек есімін осы «Ара» жур­налы арқылы таны­ғанымыз анық. Одан кейін жақын араласқан кезіміз Шерағаң қа­рамағында қызмет еткен «Егемен Қазақстан» газетінің ре­дак­циясы. Бас редактор газет жұмы­сын ши­рату үшін бұрынғы оннан асатын бө­лімдерді бірік­тіріп, алты үлкен бөлімге ай­нал­дырған. Эконо­мика бөліміне ауыл шаруа­шы­лығы, егін шаруа­шылығы деген сияқты бұ­рынғы бірнеше бөлімді біріктіріп, ашық да­уыспен бөлім редактор­ларын сайлап, жұмысты жаңаша үйлестірген кезде Көпен аға менің қарамағыма тап болды. Сол кезден бастап шығармашылық жұмыста аралас болдық. Кейін ағалы-інілі болып кеттік. Көпен ағаның ауызша әңгіме­лері елді ұйы­татын. Тыңдаған адам күлкіден ішек-сілесі қа­тып, көпке дейін езуін жия алмай жүретін еді... Сатира саласының талай сар­базымен аралас болды. Оспанхан, Қалтай, Үмбетбай тәрізді усой­қы жанр жампоздарымен қатар жүр­ген кез­­дерін қызықты етіп әңгі­мелеп беретін. Ке­йінгі жас­тарға айтар сөзі, берер тәжірибесі мол еді. «Көпен келе жатыр» деген бір ауыз сөзі қанатты тіркеске айнал­ған. Енді «Көпен кетіп бара жатыр» деген мұң мен өкінішке толы сөздер айтылып жатыр... Қайсыбір жылдары Көпен аға да Парламент сайлауына түскен. «Ұтылып» келе жатқан беті екен. Екеуміз пойызда Шымкенттен Алматыға жеткенше бірге келдік. Сонда айтып едім: «Көп­аға, сая­сатты қайтесіз? Сатираның өзі сая­сат емес пе? Ресейде бір ғана Пет­росян неге тұрады? Анау За­дорнов ше? Жванецкийдің мыс­қылы адам өлтіреді... Бәрін тастап, сон­даймен айна­лыспайсыз ба?» – дегенімде, басын әнтек көте­ріп: «Әй, мына ақылың дұрыс-ей», – деп еді... «Бір арманым – Елбасы Астана жасаса, мен Астанада бала жаса­дым» деп өзі айтпақшы, артында жетіле қоймаған Жұбанышы қал­ды... «Жұбанышты жеткізсем» де­ген арманына жете алмай қал­ды... «Көке, мен сабаққа барып ке­лем» деп бетінен сүйіп, мектепке кет­кен екен Жұ­баныш... Енді оның көкесінің келмейтіні қандай жаман?!. Кешелі бері Қазақ елі Көпенін жоқтап күңіреніп жатыр... «Күлкі – күштілердің қаруы» дейтін Темірбек Қожекеев ұста­зымыз. Көпен сол қарудың иесі еді! Иесі кетті, киесі қалды...

Нұртөре ЖҮСІП, сенатор

  Өзінің ауыр қазасымен жұртын жылатып, кете барды... Өлімнің бетіне күле қарап кет­ті. Ергөбектен: ол – шөбере, мен – немере, «біз Ергөбек қағанатын құрып жатыр­мыз» деп әзілдесіп, қалжыңдасып жү­ретін едік. Ол өмірде қанша қиындық көрсе де, өзі өмірін арнаған, талантын, қуа­тын жұмсаған сатира жанрының мінезімен күле қарап, күшеніп жү­руші еді. Оның жасаған сати­ралық дүниелері қазақ сатирасын Оспанхан биігіне жеткізген, Ос­панхан биігінен сатираны әрегірек апарып, жаңа жанрлық сипат, жа­ңа жанрлық түр берген азамат еді. Ол жазбаша ғана сатирик емес, ауызша да аузынан күміс күлкі төгілген, нағыз күлкінің күлігі еді. Оның аузынан шық­қан әрбір сөз афоризмге айналып, қорғасыннан құйғандай, ауыздан ауызға сол заматта тарап жөнелетін. Көпе­кең­нің тума талант екенін дәлелдейтін мұндай сәттер өте көп. Өліміне тіп­ті күліп кетті дейтінім, қатты сыр­қатқа жолыққанда да мұңайған жоқ. Обыр оның әуелі бетінің бір жартысын ісіріп жіберді. Соның өзін қалжыңмен көм­керіп, «бір бетім жоқшылықтың, бір бетім тоқшылықтың белгісі» дейтін еді әзілдеп. Соңғы сырқаты ауыр тисе де, жанға батқан қасіретін өзінің шуақ­­ты юмо­рымен қабылдап жат­ты. Бір ғана сөз: «Сүт кенжем Жұ­банышты мектепке апа­рып үлге­рем бе, үлгермеймін бе деп едім, үлгердім. Ал енді үйленгенін көр­сем бе деп едім, оған үлгермейтін сияқ­тымын», – деп қоштасты. Көпекеңнің қаламынан туған әрбір сатиралық шығармасынан бөлек, «Көпен келе жатыры», күні кеше ғана соңғы нүктесін қойған «Жол-жөнекейі», мұның бәрі де халқымызға құнарлы мирас болып қаларына сенемін. Кө­пекең мына өмірге жылап келіп, бүкіл қазақты күлдіріп тіршілік етіп, өзінің ауыр қазасымен жұртын жы­ла­тып, кетіп бара жатыр деп ойлаймын. Қош, қимас аға!

Құлбек ЕРГӨБЕК, сыншы, профессор

  Бақұл бол, асыл аға! Мен Көпен көкемді көргенде Аристотельдің бас сүйегін көр­гендей болатынмын. Бұл да бе­керден бекер болатын ассо­циация емес. Комик Алексид баснописец Эзопты жеті да­ныш­панның бірі ретінде қарастырар ма еді, егер сатираның фи­ло­софиямен қатысы болмаса. Шынында да, философ болу үшін жартылай сатирик болу шарт, ал сатирик болу үшін жартылай философ болуың керек. Міндетті түрде. Содан болса керек, Көпен ағамды көргенде философты көргендей болатыным. Иә, философия – Ақиқат. Ал оны сатирасыз айту мүмкін емес. Бірінсіз бірінің күні қараң. Екеуінің бір-біріне тартылыс күшін өзара тартылыс күші деп атаған дұрыс болар еді. Мұнда тепе-теңдік басым. Мұнда гармония басым. Екеуі домбыраның қос ішегі сияқты. Екеуі бір-бірімен бір сызықтың бойында кездеспейді. Бірақ екеуін бірге шертсең, жаңа тартылыс күшіне тап боласың. Бұл – ой мен сөздің тартылыс күші. Көпен аға маған осындай ғажап гравитациялық құбылыстың дириже­ріндей әсер қалдыратын. Көпен ағаның көзі Көпеннің көркін ашып тұратын. Шымкенттің ашық-шашық жататын дарбазасы сияқты. Көзіне кіріп кете барасың. Көпен ағаның көзі оның бар болмыс-бітімін алдыңа жайып салатын. Көпеннің қой аузынан шөп алмайтын жуастығын да көзінен байқайсың. Көпеннің ала жіпті аттамайтын адалдығы да көзінен көрінетін. Ең аяғы ат аунағанша, ақыл тауып кететін тапқырлығын да көзі айтып тұратын. Сондай асыл ағамыздан айырылып қалдық. Құдайға кім қылыш алып жүгірген?! Құдай салды, біз көндік. Бақыл бол, асыл аға! Алла панасына алсын!

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ, жазушы