Күріш сабанын кәдеге жаратқан шаруа
Күріш сабанын кәдеге жаратқан шаруа
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
3,463
оқылды
Ырысты, күрішті Сыр өңірінде іргелі шаруашылық саналатын «Абай-Дәулет» ЖШС күріш сабанын өңдеу арқылы егістік алқапты құнарландыратын тыңайтқыш шығаруды қолға алып отыр. Талай игілікті істің бастамасы болып жүрген шаруашылықтың бұл жобасы көпшілік тарапынан зор қолдау тапты. Жалпы, Сырдария ауданына қарас­ты Бесарық ауылындағы бұл шаруа­шылық өз иелігіндегі 1 000 гектарға жуық жерге күріш дақы­лын егіп, жылма-жыл мол өнімге кенеліп келеді. Жуырда ғана атал­мыш шаруашылық Қызылорда қаласының мерейтойына орай 40 қазан палау пісіріп, ел алғысына бөленген еді. Енді бұл жолы қолда бар дүниені кәдеге жарату арқылы тыңайт­қыш шығару жобасын бастап жатқаны мәлім болды. Бұған дейін шаруашылық күріш алқабын құнарландыру мақсатында қажетті тыңайтқыш­тарды сырттан та­сы­малдап отырған. Оған қыруар қар­жыны сарп ететін. Оны елімізге жет­кізуге де аз қаржы жұмсалмайтын. Одан басқа да көптеген қиындық болатын. Соған орай егістіктен шыққан күріш сабаны, малдың көңі мен калифорниялық құрттың кө­мегімен арнайы тыңайтқыш да­йын­дауды қолға алуды ұйғарып­ты. Тыңайтқышты өндіруді бір айға жуық уақыт бұрын қолға ал­ған серіктес­тіктің нәтижесі де кө­ңіл көншітерлік. Қазір тыңайт­қыш өндіруге қажетті аралас­тыр­ғыш құрылғыны Қытайдан, Аста­на қаласынан арнайы тапсырыс­пен алдыруды көздеп отыр.
«Бұл кәсіпті бастағанымызға 1 ай уақыт болды. Тыңайтқыш өндіруге қа­жетті техника­ларды ли­зингтік жолмен алдырып жа­тыр­мыз. Соның негізінде 14 млн теңгеге елімізден, 16 млн теңгеге көршілес Қытай мемлекетінен арнайы тапсырыспен техника ал­дыруға жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жалпы, бұл жоба­ның құны 60 млн теңгені құрайды. Осын­дай қомақ­ты қаржыны бөлу арқы­лы жұмы­сы­мызды бастап жатқан жайы­мыз бар. Осы бастаманың негі­зінде бүгінде 12 адам тұрақты жұмыспен қам­тылып отыр. Келешекте жұ­мыс­шы санын 30 адамға көбейтуді көздеп отырмыз. Біздің негізгі мақсатымыз – дайындалған ты­ңайт­қышы­мызды көк­тем мезгі­лінде өзіміздің күріштік алқап­қа пайдалану. Сонымен қатар алма бағы­мызға, аллеямызға қолдан­бақшы­мыз. Өндіріл­ген тыңайт­қыштан қосым­ша табыс көзін табу ойымыз жоқ», – дейді «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев.
Серіктестік директорының сөзінше, бұған дейін тыңайтқыш алуға жылына 80 млн теңгеге жуық қаржы жұмсайтын көрінеді. Тыңайт­қыш­ты өздеріне дайындау арқылы, қаржы үнемдеуді мақсат тұтып отыр. Негізінен, тыңайтқышты мал­дың көңі, күріш сабаны және калифорния­лық шылаушын құр­ты­ның көмегімен дайындауды қол­ға алған. Шылаушынды арнайы тапсырыспен Алматыдан алды­рыпты. Бүгінде келер жыл­дың еншісіне 200 шаршы метр құрт­ты дайындап қойған. Серік­тес­тік директорының ай­туынша, тыңайт­қышты дайындаудың бұл әдісі арқылы қорша­ған ортаны зиянды заттардың таралуынан қор­ғауға жол ашылады.
«Жалпы, диқан қауымы жылда егіс­тіктен шыққан күріш сабанын тек өртеу арқылы жоятын еді. Мұның қоршаған ортаға зияны шаш етектен болатын. Осы жайын ойлана келе сабанды кәдеге асыратын жолын таптық. Яғни, күріш сабаны мен қоқысқа тастап жүрген мал қиын араластырып, оны бактерия арқы­лы сәл шіріндіге айналдырып, Кампос жасаудамыз. Ал дайын болған кампосқа калифорниялық шылау­шын қүртын салып, Биогумус жасау­ды қолға алдық. Бұл дегеніміз – 100 гектар жерді күріш сабанынан арылу мақсатында өртемей, топырақтың жоғары қабатын­дағы минералдарды сақтап қала аламыз деген сөз», – деп түсіндірді серіктестік директоры.
Бұған дейін серіктестік қоқыс­қа тас­та­лып, өртеу арқылы жойыл­ған күріш қылығын пай­даға асы­ру­дың жолын Аустралияға барған сапарында меңгеріпті. Соның арқасында бүгінде күріш қылығы­нан аралас жемге арнал­ған арнайы қоспа да дайындауда екен. Ал тың әдіспен дайындалған органика­лық тыңайт­қышты келер жылы өзінің егістік алқабына пайдала­нып көруді көздеп отыр.

Қызылорда облысы