Күріш ексек, Сыр сарқыла ма?
Күріш ексек, Сыр сарқыла ма?
© коллаж: Елдар Қаба
431
оқылды
Күріш егуімен даңқы шыққан Сыр өңірінің диқандары үшін биыл тағы да су тап­шы­лығы болатын сыңайлы. Қыстың жылы болуы, қардың аз түсуі егіске қажет ылғал­дың ғана емес, Сырдария суының да төмен болуына әсер етуі мүмкін. Ал күріш суда өсетін дақыл. Оның үстіне дария суы диқандарға ғана емес, Кіші Аралға да керек. Жыл өткен сайын күріш егетін қызылордалық диқандардың тір­шілігіне тықыр таянып барады. Биыл өңірдегі жалпы күріш алқа­бын тағы 3 600 гектарға қысқартуға мәжбүр болғалы тұр. Егін егуге шамасының жетпегенінен емес, Сырдарияның сарқылып бара жатқанының кесірінен. Себебі гидромамандар өзеннің су көлемі былтырғыдан да аз болмағын айт­қан. Жалпы, 2020 жылға дейін Сыр өңірінде шамамен 90 мың гек­тар жерге күріш егіліп келген болатын. 2020 жылы 5,1 мың гек­тар күріш алқабы су тапшылығына байланысты қысқарған. Биылғы жағ­дайды айттық. Сонда айнал­дырған екі жылдың ішінде 9 мың гектерға жуық алқапқа күріш егіл­мейтін болды. Ал су тапшылы­ғы­ның кесірінен бұлай жалғаса бер­се, біраз егістікті жоғалтып ал­маймыз ба? Дегенмен бұл жағдай алдын ала болжанып қойған. Мамандар күріш алқабының көлемі азай­маса, Аралға тамшы су бармай, Сырдарияның азын-аулақ суын сарқып бітерімізді талай айтты. Кейінгі уақытта теңіздің су деңгейі 6 метрге дейін төмен түскен. Со­ған байланысты шаруашылық төрағаларының ақылдасып, қа­былдаған шешімі – осы. Былтыр Экология министрлігі алдағы 10 жылда 29 мың гектар күріш егіс­тігін қысқартуды жоспарлап отыр­ғанын айтты. Демек, жыл сайын қамбаға түсіп келген күріш мөлшері онжылдықта шамамен 35 пайызға азаюы мүмкін.

Егін алқабы қысқарса да болмайды

Еліміздегі су ресурсының 70-90 пайызы ауыл шаруашылығына кетеді. Көбін суармалы егіндікке жұмсаймыз. Енді су тапшы кезде үнемдеу үшін егін көлемін қыс­қарта береміз бе? Сөйтсек, тығы­рықтан шығатын жол бұл емес екен. Қараңыз, егер Қызылорда өңі­ріндегі күріш алқаптарын күрт азайтса, топырақ тұздана береді. «Олай тартсаң, өгіз өледі, бұлай тартсаң, арба сынадының» кебі. Ексек, су шығындаймыз, екпесек топырақ тұзданады. Себебі өңір­дегі егіс алқаптарында топырақ­тың 35 пайызы – қатты, қалған 65 пайызы – орташа тұзданған. Яғни, күріштіктегі судың басым бөлігі егін суаруға емес, топырақ тұзын шаюға кеткен. Сонда не істейміз? Абырой болғанда Эко­логия министрлігі бұның шешімін қарастырып қойған екен. Күріш­тік көлемі қысқарады, ал босаған егістік жерге суды аз қажет ететін жоңышқа, бидай, арпа тәрізді да­қылдар егіледі. Осылай егін ша­руа­шылығы әртараптанады. Со­ның арқасында суды үнемдеп, то­пырақ қалпын сақтауға мүм­кіндік бар. Қазір облыста 9 мың гектардан астам жерге дақылдар егілетін болған. Әзірге бұл амал қан­дай нәтиже беріп жатқаны бел­гісіз. Дегенмен жауаптылардың сол нәрсені ескергеніне разы бол­дық. Су саласының мамандары да бұны құптап отыр. Қазақстан су шаруашылығы қауымдастығының президенті Нұрлан Атшабаров жауаптылардың күріштен басқа дақылдарды егу жоспары жөн екенін айтты. Оның үстіне, су тап­шылығының кесірінен егістік қыс­қарып жатқаны тек елімізге тән проблема емес екен. – Су тапшылығы қазір Сыр аймағының ғана мәселесі емес. Мысалы, Түркістан, Жамбыл, Ал­маты облысындағы егістіктерге де су жетпей жатыр. Алдағы уақытта гидромамандар болжам шыға­рады. Бұл тұста «егістікті азайт­тық» деп байбаламға салуға бол­майды. Себебі экологиялық мә­селелердің астары тұр. Жауап­ты­лар әдейі істеп отырған жоқ. Мысалы, күріш алқабы қысқар­ға­н­ымен, суды аз қажет ететін басқа дақылдарды егу жоспарланған. Су тапшылығы енді ұлғая береді. Бір күнде шешілер мәселе емес. Су­дың басым бөлігі өзге елдерден келеді. Олардың жіберуге тиіс суды азайтып немесе пайдаланған суды беріп отырғаны жайлы түрлі әңгіме бар. Ал осы жерде су мәсе­лесін қарастыратын халықаралық ұйым өкілдері еңбектенуі тиіс. Бірінші кезектегі тиімді пайда­лануды ғана ойламай, екіншіден, келіп жатқан суды зерттеп, нақты мөлшерін анықтап, кем-кетігі бол­са түсіндіруіміз қажет. Өзге елдердің өзі су тапшылығынан қи­налып отыр. Тау мұздықтары ері­ді. Кезінде Сібірдің мұздық­тарын ерітіп, елге су жеткізу жай­лы мәселе көтерілген. Бірақ Ре­сейде де су тапшы. Егер көрші ел Сібір мұздықтарынан су алатын болса, бізге де келетін көлем ұл­ғаюы мүмкін еді, – дейді маман. 30 жыл бұрынғы Ресей гидро­логиялық институтының бағалауы бойынша, еліміздегі су қоры 126 текше шақырым болған екен. Оның 66,8-і жергілікті, 59,8-і трансшекаралық су. Тәуелсіздік жылдары су ресурстары 25 текше шақырым, жергілікті ағын 10,3 текше шақырым, трансшекаралық ағын 15,2 текше шақырым кемі­ген. Оның негізгі себептері сол баяғы, ғаламдық және аймақтық климаттағы өзгерістер, еліміздегі және көршілеріміздегі өзен алап­тары мен аңғарларының шаруа­шылық мақсатта бірнеше еселеп жұмсалуы. Демек, барлық елдің егі­ні суды ысырап еткендей кө­рінеді. Біз осы тұста мына дүние­лерге көз жеткізгіміз келеді: ра­сында Қызылорда облысында су тапшы ма, нақты есебі қандай? Көрші өзбек елі жіберуге тиіс суды әдейі азайтып отыр ма? Егер осы­ның бәрі расталса, мәселе халық­аралық деңгейде көтерілуі қажет. Әйтпесе су тапшылығы соңғы кезде «қалыпты мәселе» саналып барады.

Сақтап отырған суымыз бар ма?

Түркістан мен Қызылорда об­лысында егінге су жетпей, жиі шу шығады. Қалған жерлерде бұл проблема әлі өткір фазасына өте қоймаса да, соған жақындап келеді. Биылғы болжам да диқан­дарды қуантқалы отырмағаны анық. Сырдария өзенінде су кө­лемі жыл сайын азайып бара жат­қанының зардабын бәрінен бұрын жергілікті шаруалар тартып отыр. Әзірге амал сол, тек өсірілетін күріш егіншілігінің көлемін қыс­қартуға мәжбүр. Мәселенің төр­кіні жыл сайынғы лимит мәселе­сінде де жатыр. Бір ғана Қызыл­орда облысына жылдық орташа көрсеткіш бойынша 4 млрд текше метр су керек екен. Оның өзін де жарытып жинай алмай отырмыз. «Арал-Сырдария» бассейні инс­пекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов те судың жыл сайын азайып бара жатқанын растап отыр. – Алдағы уақыттағы суға қатысты болжам 10 наурызда шығады. Негізі, біздегі Шардара су қоймасының жобалық сы­йымдылығы – 5,2 млрд текше метр. Биыл су мөлшері былтыр­ғымен шамалас болып тұр. 2021 жылы 4 млрд текше метр болған, биыл 4,3 млрд текше метр су бар. Ал Көксарай су қоймасының сыйымдылығы – 3 млрд текше метр. Былтыр 1,1 млрд текше метр су бар еді, биыл жиналған жоқ. Себебі соңғы 2-3 жылда Өзбек­станнан келетін су азайды. Сырт­тан келетін су мәселесін Экология министрлігі шешпесе, біз ықпал ете алмаймыз. Жобалауымыз бойынша, Арал теңізінде 20 млрд текше метр су тұр. Былтыр теңізге 1,2 млрд текше метр су жібердік. Қазіргі жағдайымызды ескерсек, бұл аз емес, – деді ол. Сонда екі су қоймасын қарай­тын болсақ, былтыр 5,1 млрд текше метр су болған. 700 миллион текше метрді жоғалтып, биыл 4,3 миллиардқа түсіп отыр. Азайып бара жатқанының дәлелі. Яғни, күріш алқабы бекерден-бекер қысқармаған екен.

ТҮЙІН:

Кейінгі уақытта бастауын өзге елдердің шекарасынан алатын өзен­дер құрғаудың алдында. Ма­мандар көршілерімізден келетін су мөлшерінің азайғанын жиі айтып жүр. Экология министрлігі мәселені халықаралық деңгейде көтеруге тиіс секілді. Әйтпесе су үнемдейміз деп диқандар егіннен қағылды. Ал ол пайдасын бере қойса бір сәрі.